Мазмұнға өту

ОТБАСЫ БАҚЫТЫНЫҢ СЫРЫ

Ата-ананың бірі өгей болғанда туындайтын қиындықтармен күресу

Ата-ананың бірі өгей болғанда туындайтын қиындықтармен күресу

АВСТРАЛИЯДАҒЫ МАРГАРЕТ * ЕСІМДІ ӨГЕЙ АНА: “Күйеуімнің бұрынғы әйелі қыздарына менің айтқандарымның ешқайсысын, тіпті “тісіңді тазалауды ұмытпа” деген қарапайым сөздерімді де тыңдамаңдар деп үйретеді”. Маргареттің ойынша, мұндай жік салудың кесірінен оның некесінде қиындықтар туындауда.

Ата-ананың бірі өгей отбасының кезігетін қиындықтары ерекше. Мысалы, бұрынғы жұбайымен, достарымен және туыстарымен араласқанда қиындықтар туындауы мүмкін *. Туған әкесі не анасына баласымен кездесуі, жөнге салуы не ақшалай көмектесуі қажет болғанда, өгей әкеге не анаға олармен араласу керек болады. Туыстары мен достарына да жаңа отбасы мүшесіне үйрену оңай болмауы мүмкін. Мұндай қиындықтармен күресуге Киелі кітаптағы кеңестердің қалай көмек болатынын қарастырып көрейік.

1-ҚИЫНДЫҚ: БАЛАНЫҢ ТУҒАН АНАСЫ НЕ ӘКЕСІМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

Намибияда тұратын Джудит есімді өгей ана былай дейді: “Менің өгей балаларымның анасы бірде оларға менің бар болғаны әкелерінің жаңа әйелі екенімді және біздің балаларымыз оларға ешқандай да бауыр болмайтынын айтыпты. Бұл сөздер маған ауыр тиді, өйткені мен оларды өз балаларымдай жақсы көремін ғой”.

Сарапшылар өгей әке не анаға баланың туған әкесі не анасымен қарым-қатынас жасау қиын әрі дау тудыратын мәселе екенімен келіседі. Әсіресе туған ана мен өгей ананың арасында жиі қиындық болып жатады. Оларға не көмек бола алады?

Қиындықты шешудің жолы: Ақылға қонымды шектеулер қойыңыз. Егер сіз бұрынғы жұбайыңызға балаңыздың өміріне араласуға тыйым салсаңыз, балаңыз эмоциялық жағынан қиналуы мүмкін *. Қанша дегенмен өзін “дүниеге келтірген” ата-ана баланың өмірінде ерекше орын алады (Нақыл сөздер 23:22, 25). Алайда бұрынғы жұбайыңыздың отбасыңызға тым қатты әсер етуіне жол берсеңіз, жаңа өмірлік серігіңізді ренжітуіңіз, тіпті ашуландыруыңыз мүмкін. Сондықтан бұрынғы жұбайыңызбен қандай да бір мәселені бірлесіп шешкенде, ақылға қонымды шектеулер қою арқылы байсалдылық танытуға тырысыңыз.

АТА-АНАЛАРҒА КЕҢЕС

  • Бұрынғы жұбайыңызбен сөйлескенде, басқа мәселелерді көп талқылай бермей, балаларыңыз туралы әңгімелесуге баса назар аударыңыз. Мысалы, одан балаңызға кез келген уақытта не түн ішінде қоңырау шалмауы үшін, қандай да бір нақты уақытты ұстануын ілтипатпен өтінсеңіз болады.

  • Егер бала сіздің қамқорлығыңызда болмаса, сіз онымен қоңырау шалу, хат жолдау, СМС жазу не электронды пошта арқылы үнемі хабарласып тұра аласыз (Заңды қайталау 6:6, 7). Кейбіреулер тіпті бейнеконференция арқылы байланысады. Осылайша сізге мүмкін емес болып көрінсе де, балаңыздың қиыншылықтарын түсініп, оған көмек болатын жақсы кеңестер бере аласыз.

ӨГЕЙ АНАЛАРҒА КЕҢЕС

  • Өгей балаларыңыздың анасына жанашыр болып, оның орнын басуды көздемейтініңізді анық көрсетіңіз (Петірдің 1-хаты 3:8). Балалар сізбен бірге болғанда, анасына олардың хал-жағдайын хабарлап тұрыңыз және көбіне жақсы жақтарын айтуға тырысыңыз (Нақыл сөздер 16:24). Одан ақыл-кеңес сұрап тұрыңыз және көмегін ұсынғанда ризашылық білдіріңіз.

  • Туған анасының көзінше балаларға деген аяулы сезімдеріңізді ашық көрсетпеуге тырысыңыз. Құрама Штаттардағы Беверли есімді өгей ана былай дейді: “Менің кішкентай өгей балаларым мені “мама” деп атағысы келді. Біз үйде мені “мама” деп атауға, алайда туған анасы Джейннің не оның туыстарының көзінше олай атамауға келісіп алдық. Содан бері біздің Джейнмен қарым-қатынасымыз жақсарды. Мысалы, кейінірек екеуміз балалардың мектептегі көріністерге және экскурсияларға қатысуларына бірге көмектестік”.

Балаларыңызға өзіңіз ойлағаннан да көбірек әсер ете аласыз

ТУҒАН ЖӘНЕ ӨГЕЙ АТА-АНАЛАРҒА ТАТУ БОЛУҒА КӨМЕКТЕСЕТІН КЕҢЕСТЕР

    Ілтипаттылық пен құрмет таныту тыныштықты сақтауға көмектеседі

  • Балалардың туған не өгей ата-анасының бірі қасыңызда жоқ кезде, оларды балалардың көзінше жамандаудан аулақ болыңыз. Осындай жағымсыз әңгімені бастап кету оңай, бірақ балаларға мұның ауыр тиетінін ұмытпаңыз. Бұған қоса айтқан сөздеріңіздің басқаларға қалай және қашан жетуі мүмкін екенін білмейсіз (Уағыздаушы 10:20). Ал егер балаңыз туған не өгей ата-ананың бірі сізді жамандағанын айтса, баланың сезімдеріне назар аударуға тырысыңыз. Мұндай жағдайда былай десеңіз болады: “Осыны саған естуге тура келгені қандай өкінішті. Сенің анаң маған қатты ашулы, ал адамдар ашуланған кезде басқалар туралы жаман нәрселер айтып қоюы мүмкін”.

  • Екі үйде де тұрақты ережелер мен тәртіп орнатуға тырысыңыз. Бұл мүмкін болмаса, балаға бұл айырмашылықты түсіндіріңіз. Алайда басқа ата-ананың қадірін түсіруден аулақ болыңыз. Келесі бір жағдайға назар аударыңызшы:

    Өгей анасы: — Тимур, су сүлгіңді іліп қойшы.

    Тимур: — Анамның үйінде біз сүлгіні еденге тастаймыз, ал анам оны өзі іліп қояды.

    Өгей анасы (ашуланып): — Солай ма?! Ол бар болғаны сені жалқаулыққа үйретіп жүр.

    Өгей анасының келесідей жауап бергені дұрысырақ болмас па еді?

    Өгей анасы (сабырлықпен): — Жақсы. Ал біздің үйде сүлгіні өзіміз іліп қоямыз.

  • Балалар туған анасымен не әкесімен болатын уақытқа ешқандай жоспар құрмағаныңыз дұрыс (Матай 7:12). Егер жоспарыңызды өзгерте алмайтын болсаңыз, жоспарыңызды балаларға айтпас бұрын туған анасынан не әкесінен рұқсат сұрап алыңыз.

БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Бұрынғы жұбайыңызбен не жұбайыңыздың бұрынғы зайыбымен кездескенде:

  1. Көзіне қарап, күлімдеңіз. Күрсінуден, жақтырмай не көзді алартып қараудан аулақ болыңыз.

  2. Адамның атын атап сәлемдесіңіз. Мысалы: “Сәлем, Жанар”.

  3. Көп адам болып сөйлесіп тұрғанда, оны да әңгімеге араластырыңыз.

2-ҚИЫНДЫҚ: ЕРЕСЕК БАЛАЛАРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

Өгей ата-аналы отбасындағы қиындықтар жайлы кітапта бір әйелдің шағымданып айтқан сөздері жазылған. Оның айтуынша, күйеуі өзінің балаларының оған жаман қарайтынын мойындамайды және балаларын жақтап шығады. “Менің бұған зығырданым қайнайды”,— дейді ол. Некеде қиындықтар туындамауы үшін ересек балалармен қандай қарым-қатынаста болған дұрыс?

Қиындықты шешудің жолы: Жанашырлық танытыңыз. Киелі кітапта: “Әркім өзінің емес, өзгенің игілігін ойласын”,— делінген (Қорынттықтарға 1-хат 10:24). Басқалардың сезімін түсінуге тырысыңыз. Ересек өгей балалар туған ата-анасының сүйіспеншілігінен айырылып қалудан қорқуы мүмкін. Я болмаса өгей ата-ананы қабылдайтын болса, олар туған ата-анасына сатқындық жасайтындай сезінетін шығар. Сондай-ақ туған ата-анасы балаларыма ұрса берсем, оларды өзімнен алшақтатып аламын деп уайымдауы мүмкін.

Өгей балаларыңызды өзіңізбен достасуға күштемегеніңіз жөн. Қайта, олармен қарым-қатынасыңыздың өз уақытымен дамуына жол беріңіз. Біреуді өзіңізді шын жақсы көруге мәжбүрлеу не қысым жасау даналыққа жатпайтыны анық (Таңдаулы ән 8:4). Сондықтан өгей балаларыңызбен араласқанда, ақылға қонымды нәрселер күтіңіз.

Сізге дөрекілік танытылған жағдайда, ойыңызға келгенді айта салудан аулақ болыңыз (Нақыл сөздер 29:11). Тіліңізге ие болу әсіресе қиын болған кездері ежелдегі Дәуіт патша сияқты: “Уа, Жаратқан Ие, тіліме күзет қоя гөр, Аузымның ашылуын бақылай гөр”,— деп дұға етіңіз (Забур 140:3).

Егер сіз балалар туып-өскен үйде тұруды шешсеңіз, туған үйлері олар үшін өте ыстық екенін білгейсіз. Үй ішінде, әсіресе олардың бұрынғы бөлмелерінде, көп өзгерістер жасамауға тырысыңыз. Бәлкім, жаңа үйге көшу туралы ойлануды жөн көрерсіз.

БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Ересек өгей балаларыңыз сізге әрдайым дөрекі сөйлеп, құрмет танытпаса, жұбайыңызға осыған қатысты не сезінетініңіз жайлы айтыңыз және оның не ойлайтынын мұқият тыңдаңыз. Жұбайыңызға балаларын түзетсін деп қысым жасамаңыз. Қайта, бір-біріңізге түсінушілік танытуға тырысыңыз. “Ойларыңыз бір жерден шықса”, осы жағдайды бірлесіп жақсарта аласыз (Қорынттықтарға 2-хат 13:11).

Отбасындағы барлық балаларға сүйіспеншілік танытуға тырысыңыз

3-ҚИЫНДЫҚ: ТУЫСТАР ЖӘНЕ ДОСТАРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

Канададағы Марион есімді өгей ана былай дейді: “Ата-анам жиі менің балаларыма сыйлықтар береді. Ал өгей балаларыма ештеңе бермейді. Сондықтан күйеуімнің балаларына сыйлықты өзіміз алып беруге тырысамыз, бірақ бұған әрдайым мүмкіндік бола бермейді”.

Қиындықты шешудің жолы: Жаңа отбасыңызды бірінші орынға қойыңыз. Туыстарыңыз бен достарыңызға жаңа отбасындағы міндеттеріңіз туралы айтыңыз (Тімөтеге 1-хат 5:8). Әрине, барлық туыстарыңыз бен достарыңыз сіздің жаңа отбасы мүшелеріңізді бірден жақсы көріп кетпеуі мүмкін. Алайда олардан құрмет танытуын және әділ болуын өтінсеңіз болады. Балалар өздеріне көңіл бөлінбей не мейірім көрсетілмей қалғанын сезсе, бұл оларға қаншалықты ауыр тиетінін айтып түсіндіріңіз.

Бұрынғы ата-енеңізге немерелерімен араласып тұруларына жол беріңіз. Англияда тұратын Сюзан есімді ана былай дейді: “Күйеуім қайтыс болғаннан бір жарым жылдан кейін мен екінші рет тұрмысқа шықтым. Бұрынғы ата-енеме жаңа күйеуімді қабылдау қиын болды. Олармен жиірек араласқанымыздың, немерелерінің олармен хабарласып тұрғанының және оларға көмектері үшін алғыс білдіріп отырғанымыздың арқасында қарым-қатынасымыз жақсара түсті”.

БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Қай досыңызбен не туысыңызбен араласу әсіресе қиын екенін анықтап алыңыз. Содан кейін олармен қарым-қатынасыңызды жақсарту үшін не істей алатыныңыз жайлы жұбайыңызбен талқылап көріңіз.

Ата-анасының бірі өгей отбасында басқалармен жақсы қарым-қатынас орнату оңай болмауы мүмкін. Алайда Киелі жазбалардағы кеңестерді өміріңізде қолдансаңыз, отбасыңыз Киелі кітапта уәде етілген мынадай батаға кенелетін болады: “Даналықпен үй салынар, Парасатпен берік болар” (Нақыл сөздер 24:3).

^ 3-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.

^ 4-абзац Мұндай отбасылар кезігетін басқа да қиындықтарды қалай жеңуге болатыны жайлы Ехоба куәгерлері басып шығарған 2012 жылдың сәуір айындағы “Ояныңдар!” (ор.) журналының “Өгей ата-аналы отбасылар бақытқа қол жеткізе алады” деген кіріспе мақалаларынан таба аласыз.

^ 8-абзац Әрине, бұрынғы жұбайыңыз қауіп төндіріп, қиянат жасайтындай болса, отбасыңыздың қауіпсіздігі үшін қатал шектеулер қою қажет деп табарсыз.

ӨЗІҢІЗДЕН БЫЛАЙ ДЕП СҰРАҢЫЗ:

  • Жұбайымның бұрынғы зайыбымен қарым-қатынасымды қалай жақсарта аламын?

  • Туысқандарым мен достарым отбасы мүшелерімді байқамай болса да ренжітпеуі үшін не істей аламын?