НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | КИЕЛІ КІТАПТА ҚАНДАЙ ХАБАР ЖАЗЫЛҒАН?
Құдай адамзатты құтқару үшін жасаған шарасы
Құдай Ыбырайым деген әділ кісіге уәде етілген “ұрпақтың” оның әулетінен шығатынын айтады. Сол ұрпақ арқылы жер бетіндегі “барлық ұлттар” батаға кенелер еді (Жаратылыс 22:18). Ыбырайымның немересі Жақып Мысыр жеріне көшеді де, сол жерде оның отбасынан ежелгі Исраил халқы тарайды.
Кейінірек Мысырды билеген қатыгез перғауын Исраил халқын құл етеді. Бірақ Құдай Мұса пайғамбар арқылы керемет түрде Қызыл теңізді қақ жарып, оларды сол жерден алып шығады. Содан кейін Құдай Исраил халқына басшылық беру үшін және оларды қорғау үшін Он өсиетпен қоса, басқа да заңдар береді. Бұл заңдарға күнәнің кешірілуі үшін берілетін құрбандықтар да кіретін. Құдайдың нұсқауымен Мұса пайғамбар Исраил халқына басқа бір пайғамбардың келетінін айтады. Ол пайғамбар уәде етілген “ұрпақ” болу керек-тін.
400 жылдан астам уақыт өткеннен кейін, Құдай Дәуіт пайғамбарға Едем бағында уәде етілген “ұрпақтың” мәңгілік бойы патшалық ететінін білдіреді. Осы “ұрпақ” адамзатты құтқарып, жер бетіне жұмақ орнататын Мәсіх, яғни Құдай тағайындаған Құтқарушы болатын еді.
Дәуіт пен басқа да пайғамбарлар арқылы Құдай Мәсіхке қатысты жайттарды бірте-бірте ашты. Бұл пайғамбарлардың сөздеріне сай, Мәсіх кішіпейіл де мейірімді болады және ол билік еткенде ашаршылық, әділетсіздік пен өлім болмайды. Барлық адамдар бір-бірімен және жан-жануарлармен тату өмір сүреді. Құдайдың ниетіне кірмеген ауру, қайғы-қасірет пен өлім жойылып, өлген адамдар жер бетіне қайта тіріледі.
Құдай Миха пайғамбар арқылы Мәсіхтің Бетлехемде туылатынын, ал Даниялдың пайғамбарлығы арқылы оның өлтірілетінін алдын ала айтты. Алайда Құдай Мәсіхті қайта тірілтіп, көкте Патша ретінде тағайындамақ еді. Сондай-ақ Даниял пайғамбар Мәсіхтің Патшалығы ақыр соңында барлық адами үкіметтерді алмастыратынын жазған. Бұл пайғамбарлықтар Мәсіхтің өмірінде орын алды ма?
Жаратылыс 22—50 тараулар, Мысырдан шығу, Заңды қайталау, Патшалықтар туралы 2-жазба мен Забур жырларына, сондай-ақ Зәкәрия 9:9-ға және Ишая мен Даниялдың пайғамбарлықтарына негізделген.