Мәңгілік өмір адамды жалықтыра ма?
Оқырман сауалдары
Мәңгілік өмір адамды жалықтыра ма?
▪ Киелі кітапта жер беті жұмаққа айналып, әділдер онда мәңгі жасайды деп айтылған (Забур 36:29; Лұқа 23:43). Алайда мұндай өмір адамды жалықтырмай ма?
Бұл көңіл қоюға тұрарлық мәселе. Зерттеулерге сай, адам зерігетін болса, оның мазасы қашады, жан күйзелісіне түседі, тіпті өмірін қатерге тігуге бейім болады. Мұндай адамдар күйбең тірліктен шаршаған не оларға өмірлері мақсатсыз өтіп жатқандай көрінеді. Ал жұмақта өмір сүретін адамдардың мақсаты бола ма? Күнделікті тіршіліктері жалықтыра ма?
Біріншіден, мәңгі өмірді кімнің ұсынып отырғанына назар аударайықшы. Оны ұсынып отырған Киелі кітаптың Авторы — Ехоба Құдай (Жохан 3:16; Тімөтеге 2-хат 3:16). Ал оның басты қасиеті — сүйіспеншілік (Жоханның 1-хаты 4:8). Ехоба Құдай адам баласын қатты жақсы көреді әрі бізді қажеттінің бәрімен қамтамасыз етіп отыр (Жақып 1:17).
Жаратқан Иеміз адамның бақытты болуы үшін оған мағыналы жұмыс қажет екенін біледі (Забур 138:14—16; Екклесиаст 3:12). Жұмақтағы адамдар қандай да бір тапсырмаларды роботтар сияқты істемейді, қайта мағыналы да қызықты іспен айналысады. Әр адам өз еңбегінің зейнетін көреді (Ишая 65:22—24). Егер өзіңізге ұнайтын, жасампаздық сияқты қабілеттерді іске қосуды талап ететін жұмысыңыз болса, өмірден зерігер ме едіңіз?
Екіншіден, Ехоба Құдай кез-келген адамның жұмаққа кіруіне жол бермейді. Мәңгілік өмір сыйы тек Иса пайғамбардан үлгі алатын адамдарға беріледі (Жохан 17:3). Жердегі өмірі кезінде Иса шын көңілден Құдай еркін орындаған. Ол ізбасарларына алғаннан гөрі берген бақытты екенін сөзімен де, ісімен де көрсеткен (Елшілердің істері 20:35). Жұмаққа айналған жерде өмір сүретін адамдар Құдай мен маңайындағы адамдарды сүюге талпындыратын екі ұлы өсиетке сай жүріп-тұратын болады (Матай 22:36—40). Өзімшіл емес, сізді жақсы көретін және жұмысына жанын салатын адамдардың арасында өмір сүріп жатқаныңызды көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Мұндай өмір сізді жалықтырар ма еді?
Жұмақтағы өмірдің тағы бір қырына көңіл бөлейік. Ол кезде Жаратушымыз туралы біліміміз күннен-күнге арта түсетін болады. Бүгінгі күннің өзінде ғалымдар жаратылыс әлеміндегі көптеген жаңалықтарды ашуда (Римдіктерге 1:20). Дегенмен де бұл саладағы біліміміз өте аз деуге болады. Бірнеше мың жыл бұрын Әйүп пайғамбар Құдайдың жаратылыстары туралы ой жүгірте отырып келесідей тұжырым жасады: “Мұның барлығы оның жолдарының шеті ғана. Ол туралы тек сыбыр ғана естідік. Ал құдіретінің күркірін кім түсіне алады екен?” (Әйүп 26:14).
Тіпті мәңгі жасасақ та Ехоба Құдай мен оның жаратылыстары туралы білімнің түбіне жете алмаймыз. Киелі кітапта айтылғандай, Құдай адамның жүрегіне мәңгі өмір сүруге деген ықылас ұялатқан. Сондай-ақ онда адамдар “Құдайдың жасап келген істерін басынан аяғына дейін ешқашан түсіне алмайды” делінген (Екклесиаст 3:10, 11). Ендеше, қалай ойлайсыз, Жаратушы туралы білім алудан жалығу мүмкін бе?
Қазірдің өзінде Құдайға мадақ әкеліп, өзгелерге игілік жасайтын адамдар зерігу дегенді білмейді. Егер біз де осындай іске барынша атсалысатын болсақ, тіпті мәңгілік жасасақ та, еш жалықпасымыз шүбәсіз.
[15-беттегі түпдерек]
Earth: Image Science and Analysis Laboratory, NASA-Johnson Space Center; Galaxy: The Hubble Heritage Team (AURA/STScI/NASA)