Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАҢЫЗ

“Құдай қуанышпен беретіндерді жақсы көреді”

“Құдай қуанышпен беретіндерді жақсы көреді”

Сіз үшін қандай сыйлық бағалы? Көбіміз сыйлық беруші өзін міндетті сезінгендіктен емес, бізді жақсы көргендіктен сыйлық бергенін қалайды емеспіз бе?! Иә, сыйлық бергенде адамның оны қандай ниетпен беретіні маңызды. Бұл біз үшін, ал ең бастысы Құдай үшін маңызды. Осы орайда Киелі жазбалардағы Қорынттықтарға 2-хат 9:7-де жазылған елші Пауылдың сөздерін қарастырып көрейік.

Пауыл бұл сөздерді не үшін жазды? Ол Қорынт қаласындағы Құдайдың қызметшілерін Яһудеяда мұқтаждық көрген бір сенімдегі бауырластарына көмек көрсетуге талпындырғысы келді. Пауыл оларды осылай етуге мәжбүрледі ме? Жоқ, керісінше, ол былай деген: “Әркім жүрек шешіміне қарай, еш қиналмай, зорлықсыз берсін, себебі Құдай қуанышпен беретіндерді жақсы көреді”. Пауылдың осы сөздеріне тереңірек үңіліп көрейікші.

“Жүрек шешіміне қарай”. Пауыл айтып кеткендей, Құдайдың шынайы қызметшісі бауырластарына көмектесуді өз “жүрегінде” шешкендіктен солай етеді. Ол бауырластарының қажеттіліктері жайлы мұқият ойланады. Бір ғалымның айтуынша, “шешім” деп аударылған түпнұсқа тіліндегі сөз “алдын ала ойластыру деген ойды білдіреді”. Иә, Құдайдың қызметшісі бауырластарының қажеттіліктері жайлы ой жүгіртіп, өзінен: “Оларға көмектесу үшін не істей аламын?”— деп сұрайды (Жоханның 1-хаты 3:17).

“Еш қиналмай, зорлықсыз берсін”. “Қиналмай” деп аударылған грек сөзі сөзбе-сөз “еш өкінбестен” дегенді білдіреді. Пауыл Құдайдың шынайы қызметшілері өз-өзін күштеп және ықтиярсыз беруден аулақ болулары керектігін айтқан. Бір еңбекте түсіндірілгендей, ықтиярсыз беретін адам “ақшамен бөлісу керек деген ойдың өзінен көңілі түседі”. Ал өз-өзін күштеп беретін адам болса беруге мәжбүрмін деп есептегендіктен осылай етеді. Қайсысымыз ықтиярсыз не өзін-өзі күштеп беретін адамнан сыйлық алғымыз келер еді?

“Құдай қуанышпен беретіндерді жақсы көреді”. Пауыл Құдайдың қызметшісі беруді шешсе, мұны қуанышпен істеуі керектігін айтқан. Ал қуаныш дұрыс ниетпен беруден келеді (Елшілердің істері 20:35). Осылай ететін адамның қуанышы басқаларға көрініп тұрады. Иә, “қуаныш” сөзі оның ішкі сезімі мен сырт келбетін жақсы суреттейді. Қуанышпен беретін адамның әрекеті біздің жүрегімізге жылу береді. Сондай-ақ Құдайдың жүрегін қуантады. Бір аудармада былай делінген: “Құдай беруді жақсы көретін адамдарды жақсы көреді” (“Contemporary English Version”).

“Құдай беруді жақсы көретін адамдарды жақсы көреді”

Елші Пауылдың сөздері Құдайдың қызметшілері үшін басшылық болып табылады. Біз не нәрсені бермейік, мейлі уақытымызды, күш-жігерімізді не материалдық игіліктерімізді болсын, мұны өз еркімізбен істейік. Сонда басқаларға, әсіресе мұқтаждық көргендерге жомарттық танытқанда қанағатқа бөленеміз. Иә, бұлай ету бізді қуанышқа кенелтеді әрі “қуанышпен беретіндерді жақсы көретін” Құдайдың бізді де жақсы көруіне себеп болады.

Қыркүйекте оқитын Киелі кітап үзіндісі:

Қорынттықтарға 1, 2-хат