Кел, балақай, оқиық!
Олар “күн күркірінің ұлдары” деп аталды
АУА РАЙЫ бұзылған кездері күннің күркірегенін естігенсің бе? Сонда қорқып кеткен шығарсың, солай ма? ~ * Иса пайғамбар екі шәкіртін “күн күркірінің ұлдары” деп атаған. Не себепті? Кел, көрейік.
Бұл екі шәкірт Жақып пен Жохан есімді ағайындылар еді. Олар Зебедей мен Саломидің ұлдары. Саломи Исаның анасы Мәриямның әпкесі болса керек. Осылайша Жақып пен Жохан Исаның бөлелері болған және олар дос болып қатар өскен көрінеді.
Зебедей де, оның екі ұлы да балықшы еді. Иса Жақып пен Жоханды алғашқы ізбасарларының бірі болуға шақырды. Исаның шақыруын қабыл алған ағайындылар балық аулау ісін бірден тастап, оның соңынан ерді. Кейінірек Иса ізбасарларының 12-сін елші етіп таңдағанда, Жақып пен Жохан солардың арасында болды.
Өлерінен бірнеше ай бұрын Иса елшілерімен бірге Самарияның таулы аймағы арқылы өтті. Кеш батып қалған еді әрі барлығы да қатты шаршаған болатын. Бірақ самариялықтар Иса мен оның елшілерін өз қалаларында қондырғылары келмейтінін айтты. Неге екенін білесің бе? ~ Кел, көрейік.
Иса мен оның елшілері яһудилер еді, ал яһудилердің көбісі самариялықтарды жек көретін. Бірақ Иса ешқашан олай етпейтін. Ол самариялықтарға мейіріммен қарайтын. Жақып пен Жохан да солай ету керек еді. Алайда олар самариялықтардың жылы
қарсы алмағандары үшін ашуланып: “Ием, көктен от түсіп, оларды жойсын деп бұйырғанымызды қалайсың ба?”— деп сұрады. Исаның бұған не деп жауап бергенін білесің бе? ~ Иса олардың бұлай деуі дұрыс емес екенін айтты. Иә, Жақып пен Жохан мейірімді болуды үйренулері керек еді.Ағайындылардың тағы бір қателігі — олар басқалардың ішінде ең бірінші әрі ең маңыздысы болғылары келді. Исаның өлуіне аз уақыт қалғанда, Жақып пен Жохан оған аналарын жіберіп, былай дегізді: “Патшалығыңда екі ұлымның бірін оң, екіншісін сол жағыңа отырғызамын деп уәде етші”. Өзге он елші бұлардың не істегенін білгенде, наразы болды. Бұл сенің де ашуыңа тиер ме еді? ~
Иә, басқалардың ең бірінші әрі ең маңызды болуға тырысқаны ешкімге де ұнамайды. Кейінірек Жақып пен Жохан мейірімсіз әрекет еткендерін түсініп, көп өзгерді. Олар сүйіспеншілігі мол, қайырымды елшілер болды. Бұдан не нәрсеге үйренеміз? ~
Біз Иса пайғамбар сияқты өзгелерге мейіріммен қарауымыз керек. Иса барлық адамға: ерлерге де, әйелдерге де, балаларға да — қайырымдылық танытқан. Исаның үлгісін әрдайым есте ұстап, оған барынша еліктегің келе ме? ~
Киелі кітабыңнан оқы
^ 3-абзац Сұрақтан кейінгі тильда (~) белгісі келгенде, кідіріс жасап, баланы өз ойын айтуға талпындырсаңыз болады.