КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ
“Көп адам мені жек көретін”
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1978
ЕЛІ: ЧИЛИ
БҰРЫНДА: ӨТЕ ҚАТЫГЕЗ АДАМ БОЛҒАН
ӨМІРБАЯНЫМ:
Мен Чилидің астанасы Сантьягода туып-өстім. Біз тұрған аумақта қылмыскерлер, есірткі сатушылар мен бұзақылардың топтары көптеп кездесетін. Бес жаста болғанымда әкем қылмыскерлердің қолынан қаза тапты. Содан кейін анам бір қатыгез адаммен бірге тұратын болды. Ол екеумізді де жиі ұрып-соғатын. Бұл менің жаныма өшпестей жара салды.
Есейе келе кері ықпалға беріліп, өте қатыгез бола бастадым. Мен хэви-метал әуендерін тыңдайтынмын, шектен тыс ішімдік ішетінмін және кейде есірткі қабылдайтынмын. Жиі есірткі сатушылармен болатын ұрыс-төбелеске қатысып, бірнеше рет өлім аузында болдым. Бірде қарсылас бұзақылар тобы мені өлтіру үшін бір адамды жалдаған еді. Бірақ мен тек жарақат алып, қашып құтылдым. Басқа жолы есірткі сатушылар тапаншаны басыма тақады да, мені асып өлтірмек болды.
1996 жылы мен Каролина есімді әйелді ұнатып қалып, оған 1998 жылы үйлендім. Тұңғыш ұлымыз дүниеге келгеннен кейін ашушаң мінезімнің кесірінен өгей әкем сияқты отбасыма зорлық-зомбылық көрсетемін бе деп қорқатынмын. Содан мен сауықтыру орталығында емделіп, дәрі-дәрмек пен ем-шара қабылдадым. Бірақ бұл еш нәтиже бермеді. Мен сол күйі болмашы нәрселерге бола қатты ашуланып, өз-өзімді ұстай алмайтынмын. Ақыры, отбасыма зиян келтірмейін деген оймен өз-өзіме қол жұмсамақ болдым. Қуанышқа орай, аман қалдым.
Мен көп жыл бойы атеист болсам да, Құдайдың бар екеніне сенгім келді. Сол себепті евангелистерге біраз уақыт бойы барып жүрдім. Сол уақытта әйелім Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп жүрген еді. Мен Куәгерлерді жек көретінмін, сондықтан жиі оларға балағат сөздер айтып ұрсатынмын. Бірақ олардың әрдайым жұмсақтықпен жауап бергендері мені таңғалдыратын.
Бір күні Каролина Киелі кітабымнан Забур 82:19-ды ашып оқуды сұрады. Бұл тармақта Құдайдың есімі Ехоба екені анық жазылған еді. Сонда мен барып жүрген дінде Құдай туралы айтылғанмен, Ехоба жайлы еш нәрсе айтылмайтынына таңғалдым. Сөйтіп, 2000 жылдың басында мен де Куәгерлермен Киелі кітапты зерттей бастадым.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:
Зерттеу барысында мен Ехобаның жанашыр әрі кешірімді Құдай екенін білдім. Мысалы, Мысырдан шығу 34:6, 7-де Ехоба жайлы: “Құдай мейірімді де қайырымды, Тез қаһарланбайтын да өте рақымды. Құдай әрдайым сөзінде тұрады; Ол берік мейірімін мыңдағандарға танытады, Өзіне қарсы шығып теріс қылықтарды Жасаған күнәкарды да кешіруге дайын тұрады”,— делінген.
Ехобаның жанашыр да кешірімді Құдай екенін білгенім мен үшін жұбаныш болды
Десе де білгендерімді өмірде қолдану маған оңай болған жоқ. Мен ашушаң мінезімді ешқашан жүгендей алмайтыныма сенімді болдым. Бірақ өз-өзімді ұстай алмай қалғанда Каролина сүйіспеншілікпен мені жігерлендіретін және күш салып жатқаным Ехобаның назарынан тыс қалмайтынын есіме салатын. Каролинаның қолдауы маған Ехобаға ұнамды болуды жалғастыруға күш берсе де, мен ешқашан өзгере алмаймын деп ойлап жүрдім.
Бірде менімен Киелі кітапты зерттеп жүрген Алехандро есімді бауырлас Ғалаттықтарға 5:22, 23-ті оқуымды өтінді. Бұл жазба орнында Құдай рухының жемісіне “сүйіспеншілік, қуаныш, татулық, шыдамдылық, мейірімділік, ізгілік, сенім, жұмсақтық, ұстамдылық” деген қасиеттер жататыны жазылған. Алехандро бұл қасиеттерді өз күшіммен емес, Құдайдың киелі рухының арқасында дамыта алатынымды түсіндірді. Осы шындық менің көзқарасымды толықтай өзгертті!
Кейінірек мен Ехоба куәгерлерінің үлкен жиынына қатыстым. Ондағы тәртіп пен тазалықты және Куәгерлердің арасындағы бауырмалдықты көргенде, шынайы дінді тапқанымды түсіндім (Жохан 13:34, 35). Сөйтіп, 2001 жылдың ақпанында шомылдыру рәсімінен өттім.
ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:
Ехобаның арқасында мен қатыгез адамнан бейбітсүйгіш адамға айналдым. Ол мені батпаққа батып бара жатқан жерімнен суырып алғандай болды. Көп адам мені жек көретін әрі мен оларды бұл үшін кінәламаймын. Қазір мен татулықта өмір сүріп, әйелім және екі ұлыммен бірге Ехобаға қызмет етуден қуаныш алудамын.
Туыстарым мен бұрынғы достарым менің қатты өзгергенімді көріп, таңғалады. Нәтижесінде олардың кейбірі Киелі кітап шындықтарын білуге ықылас білдірді. Сондай-ақ мен адамдарға Ехобаны танып-білуге көмектесу мәртебесіне иемін. Ал Киелі кітаптағы шындық адамдардың өмірлерін өзгертіп жатқанын көру мені зор қуанышқа кенелтеді.