Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

“Өмірлік жолым жайлы шындап ойлана бастадым”

“Өмірлік жолым жайлы шындап ойлана бастадым”
  • ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1941

  • ЕЛІ: АВСТРАЛИЯ

  • БҰРЫНДА: ШЫЛЫМ МЕН ІШІМДІККЕ ӘУЕС БОЛҒАН

ӨМІРБАЯНЫМ:

Мен Жаңа Оңтүстік Уэлстегі кішігірім Уариалда қаласында туып-өстім. Уариалда — ауыл шаруашылығының түрлі салаларымен айналысатын аймақ. Онда қой, ірі қара мал және түрлі дәнді дақыл мен көкөніс өсіріледі. Қала таза әрі онда қылмыс аз жасалады.

Он баланың үлкені болғандықтан, он үш жасымда ата-анама отбасын қамтамасыз етуге көмектесу үшін жұмыс істей бастадым. Білімім аз болғандықтан, фермада жұмыс істедім. Ал 15 жасымда жабайы жылқыларды қолға үйрететін малшы болдым.

Фермада жұмыс істеудің қызығы мен қиындығы қатар жүрді. Бір жағынан, жұмысым өзіме қатты ұнайтын, айналадағы табиғатқа да таң-тамаша болатынмын. Самал желмен келетін жасыл желектің жұпар иісі аңқып тұратын қараңғы түнде оттың жарығында отырып, жұлдызды аспанға қарап отыратынмын. Осы тамаша дүниені біреу жаратты ғой деп ой жүгіртетінмін. Басқа жағынан, фермада жан-жағымдағы адамдар маған жаман әсер ететін. Өйткені олардың балағат сөздерін жиі еститінмін және шылымға оңай қол жеткізе алатынмын. Көп ұзамай шылым шегу мен балағат сөздер айту өмірлік әдетіме айналды.

18 жасымда Сидней қаласына көштім. Әскерге барғым келді, бірақ білімім аз болғандықтан онда баруға жарамсыз болып есептелдім. Содан жұмысқа тұрып, сол қалада бір жыл болдым. Осы уақыт аралығында бірінші рет Ехоба куәгерлерін кездестірдім. Олардың қауым кездесулерінің біріне қатысып, ілімдерінің шындық екенін бірден түсіндім.

Көп ұзамай мен ауылға қайта оралуды шештім. Сөйтіп, Квинсленд штатындағы Гундиуинди қалашығына тоқтадым. Сонда жұмысқа тұрдым, үйлендім. Бірақ, өкінішке қарай, сол кезден бастап мен ішімдікке әуес бола бастадым.

Әйелім екеуміз екі бала сүйдік. Олар туылғаннан кейін мен өмірлік жолым жайлы шындап ойлана бастадым. Содан Сиднейдегі Куәгерлердің кездесуінде естігендерімді есіме алып, әрекет етуім керектігін түсіндім.

Мен Австралиядағы Ехоба куәгерлерінің филиалының мекенжайы жазылған “Күзет мұнарасының” ескі данасын тауып алдым да, көмек сұрап хат жаздым. Сонда үйіме бір мейірімді Куәгер келіп, көп кешіктірмей менімен Киелі кітапты зерттей бастады.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:

Киелі кітапты зерттеу барысында өмірімді күрт өзгертуім керектігін түсіндім. Қорынттықтарға 2-хат 7:1-дегі сөздер маған әсіресе қатты әсер етті. Онда: “Тәнімізді арамдайтын барлық нәрседен тазартайық”,— делінген.

Мен шылым шегу мен ішімдікті шамадан тыс ішуді қоямын деп шештім. Әрине, бойыма сіңген бұл жаман әдеттерден арылу оңайға соқпады. Бірақ мен Құдайға ұнамды болатындай өмір сүруге бел байлаған едім. Осы орайда Римдіктерге 12:2-дегі: “Бұдан былай осы дүниенің өмір салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-саналарыңды жаңартып, түбегейлі өзгертіңдер”,— деген сөздерге құлақ асқаным мен үшін үлкен көмек болды. Жаман әдеттерімнен арылу үшін ой қалпымды өзгертіп, сол істерді Құдай сияқты зиянды деп есептеуім керектігін түсіндім. Құдайдың қолдауының арқасында мен шылым шегу және ішімдікке салыну әдеттерінен арылдым.

“Жаман әдеттерімнен арылу үшін ой қалпымды өзгерту керектігін түсіндім”

Алайда бәрінен де қиын болғаны балағат сөздер айтуды доғару еді. Мен Ефестіктерге 4:29-дағы: “Ауыздарыңнан шіріген емес, тек жақсы сөз шықсын”,— деген сөздерді білетінмін. Десе де тілімді бұрыс қолдану бейімділігімді бірден жеңе алмадым. Маған Ишая 40:26-да жазылған сөздер жайлы ой жүгірту көп көмегін тигізді. Онда: “Аспанға көз жіберіп қараңдаршы: Кім жаратты ондағы жұлдыздарды?! Бір-бірлеп алып шығып шоқжұлдыздарды, Ол әрқайсысын өз атымен шақырады. Жаратқанның құдіреті сонша зор болып, Біреуі шет қалмай, бәрі Оған бағынады”,— делінген. Сонда мен былай деп ойландым: “Егер Құдайдың ұшы-қиыры жоқ аспан әлемін жаратуға құдіреті жетсе, онда бұрыс бейімділіктен арылу үшін маған күш бере алады емес пе?!” Талмай дұға етіп, көп күш салғанымның арқасында мен бірте-бірте тілімді жүгендей білуді үйрендім.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:

Малшы болып жұмыс істеген фермаларда адамдар аз болғандықтан, адамдармен сөйлесуге мүмкіндігім бола бермейтін. Алайда Ехоба куәгерлерінің кездесулерінде алған тәлімнің арқасында ой-пікірімді дұрыс жеткізуді үйрендім. Бұл білімнің басқа да көп пайдасын көрдім. Мысалы, өзгелерге Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жеткізе алатын болдым (Матай 6:9, 10; 24:14).

Соңғы бірнеше жыл бойы мен қауымда ақсақал болып қызмет етемін. Бауырластарыма қолдан келгенше көмектесуді мәртебе санаймын. Мен үшін ең үлкен бата — адал да қамқор әйеліммен және тамаша балаларыммен бірге Ехобаға бірлесе қызмет ету.

Ехобаның мен сияқты білімі аз адамға өзінен тәлім алуға мүмкіндік бергеніне ризамын (Ишая 54:13). Нақыл сөздер 10:22-дегі: “Жаратқанның жарылқауы адамды бай қылар”,— деген сөздермен толықтай келісемін. Мен отбасыммен бірге Ехоба жайлы көбірек білім алып, оған мәңгілік бойы қызмет ететін уақытты асыға күтудемін.