Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

“Енді мен дүниені өзгертуім керек деген ойда емеспін”

“Енді мен дүниені өзгертуім керек деген ойда емеспін”
  • ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1966

  • ЕЛІ: ФИНЛЯНДИЯ

  • БҰРЫНДА: ҚОҒАМНЫҢ БЕЛСЕНДІ МҮШЕСІ БОЛҒАН

ӨМІРБАЯНЫМ:

Мен Финляндияның орталығында орналасқан Ювяскюля деген қалада туып-өстім. Бала кезімнен табиғатты жақсы көремін. Отбасы болып қаламыздың шет-шетіндегі көз тартарлық ормандар мен көлдерге демалуға барып тұру бізге ұнайтын. Сондай-ақ мен жануарларды да жақсы көретінмін. Бала кезімде ит пен мысықты көре қалсам, оларды құшағыма алғым келіп тұратын. Ал есейе келе адамдардың жануарларға қиянат жасайтынын көріп, ашуланатын болдым. Кейін мен жануарлар дүниесін қорғайтын ұйымдарға қосылып, өзіммен пікірлес адамдармен таныстым.

Біз жануарлар дүниесін қорғау үшін түрлі шаралар ұйымдастыратынбыз. Мәлімет қағаздарын таратып, тері бұйымдарын сататын дүкендер мен жануарларды сынақтан өткізетін лабораторияларға қарсы ереуілге шығатынбыз. Біз тіпті жануарларды қорғайтын жаңа ұйым құрдық. Өз ісімізді алға жылжыту үшін еш нәрседен тайынбайтынбыз, сондықтан билігі барлар бізге жиі наразы болатын. Сол үшін мен бірнеше рет тұтқындалып, сотталған да едім.

Жануарларды қорғауды ойлай жүріп, мен дүниеде орын алып жатқан басқа да жайттарға бейжай қала алмайтынмын. Сондықтан көптеген ұйымдарға, соның ішінде “Халықаралық амнистия” мен “Гринписке” қосылдым. Олардың іс-шараларын қолдау үшін бар күшімді салатынмын. Мен кедей-кепшіктердің, ашыққандардың және басқа да қиындықтарға ұшыраған адамдардың құқығын қорғайтынмын.

Бірақ уақыт өте келе осы дүниені өзгерте алмайтынымды түсіндім. Мен қосылған ұйымдар кейбір кішігірім қиындықтарды шеше алғанмен, үлкен проблемалар одан бетер өршіп жатқандай болды. Зұлымдық бүкіл дүниені жайлап алғандай әрі бұл ешкімді қызықтырмайтындай болып көрінді. Мен өзімді дәрменсіз сезіндім.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:

Айналадағы жағдайды өзгерте алмайтынымды түсінгенде, көңілім құлазыды. Содан Құдай мен Киелі кітап жайлы ойлана бастадым. Бұрында мен Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеген болатынмын. Куәгерлердің маған мейірімділік пен шынайы қызығушылық танытқандарына ризашылық сезінген болсам да, өмірімді өзгертуге дайын емес едім. Бірақ бұл жолы бәрі басқаша болды.

Мен Киелі кітабымды қолыма алып, оқи бастадым. Онда жазылғандар менің жан жарама шипа болды. Көп жазба орындарында жануарларды қамқорлауымыз керектігі жазылғанын байқадым. Мысалы, Нақыл сөздер 12:10-да: “Ізгі жан малының да қамын ойлар”,— делінген. Сондай-ақ дүниедегі проблемалар Құдайдан емес екенін білдім. Қайта, көп адам Құдайдың басшылығын ұстанбағандықтан, сол проблемалар одан бетер ушығып жатқанын түсіндім. Ехобаның сүюші әрі асқан шыдамды Құдай екенін білгенім жүрегіме жылы тиді (Забур 102:8—14).

Сол кездері мен “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабына тапсырыс беру купонын тауып алып, оны толтырып жібердім. Содан көп ұзамай үйіме Куәгер ерлі-зайыпты келді де, Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынды. Мен келістім. Сондай-ақ Патшалық сарайында өтетін кездесулерге қатыса бастадым. Нәтижесінде Киелі кітаптағы шындықтар жүрегімде тамыр жая бастады.

Киелі кітаптың арқасында өмірімде көп өзгеріс жасай алдым. Мен шылым шегуді және ішімдікке салынуды доғардым. Сырт көрінісімді ұқыпты етіп өзгертіп, балағат сөз айтпайтын болдым. Билігі барларға деген көзқарасымды да өзгерттім (Римдіктерге 13:1). Сондай-ақ азғын өмір кешпейтін болдым, ал бұрын мен тән құмарлықтарымның жетегінде жүрген едім.

Бірақ әлеуметтік ұйымдарға деген көзқарасымды өзгерту мен үшін қиынның қиыны болды. Бұл біраз уақытты талап етті. Алғашында сол ұйымдардан шықсам, оларды сатып кететіндей сезіндім. Алайда адамзат үшін жалғыз үміт Құдай патшалығы екенін түсінгенім бар күшімді осы Патшалықты қолдау үшін және ол жайлы өзгелерге айту үшін жұмсауға талпындырды (Матай 6:33).

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:

Мен бұрын қоғамдық істерге белсенді түрде атсалысқандықтан, адамдарды жақсы не жаман деп екі топқа бөлетінмін. Әлдекімді жаман деп тапсам, соған қарсы шығуға дайын тұратынмын. Алайда Киелі кітаптың көмегімен өзгелерге деген жеккөрушілік сезімінен арылдым. Қазір барлық адамдарға шынайы сүйіспеншілік танытуға тырысамын (Матай 5:44). Мен бұны адамдармен Құдай патшалығы жайлы ізгі хабармен бөлісу арқылы да істей алатынымды түсіндім. Бұл ізгі хабардың адамдарға тыныштық, бақыт пен үміт сыйлайтынын көру мені зор қуанышқа бөлейді.

Барлық қиындықтардың шешілуін Ехобаның қолына тапсырғанның арқасында жантыныштығына ие болдым. Бүгінде мен Ехобаның Жаратушы ретінде адамдар мен жануарлардың мәңгілік бойы жапа шегуіне және әсем планетамыздың жойылып кетуіне жол бермейтініне сенімдімін. Қайта, жуырда оның Патшалығы барлық залалдың орнын толтыратын болады (Ишая 11:1—9). Осы шындықтарды біліп қана қоймай, өзгелерге де оларды білуге көмектесу мені зор қуанышқа бөлейді. Енді мен дүниені өзгертуім керек деген ойда емеспін.