НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП АДАМЗАТ | ҚҰДАЙҒА МҰҚТАЖ БА?
Неліктен кей адамдар Құдайға мұқтаж емеспіз деп ойлайды?
“Сіз Құдайсыз-ақ жақсы өмір сүріп жатырмын деп ойлайсыз ба? Миллиондаған адам солай ойлайды”. Жақында шетелдегі атеистердің бір тобы осы сөздерді көшедегі жарнама тақтасына жаздырған екен. Осылайша олар Құдайға мұқтаж емеспіз деп есептейтіндерін анық көрсетті.
Алайда көп адам Құдайға сенеміз десе де, оның бар екеніне сенбейтіндей әрекет етеді. Католик шіркеуінің архиепископі Сальваторе Физикела өз шіркеуінің мүшелері жайлы былай деген: “Ешкім де бізге қарап мәсіхші екенімізді айтпайтын шығар, себебі өмір салтымыздың сенбеушілердің өмір салтынан еш айырмашылығы жоқ”.
Ал кейбір адамдар болса Құдай жайлы ойлауға еш уақыттары жоқ. Олар Құдайды тым алыс не тым асқақ деп санайтындықтан, Құдай олардың өмірлерінде маңызды рөл атқармайды. Мұндай адамдар қиындықтарға тап болғанда не өздеріне бір нәрсе қажет болғанда ғана Құдайды есіне алады. Былайша айтқанда, олар оған “барып кел, шауып кел” қызметші ретінде қарайтындай көрінеді.
Ал басқа адамдар діндері үйрететін нәрселерді өмірде қолданудың пайдасы шамалы деп ойлағандықтан болар, оларды ұстанбайды. Мысалы, өз шіркеулеріндегі және Киелі кітаптағы талаптарға қайшы келетініне қарамастан, Германиядағы католиктердің 76 пайызы әйел мен ер адамның некеге дейін бірге тұра беруіне болады деп санайды (Қорынттықтарға 1-хат 6:18; Еврейлерге 13:4). Негізінен, әртүрлі діннің өкілдері өздерінің ұстанатын діндері бір бөлек, ал өмір салттары бір бөлек екенін байқап жатады. Көптеген дінбасылары шіркеуге келушілердің жүріс-тұрыстары “іс жүзіндегі атеистер” сияқты екендерін айтып, күйініп жатады.
Жоғарыдағы мысалдарды қарастыра отырып, біз мынадай сұраққа келіп тірелеміз: “Адамзат шын мәнінде Құдайға мұқтаж ба?” Негізінде, бұл сұрақ алғаш рет көтеріліп жатқан жоқ. Осы жайында Киелі кітаптың алғашқы беттерінде сөз етіледі. Киелі кітаптың Жаратылыстың басталуы деп аталатын кітабында жазылған бірнеше жайтқа көңіл бөлгеніміз бұл сұрақтың жауабын білуімізге көмектеседі.