НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ҚҰДАЙДАН АЛЫСТАТАТЫН ЖАЛҒАН ҰҒЫМДАР
Құдайды қатыгез етіп көрсететін жалған ұғым
КӨП АДАМ НЕ НӘРСЕГЕ СЕНЕДІ?
“Ауыр күнә жасағандар өлгеннен кейін бірден тозаққа түседі. Онда олар тозақ азабында, яғни мәңгі жанып тұратын отта қиналады” (“Католик шіркеуінің катехизисі”).
КИЕЛІ КІТАПТА ЖАЗЫЛҒАН ШЫНДЫҚ.
“Өлгендер ештеңе білмейді” (Уағыздаушы 9:5). Егер өлілер ештеңе білмейтін болса, қалайша олар “мәңгі жанып тұратын отта” азап шегеді?
Киелі кітаптың кейбір аудармаларында жиі “тозақ” деп аударылатын еврей және грек сөздері адамзаттың моласын білдіреді. Мысалы, Құдай Иса пайғамбарды қайта тірілтпес бұрын, ол үш күн бойы қабірде жатқан еді. Оның қайта тірілетіні жайлы мынадай пайғамбарлық сөздер айтылған болатын: “Сен мені молада [“тозақта”, Таурат аудармасы] қалдырмайсың” (Елшілердің істері 2:27). Иса пайғамбар Құдайдың адал қызметшісі болғандықтан, қайтыс болғаннан кейін азап шегетін орында болуы мүмкін емес еді. Оның үш күн бойы кәдімгі молада болғаны анық.
НЕГЕ МҰНЫ БІЛУ МАҢЫЗДЫ?
Құдайды қатыгез деп қарастырғанымыз оны жақсы көруге талпындырмайды, қайта, одан алыстатады. Мексикада тұратын Роусиоу былай дейді: “Бала кезімнен бастап маған тозақ бар деп үйрететін. Құдайдан жанұшыра қорыққаным сонша — оның жақсы қасиеттері бар екеніне сене алмайтынмын. Мен оны ашушаң әрі төзімсіз Құдай деп ойлайтынмын”.
Киелі кітапта Құдайдың үкімдері мен өлілердің күйі туралы анық етіп жазылған шындықты білгені Роусиоудің Құдайға деген көзқарасын өзгертті. “Мен үлкен жеңілдік сезіндім. Иығымнан ауыр жүк түскендей болды,— дейді ол.— Енді мен Құдайдың бізге тек жақсыны тілейтініне және бізді жақсы көретініне сене бастадым. Содан мен де оны жақсы көре алатын болдым. Мен оны балаларының қолынан жетелеп жүретін әрі олардың игілігін ойлайтын әке ретінде қарастыратын болдым” (Ишая 41:13).
Көп адам тозақтан қорыққандықтан құдайшыл адам болуға тырысады, бірақ Құдай біздің оған қорыққандықтан қызмет еткенімізді қаламайды. Иса пайғамбар: “Ехоба Құдайыңды шын жүректен... сүй!”— деген (Марқа 12:29, 30). Бұған қоса, Құдайдың әділетсіз әрекет етпейтінін түсінгеніміз оның болашақтағы үкімдерінің әділ болатынына сенімділік береді. Киелі кітапта жазылғандай, “Зұлымдық атаулы Құдайдан тым алшақ, әділетсіздік атаулы құдіреті шексіз Тәңірден әбден аулақ!” (Әйүп 34:10).