Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОТБАСЫ БАҚЫТЫНЫҢ СЫРЫ

Екінші рет неке құрғанда

Екінші рет неке құрғанда

ҚАЗЫБЕК: * “Бірінші әйеліммен неке құрғаныма 34 жыл болғанда, ол қатерлі ісіктен қайтыс болды. Кейін мен Жанар есімді әйелмен екінші рет неке құрдым. Жанарға мен оны үнемі бірінші әйеліммен салыстыратындай көрінетін. Оның үстіне, бұрынғы достарым бірінші әйелімнің жақсы жақтары туралы жиі айтатын, ал бұл Жанардың көңілін түсіретін”.

ЖАНАР: “Қазыбекке тұрмысқа шыққаннан кейін, ол мені бұрынғы әйеліндей көрмейді деп ойладым. Барлығы оның бірінші әйелін жақсы көретін, өйткені ол жұмсақ әрі ілтипатты болатын. Кейде мен “ол сияқты Қазыбекке жақын бола алар ма екенмін” деп ойлаймын”.

Қазыбек пен Жанар бір-бірін тапқандарына қуанышты. Бірінші күйеуімен ажырасқан Жанар Қазыбекті тіпті “менің ақ боз атты ханзадам” деп атайды. Десе де Қазыбек пен Жанар өз тәжірибелерінен екінші рет некеге тұрғандардың бірінші некеде болмайтын қиындықтарға кезігуі мүмкін екенін көрді *.

Екінші рет некеге тұрған болсаңыз, өзіңізді қалай сезінесіз? Ажырасқанына үш жыл өткеннен кейін екінші рет тұрмысқа шыққан Тамара есімді әйел былай дейді: “Бірінші рет некеге тұрғанда, некең мәңгілікке ұласатындай көрінеді. Бірақ екінші рет неке құрғаныңда, мұндай ерекше сезімде болмауың мүмкін, себебі бірінші некеңнің сәтсіз аяқталғаны әрдайым есіңде болады”.

Дегенмен көп ерлі-зайыптылар екінші рет құрған отбасында да бақытты бола алған. Олар некелерін баянды етті және сіз де бұған қол жеткізе аласыз. Бұл үшін екінші некеде жиі кездесетін үш қиындықты және оларды шешуге көмектесетін Киелі кітап принциптерін қарастырып көрейік *.

1-ҚИЫНДЫҚ: ҚАЗІРГІ НЕКЕҢІЗДІ БІРІНШІ ҚҰРҒАН НЕКЕҢІЗБЕН САЛЫСТЫРУ

“Мен бірінші некемнен қалған естеліктерді жай ғана санамнан өшіріп тастай алмаймын, әсіресе бірінші күйеуіммен демалуға барған жерлермен өткенде, бәрі қайтадан есіме түседі,— дейді Оңтүстік Африкада тұратын Елен есімді әйел.— Мен кей кездері қазіргі күйеуімді бірінші күйеуіммен еріксіз салыстырып кетемін”. Бірақ ойлап көріңізші, жұбайыңыз бұрын үйленген болса әрі сол бірінші некесі жайлы жиі айтатын болса, сіз бұған наразы болады емессіз бе?!

Ерлі-зайыпты ретінде сіздерді біріктіре түсетін қуанышты сәттеріңіз көп болсын

КЕҢЕС: Жұбайыңыз екеуіңіз бірінші құрған некелеріңізді — әсіресе ол ұзақ жылдарға созылған болса — ұмыта салу мүмкін емес екенін мойындауларыңыз керек. Кейбіреулер тіпті байқаусызда әйелі не күйеуінің есімін бірінші жұбайларының есімімен атап қойғандарын айтады. Осындай жағдайға кезіксеңіз, мәселені шешуге не көмектеседі? Киелі кітапта: “Жанашыр болыңдар”,— деп жазылған (Петірдің 1-хаты 3:8).

Жұбайыңыздың бірінші некесі жайлы айтуына тыйым салып, қызғаныш танытпаңыз. Қайта, жұбайыңыз бұрынғы әйелі не күйеуі жайлы сөйлескісі келсе, оны түсінушілікпен әрі жанашырлықпен тыңдаңыз. Сондай-ақ бірден “ол мені бұрынғы жұбайымен салыстырып жатыр” деп ойламаңыз. Он жыл бұрын екінші рет неке құрған Марат былай дейді: “Әйелім Гүлсім бұрынғы әйелім жайлы сөйлесуді тыйым салынатын тақырып ретінде емес, қайта, мені жақыннан танып-білудің мүмкіндігі ретінде қарастырады”. Сіз де мұндай тақырыпқа сөйлесудің қазіргі жұбайыңызбен қарым-қатынасыңызды нығайтуға көмектесетінін байқарсыз.

Назарыңызды қазіргі жұбайыңыздың жақсы қасиеттеріне әрі өзіне тән ерекшеліктеріне аударыңыз. Әрине, бұрынғы жұбайыңызда болған кейбір қасиеттер не қабілеттер оның бойында жоқ шығар. Алайда ол басқа жақсы қасиеттерімен ерекшеленуі мүмкін. Сондықтан жұбайыңызды “басқалармен салыстырмай”, қайта, бойындағы сізге ұнайтын қасиеттері жайлы ойлап әрі соларды бағалап, некеңізді берік етіңіз (Ғалаттықтарға 6:4). Екінші рет неке құрған Ержан есімді кісі былай дейді: “Екі достық бір-біріне ұқсамайтыны сияқты екі неке де әртүрлі болып келеді”.

Бірінші некеден қалған естеліктерді қазіргі жұбайыңызға ауыр тимейтіндей етіп айту үшін не істей аласыз? Дархан есімді кісі былай дейді: “Бірде мен әйеліме алғашқы некем бұрынғы жұбайымыз екеуіміз жазған көркем кітап сияқты екенін айттым. Мен оған былай деп түсіндірдім: — Ара-тұра мен сол кітапты ашып, бірге өткізген жақсы сәттерді еске алуым мүмкін. Бірақ қазір мен сол кітаптың кейіпкері емеспін. Қайта, екеуіміз өз кітабымызды жазып жатырмыз әрі мен сенімен бірге бақыттымын”.

БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Жұбайыңыздан бірінші неке жайлы тақырып қозғалғанда, не сезінетінін сұраңыз. Сосын бұл тақырыпты қай кезде қозғамаған дұрыс екенін анықтап алыңыз.

2-ҚИЫНДЫҚ: ЖҰБАЙЫҢЫЗДЫҢ БҰРЫННАН ТАНИТЫН ДОСТАРЫМЕН АРАЛАСУ

“Үйленгенімізге біраз уақыт болғанда, әйеліме менің бұрынғы достарым оны тексеріп, сынап жатқандай көрінді”,— дейді ажырасқанына алты жыл өткенде қайта үйленген Жомарт. Ал Тимур есімді кісі басқаша жағдайға кезікті. Ол былай деп айтып берді: “Таныстарымыздың кейбіреуі бірде әйеліме оның бұрынғы күйеуін қатты жақсы көргендерін және сағынғандарын дәл менің көзімше айтты!”

КЕҢЕС: Өзіңізді достарыңыздың орнына қойып көріңіз. Жоғарыда сөздері келтірілген Мараттың айтуынша, жора-жолдастарына бұрыннан танитын жұптың бір жартысымен ғана араласу ауыр тиеді, себебі екінші жартысының орны босап қалады. Сол себепті біз “бәріне бірдей жұмсақтық танытып, есті болуға” шақырыламыз (Титке 3:2). Достарыңыз бен туыстарыңыздың қазіргі жұбайыңызға үйренулері үшін уақыт қажет екенін ұмытпаңыз. Жомарттың жағдайындағыдай, бұрынғы достарыңызбен жаңаша араласа бастауыңыз мүмкін. Сондай-ақ жаңадан неке құрғандықтан, жаңа достарыңыз пайда болады. Жомарт былай дейді: “Біз ерлі-зайыптылар ретінде жаңа достар да табуға тырысамыз әрі бұл бізге жақсы әсер етеді”.

Бұрынғы достарыңызбен араласқанда, жұбайыңыздың сезімдерін ескеріңіз. Мысалы, әңгіме барысында бұрынғы жұбайыңыз туралы сөз қозғалса, жұбайыңыз өзін шеттетіліп қалғандай сезінбес үшін ілтипаттылық пен парасаттылық танытыңыз. Киелі кітапта: “Ойланбай сөйлеген семсердей жаралайды, Ал дананың тілі сауықтырады”,— делінген (Нақыл сөздер 12:18 ЖД).

БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Өзіңізге не жұбайыңызға қай отырыстарда ыңғайсыз болатынын анықтап алыңыз. Достарыңыздың бірінші жұбайыңыз жайлы айтқандарына не қойған сұрақтарына қалай жауап беруге болатынын жұбайыңызбен алдын ала ойластырыңыз.

3-ҚИЫНДЫҚ: БІРІНШІ ЖҰБАЙЫҢЫЗ АДАЛ БОЛМАҒАНДЫҚТАН, ҚАЗІРГІ ЖҰБАЙЫҢЫЗҒА СЕНІМ АРТПАУ

Бірінші әйелі тастап кеткен Андрей: “Маған қайтадан опасыздық жасала ма деп қатты қорқатынмын”,— дейді. Кейіннен ол Рая есімді әйелге үйленді. “Мен жиі “Раяның бірінші күйеуі сияқты жақсы күйеу бола алар ма екенмін” деп ойлайтынмын. Оның күйеуі сияқты болмағандықтан, ол мені тастап, басқа біреуге кетіп қала ма деп уайымдайтынмын”.

КЕҢЕС: Жұбайыңызға уайымыңызды ашық айтыңыз. “Кеңессіз құрған іс аяқсыз қалар”,— делінген Киелі кітапта (Нақыл сөздер 15:22). Мысалы, ашық әңгімелескендері Андрей мен Раяға бір-біріне сенім артуға көмектесті. Андрей былай дейді: “Мен Раяға ажырасуды қиыншылықтарды шешудің оңай жолы деп қарастырмайтынымды айттым. Рая да солай ойлайтынын айтты. Уақыт өте келе мен Раяға толықтай сенетін болдым”.

Қазіргі әйеліңіздің не күйеуіңіздің бірінші жұбайы көзіне шөп салған болса, оның сеніміне ие болу үшін қолыңыздан келгеннің бәрін істеңіз. Мысалы, алғашқы некелері ажырасумен аяқталған Жігер мен Сабина бұрынғы жұбайларымен сөйлессе, бұл жайлы бір-біріне айтып отыруды шешкен. “Осылай келісіп алғанымыздың арқасында жанымыз тыныш”,— дейді Сабина (Ефестіктерге 4:25).

БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Қарсы жынысты адаммен — тікелей, телефон не интернет арқылы болсын — араласуға келгенде белгілі бір шектеулер қойыңыз.

Екінші рет неке құрғандардың көбісі некелерін баянды етті, сіз де бұған қол жеткізе аласыз. Өйткені бірінші рет некеге тұрған кезге қарағанда қазір өзіңізді жақсырақ біле түскен шығарсыз. Жоғарыда сөздері келтірілген Андрей былай дейді: “Раямен неке құрғаным маған көп қуаныш әкелді. Отау құрғанымызға 13 жыл болды. Қазір қарым-қатынасымыз әлдеқайда берік әрі біз жұбымыздың ешқашан жазылмағанын қалаймыз”.

^ 3-абзац Есімдер өзгертілген.

^ 5-абзац Әрине, жұбайлары қайтыс болғандар мен ажырасқан адамдардың кезігетін қиындықтары бірдей емес. Алайда осы мақалада екінші рет некеге тұрғандардың барлығына некеде бақытты болуға көмектесетін кеңестер бар.

^ 7-абзац Өгей балаларды тәрбиелеудің қиындықтары жайлы Ехоба куәгерлері басып шығарған 2012 жылдың сәуір айындағы “Ояныңдар!” (ор.) журналының “Өгей ата-аналы отбасылар бақытқа қол жеткізе алады” деген кіріспе мақалаларынан таба аласыз.

ӨЗІҢІЗДЕН БЫЛАЙ ДЕП СҰРАҢЫЗ:

  • Жұбайымның бойындағы қандай қасиеттерді мен әсіресе қатты бағалаймын?

  • Бірінші некем жайлы тақырып қозғалатын болса, қазіргі жұбайымның қадірін түсірмеу үшін және оны ренжітіп алмау үшін не істей аламын?