ОҚЫРМАН САУАЛДАРЫ
Киелі кітапта кейбіреулердің есімдері неге аталмаған?
Киелі кітапта Таурат заңындағы міндетінен бас тартқан адам “пәленше” деп аталған (Рут 4:1—12 ЖД). Осыған қарап, Киелі кітапта есімдері аталмаған тұлғалардың бәрі жағымсыз я аса маңызы жоқ болған деп тұжырымдауға бола ма?
Әрине, жоқ. Мысалы, Иса пайғамбар Құтқарылу мейрамын соңғы рет тойлау үшін шәкірттерін “қаладағы пәленшенің” үйіне жіберген (Матай 26:18). Ол адамның есімінің аталмауы оның жаман не аса маңызы жоқ адам болғанын білдіре ме? Жоқ, олай емес. Бұл жердегі “пәленше” деп аталған адам Исаның шәкірті болған. Сол мәнмәтінде оның есімін атаудың аса қажеті болмағандықтан, жазылмай кеткен.
Киелі кітапта көптеген зұлым адамдардың есімдері аталған, сондай-ақ көптеген жақсы адамдардың есімдері аталмай кеткен. Мәселен, ең алғашқы әйелдің Хауа деп аталғаны баршаға мәлім. Оның өзімшіл, тілазар әрекеті Адам атаның күнә жасауына түрткі болып, бүкіл адамзатқа қасірет әкелді (Римдіктерге 5:12). Ал Нұхтың әйелінің есімі, керісінше, аталмай кеткен. Бірақ ол мойынсұнғыш болған және күйеуіне Құдайдың берген тапсырмасын орындауға жанқиярлықпен көмектескен. Сол үшін де біз оған қарыздармыз. Киелі кітапта есімі аталмаған бұл әйел маңызсыз болды не Құдайдың ықыласынан айырылды деп айта алмайтынымыз анық.
Сондай-ақ Киелі кітапта Ехоба Құдайдың еркін орындауда өте маңызды рөл атқарған, тіпті ержүрек болған кейбір адамдардың да есімдері аталмаған. Солардың бірі — исраилдік кішкентай қыз. Ол сириялық қолбасшы Нағыманның үйінде күң болған. Бірде ол Нағыманның әйеліне батылдықпен сөйлеп, Исраилде Ехоба Құдайдың пайғамбары бар екенін айтқан. Нәтижесінде бір керемет жасалды (Патшалықтар 4-жазба 5:1—14). Исраил халқына би болған Ефтахтың қызы да берік сенім танытқан. Әкесінің Құдайға берген сертін орындау үшін ол тұрмысқа шығып, балалы болу мүмкіндігінен өз еркімен бас тартқан (Билер 11:30—40). Сол сияқты 40-тан астам Забур жырын жазған жыршылардың және Құдайдың маңызды тапсырмаларын адалдықпен орындаған пайғамбарлардың да есімдері аталмаған (Патшалықтар 3-жазба 20:37—43).
Адал періштелердің мысалы анағұрлым әсерлі болса керек. Олардың саны жүздеген миллион болса да, Киелі кітапта екеуінің ғана, Жәбірейіл мен Микайлдың ғана, аты аталған (Даниял 7:10; Лұқа 1:19; Яһуда 9). Ал қалғандарының аттары сол күйі белгісіз болып қалды. Мысалы, Исраил халқына би болған Самсонның әкесі Маноғах бір періштеден: “Аты-жөніңізді айтыңызшы, сөздеріңіз орындалған кезде сізге құрмет көрсетейік!”— деп өтінгенде, ол: “Менің атымды неге сұрайсың?”— деп жауап қайырған болатын. Бұл періште кішіпейілділік танытып, Құдайға ғана тиесілі мадақты қабыл алудан бас тартты (Билер 13:17, 18).
Киелі кітапта кейбіреулердің есімдері неге аталатыны не аталмайтыны әр жағдайда түсіндірілмейді. Алайда атақ-даңққа ие болуды көксемеген Құдайдың адал қызметшілерінен көп нәрсеге үйрене аламыз.