Қанағат қарын тойғызар
“КӨРПЕҢЕ ҚАРАЙ КӨСІЛ”. Бұл сөздердің мағынасы бәрімізге аян: біз шама-шарқымызға қарай өмір сүруіміз қажет.
Мұндағы көрпені ай сайынғы табыс көлемімен, ал аяқ созуды шығынмен салыстыруға болады. Мәселе аяғымыздың көрпеден шығып кетпеуінде, яғни шығынымыз кірісімізден асып кетпеуі керек.
Бірақ айтуға оңай болғанымен, бұлай ету әркімнің қолынан келе бермейді. Егер адамдар осы кеңеске сай өмір сүргенде көптеген қиыншылықтарды айналып өте алар еді. Олай болса, қалай осы кеңеске сай өмір сүруге болады? Осылай өмір сүруге көмектесетін басшылықты қайдан табамыз? Киелі кітапта осы мәселеге қатысты көптеген пайдалы кеңестер бар. Қазір соларды қысқаша қарастырып өтейік.
Көмек көзі болып табылатын Киелі кітап кеңестері
Киелі кітапта қаржыны дұрыс жұмсауға қатысты көптеген тиімді кеңестер жазылған. Біз қазір олардың бірнешеуін ғана қарастырамыз. Алғашында тиімсіздеу көрінсе де, сізді келесі кеңестердің үстінен ой жүгіртіп көруге шақырамыз.
Жоспар немесе бюджет құрыңыз.
Ақшаны тиімді жұмсау үшін, қанша кіріс кіретінін және оның қайда кетіп жатқанын білу қажет. Киелі кітапта былай делінген: “Ұқыптының ой-ниеті дәулетке бастар, тым асыққан тапшылыққа ұшырар” (Нақыл сөздер 21:5). Кей адамдар әр хатқалтаға “тамақ”, “пәтерақы”, “киім” сияқты шығын түрлерін жазады. Сөйтіп ол хатқалталарға тиісінше ақша бөліп қояды. Сіз бюджет құрудың тиімдірек жолын білетін шығарсыз, бірақ ең бастысы ақшаның қайда кетіп жатқанын біліп отырыңыз және бірінші кезекте үлде мен бүлдеге орануды емес, өзіңізді ең қажетті заттармен қамтамасыз етуді ойлаңыз.
Басқаның затына қызықпаңыз.
Дамушы елдерде тұратын көп адам дамыған елдердегі адамдарда бар нәрсеге ұмтылады. Кейбіреулер көршілерінің мақтаныш санайтын затына қол жеткіземін деп өздерін тығырыққа тіреп қояды. Мүмкін, көршісі мұны сатып алу үшін қарызға батқан шығар. Неге өзге біреудің ақымақтығын қайталап қарызға батуымыз керек? Киелі кітап былай деп ескертеді: “Ашкөз адам баюға асықса да, Жоқшылыққа ұшырарын аңғармайды” (Нақыл сөздер 28:22).
Қарапайым өмір сүріңіз.
Иса пайғамбар шәкірттеріне қарапайым болуға кеңес берген (Матай 6:22). Қалтаң көтермейтін нәрсеге көз салу қаржы жағынан қиындыққа ұшыратады. Азия даму банкінің мәлімдеуінше, Филиппиннің шамамен әрбір үшінші тұрғыны және Үндістан халқының жартысынан көбісі Азиядағы кедейлік шегінен (1,35 АҚШ доллары) төмен жағдайда өмір сүреді. Кіріс көлемі осындай аз болғанда ең қажетті нәрселерге ғана көз салу даналық болып табылады. Алайда тіпті дамыған елдерде тұратын адамдар да осы кеңесті ұстанар болса, көптеген қаржы қиындықтарын айналып өте алар еді.
Ең қажетті нәрселерді қанағат етіңіз.
Бұл қарапайым өмір сүруге қатысты кеңеспен тығыз байланысты. Киелі кітапта: “Ішер ас, киер киім және баспана болса, соны қанағат етейік”,— делінген (Тімөтеге 1-хат 6:8). Дүниедегі ең бақытты адамдардың кейбірі дәулетті тұрмайды, қайта олар барды қанағат етуді үйренген. Олар тек дүние-мүліктен ғана емес, отбасы мен достарының сүйіспеншілігінен де қанағат алады (Нақыл сөздер 15:17).
Бекерге қарызданудан сақ болыңыз.
Киелі кітапта: “Бай адам жарлыға үстемдік құрар, Қарыздар қарыз бергеннің құлы болар”,— деп қаншалықты дұрыс айтылған десеңізші (Нақыл сөздер 22:7). Әрине кейде қарыз алуға тура келеді. Дегенмен өзіне ұнаған нәрсені алуға бола бекерге қарызданатын адамдар қаржы қиыншылығына душар болып жатады. Әсіресе, несие карточкасын қолданатын адамдар осындай қиындыққа ұшырауы мүмкін. “Тайм” журналында былай делінген: “Қолында несие карточкасы бар адам ақшаны ысырап етіп, көзіне көрінген нәрсені сатып ала беруге бейім болып кетуі ықтимал”. Филиппинде тұратын Эрик былай дейді: “Несие карточкасын қолданған кезде мен қолма-қол ақша жұмсаған кездегіден гөрі көп зат сатып аламын. Нәтижесінде төлемдер төлейтін уақыт келгенде, ақшам жетпей қалады”. Сондықтан несие карточкасын қолданған кезде өте-мөте абай болғанымыз қандай даналық болар еді десеңізші! (Патшалықтар 4-жазба 4:1; Матай 18:25).
Ақша жинаңыз.
Бір зат сатып алу үшін ақша жинау ескірген әдет болып көрінетін шығар, бірақ бұл қаржы қиындығына ұшырамаудың ең дана жолдарының бірі. Осылай істеу арқылы көптеген адамдар қарыз алудан және пайыздық үстемесінің өсіп кетуі сияқты оның қосымша қиындықтарынан сақтанады. Киелі кітапта құмырсқа “дана” деп аталған, өйткені ол болашақ азығын “орақ кезінде” жинап алады (Нақыл сөздер 6:6—8; 30:24, 25).
Өзгелерден үйреніңіз
Әрине, жоғарыда қарастырылған Киелі кітаптың кеңестері жақсы-ақ сияқты. Бірақ олар шын мәнінде тиімді ме? Қазір осы кеңестерді ұстанғандары біраз кісілерге қаржы қиындықтарын жеңуге қалай көмектескенін қарастырайық.
Төрт баланың әкесі Диосдадо соңғы қаржы дағдарысының салдарынан отбасы қажеттіліктерін қамтамасыз ету қиындап кеткенін мойындайды. Сонымен қатар ол жоспар құрудың пайдалы екенін де түсінеді. “Мен өзім тапқан әр тиынды есепке аламын,— дейді ол.— Барлық алатын заттарымның тізімін жасаймын”. Данило да осы
принципті ұстанады. Әйелі екеуінің кішігірім бизнесі тоқтап қалған болатын. Олар ақшаны жеткізу үшін бюджет құрады. Данило былай дейді: “Біз ай сайын қанша кіріс кіретінін және оның нешесі төлемдерге кететінін анықтаймыз. Соның негізінде қанша ақша жұмсай алатынымызды мұқият талқылаймыз”.Құрған бюджетке сай өмір сүру үшін кейбіреулер қандай да бір салаларда шығынды азайту қажет екенін түсінген. Үш бала өсіріп отырған жесір әйел Мирна былай дейді: “Балаларыммен бірге қауым кездесулеріне қоғамдық көлікпен емес, жаяу баруды шештік”. Мирна балаларына қарапайым өмір сүрудің маңыздылығын үйрету үшін көп күш салады. “Мен барды қанағат етудің маңыздылығы туралы жазылған Тімөтеге 1-хат 6:8—10 тармақтардағы принципті ұстануға қатысты балаларыма жақсы үлгі көрсетуге тырысамын”,— дейді ол.
Екі баланың әкесі Джеральд та осылай істейді. Ол былай дейді: “Киелі кітапты отбасымен бірге зерттеу кезінде біз көңіл аударуға тұрарлық нәрсеге, яғни рухани нәрселерге, назарын тіккен мәсіхшілердің өмір-баянын зерттейміз. Соның арқасында жігерлендірерлік нәтижеге қол жеткізіп жатырмыз. Біздің балаларымыз аса қажет емес заттарды сатып әперуді талап етпейді”.
Салтбасты Джанет Филиппинде Киелі кітапқа негізделген ағарту ісіне атсалысатын толық уақытты ерікті қызметші. Жақында жұмысынан айырылып қалған ол ақшаны үнемдеп жұмсауға тырысады. “Мен өзімді тізгіндеп отырамын әрі ақшамды қысып ұстаймын”,— дейді ол.— Сауда орталығына бармай, арзан дүкендерді іздеймін. Өйткені арзанырақ алуға болатын заттарды қымбатқа алудың еш қажеті жоқ деп есептеймін. Сондай-ақ мен жоспарламаған заттар сатып алмаймын”. Джанет ақша жинаудың да тиімді екенін түсінеді. “Кішкене болса да ақшам артылса, оны жинауға тырысамын. Күтпеген жерден ақша керек болып қалса, соны пайдаланамын”,— дейді ол.
Несие карточкаларына қатысты жоғарыда аты аталған Эрик былай дейді: “Несие карточкаларын шұғыл түрде ақша қажет болғанда ғана қолданамын”. Диосдадо мұндай ойды құптап: “Өз-өзімді ұстай алмай бекерге ақша шашпау үшін несие карточкамды офисте қалдырып кетемін”,— дейді.
Көрпеңізге қарай көсілу қолыңыздан келеді
Көріп отырғанымыздай, Киелі кітапта негізінен рухани нәрселерге назар аударылғанымен, онда қаржы жағынан қиналмауымызға көмектесетін кеңестер де бар (Нақыл сөздер 2:6; Матай 6:25—34). Осы мақалада аттары аталған адамдар сияқты, Киелі кітаптағы ақыл-кеңестерге құлақ асатын болсаңыз, сіздің де аяғыңыз көрпеңізден шығып кетпейді. Ал көптеген адам көріп жатқан уайым-қайғы сізді айналып өтетін болады.