Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП: АЛАЛАУШЫЛЫҚ БОЛМАЙТЫН ЗАМАН КЕЛЕ МЕ?

Алалаушылық — дүниежүзілік проблема

Алалаушылық — дүниежүзілік проблема

АМЕРИКАДА туып-өскен Жонатан есімді корей кісі кішкентай кезінде алалаушылықтың құрбаны болады. Есейген соң ол адамдар бір-бірінің бет әлпеті мен нәсіліне қарап алаламайтын ортаны іздеп, солтүстік Аляскадағы (АҚШ) бір қалаға көшеді де, сонда дәрігер болып жұмыс істейді. Ол жерде Жонатанға емделуге келетін көп адамның бет әлпеті онікіне ұқсас еді. Жонатан солтүстік поляр шеңберінің суығына қарамай, сол жерге көшуімен алалаушылықтың әлдеқайда ызғарлы суығынан қашып құтыла аламын деп үміттенген еді.

Алайда 25 жасар әйелге медициналық көмек көрсеткенде болған жағдай оның бар үмітін сөндірді. Ес-түссіз күйден оянған әлгі әйел Жонаттанның түріне қарап, корей ұлтына деген жүрегінде терең ұялаған жеккөрінішін білдіріп, оны дөрекі сөздермен келеке етеді. Осы жағдай Жонатанға алалаушылықтан қашып құтылу үшін басқа жерге көшіп, адамдардың арасына сіңісіп кетуге күш салғанынан түк шықпағанын көрсетті.

Жонаттанның бастан өткергені ащы шындықты айқын етеді. Алалаушылық дүниенің төрт бұрышында кездеседі. Адам баласы бар жердің бәрінде алалаушылық та бар көрінеді.

Көп адам басқаларды алалайтындарды айыптайды, сөйтсе де алалаушылық жер бетінде кең етек жайған. Мұнда бір қарама-қайшылық бар: қалайша көпшілік ұнатпайтын жайт соншалықты кең таралған болуы мүмкін? Бұған себеп — алалаушылықты жаны жақтырмайтын адамдардың көбісі бойларында бұл жағымсыз қасиеттің барын мойындай бермейтіндігі. Ал сіз өзіңізді осындай адамдардың қатарына жатқызасыз ба?

ШЫНШЫЛДЫҚПЕН ТЕКСЕРУ

Жүрегімізде алалаушылықтың ұялағанын анықтау — қиын мәселе. Киелі кітапта мұның себебі былай деп түсіндірілген: “Адамның жүрегі бәрінен бетер алдамшы” (Еремия 17:9). Демек, біз барлық ұлттың адамдарына бірдей қараймыз деп өз-өзімізді алдауымыз мүмкін. Я болмаса белгілі бір ұлт өкілдеріне неліктен жақтырмай қарайтынымыздың келелі себебін келтіріп, өзімізді ақтауымыз мүмкін.

Осындай жағдайға кезіксеңіз, ойыңызға бірден не келер еді?

Жүрегімізде жасырын жатқан алалаушылықты аңғарудың қиын екенін түсіну үшін, келесі бір жағдайды елестетіп көрейік: сіз қараңғы түсіп қалған уақытта көшеде жалғыз келе жатырсыз. Алдыңыздан екі жігіт шықты. Біреуі қолына бір нәрсе ұстап алғанға ұқсайды.

Сізге бұл екі жігіт зақым келтіргелі жатыр деген ой келе ме? Әрине, бұрын бастан өткергендеріңіз сізді сақ болуға талпындыруы мүмкін, бірақ сол жағдайлар дәл осы екі жігітті қауіпті деп санауыңызға негіз бере ме? Ал енді мына бір маңызды сұраққа жауап беріп көріңізші: Оларды қай ұлттың не нәсілдің адамдары деп ойладыңыз? Бұл сұраққа берген жауабыңыз бойыңызда алалаушылықтың қандай да бір түйірі бар екенін айқын етуі мүмкін.

Өзімізге шыншылдықпен қарайтын болсақ, барлығымыз да жүрегіміздің түкпірінде қандай да бір шамада алалаушылықтың бар екенін мойындауымыз керек. Киелі кітапта алалаушылықтың кең тараған түрі туралы былай деп жазылған: “Пенде назарын адамның бет-жүзіне аударады” (Патшалықтар 1-жазба 16:7). Иә, барлығымыз да салдары жиі сорақы болатын мұндай алалаушылыққа бейімбіз. Бірақ бұл алалаушылықтан арыла алмаймыз дегенді білдіре ме? Жержүзінде ешкім алалаушылық танытпайтын кез келеді деп күтуге бола ма?