Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 БАЛАЛАРЫҢЫЗҒА ТӘЛІМ БЕРІҢІЗ

Иса Мәсіхті кім ретінде есте сақтауымыз керек?

Иса Мәсіхті кім ретінде есте сақтауымыз керек?

Желтоқсан айы келгенде, дүниежүзі бойынша Исаның нәресте кезі бейнеленген суреттер көптеп көрсетіледі. Жиі оның ақырда, яғни үй жануарларына арналған жем-шөп салатын үлкен жәшікте жатқаны бейнеленеді. Сонда біз Исаны нәресте ретінде ғана есте сақтауымыз керек пе? ~ * Оны есте сақтаудың бұдан да маңызды жолын қарастырып көрейік. Бұл жайлы Бетлехем қаласының маңында қой бағып жүрген бақташылармен бір түні не болғанын қарастыру арқылы біле аламыз.

Бақташылар отырған жерде кенеттен бір періште пайда болды. Ол бақташыларға былай деді: “Бүгін Құтқарушыларың Мәсіх Ие дүниеге келді. Сендер бұл нәрестені ақырда құндақтаулы жатқанынан танып білесіңдер”. Сол сәтте көптеген басқа да періштелер пайда болып, “Құдайды мадақтай бастады”.

Періштелердің Құдайды мадақтап жатқанын көргенде, қандай сезімде болар едің? ~ Бақташылардың қуанышында шек жоқ! Олар: “Жүріңдер, дереу Бетлехемге барайық!.. Не болғанын көрейік”,— десті. Сол жерге барғанда, олар “Мәриям мен Жүсіпті және ақырда жатқан нәрестені көрді”.

Көп ұзамай басқалар да Мәриям мен Жүсіп отырған жерге келе бастады. Бақташылар не болғанын айтып бергенде, барлығы таңғалды. Иса туралы осындай керемет жайттарды білгеніңе қуаныштысың ба? ~ Құдайды сүйетін бәріміз де бұған қуаныштымыз. Ал қазір неліктен Исаның туылуы зор қуаныш әкелгенін білейік. Ол үшін Мәриямның әлі тұрмысқа шықпаған кезіне оралайық.

Бір күні Жәбірейіл есімді періште Мәриямға келді. Ол Мәриямның жақында балалы болатынын айтты және сәбидің “аса ұлы болатынын, әрі Ең жоғарғы Құдайдың Ұлы деп аталатынын” уәде етті. Бұған қоса, ол туралы: “Патша ретінде билік етеді. Оның Патшалығының шегі болмайды”,— деді.

Мәриям мұның қалайша мүмкін болатынын білгісі келді, өйткені ол ешқашан ер адаммен жақындасқан емес қой. Сонда Жәбірейіл оған былай түсіндірді: “Ең жоғарғы Құдай саған құдіретінің көлеңкесін түсіреді.  Сондықтан сен табатын бала киелі әрі Құдай Ұлы деп аталатын болады”. Құдай өзінің көктегі рухани Ұлының өмірін сәби болып туылуы үшін Мәриямның құрсағына салды. Бұл нағыз ғажайып нәрсе еді!

Нәресте Исаға бақташылармен бірге үш “данышпан кісінің” келгені сипатталатын суреттерді не көріністерді көргенсің бе? ~ Мәсіхтің туған күні (Рождество) тойланатын кезде мұндай суреттерді көптеп кездестіруге болады. Бірақ бұл көріністер тура емес. Көбісі Исаға келген әлгі кісілерді “данышпан” деп атағанмен, шын мәнінде олар Құдай айыптайтын іспен айналысқан жұлдызшылар еді. Олар Исаға келген кезде не болғанын көрейік. Киелі кітапта былай делінеді: “Олар... үйге кіріп, бала мен анасы Мәриямды көрді”. Демек, ол кезде Иса нәресте емес, кішкене өсіп қалған бала еді, әрі ол үйінде ата-анасының қасында болды.

Жұлдызшылар Исаны қалай тапты? ~ Аспанда жылжып отырған бір “жұлдыз” оларға жол көрсетіп отырды. Алайда бұл жұлдыз оларды бірінші Бетлехемге емес, Иерусалимдегі Ирод патшаға алып келді. Ал Киелі кітапта Иродтың Исаны өлтіру үшін оның қайда екенін білгісі келгені айтылған. Енді ой жүгіртіп көрші. Әлгі жұлдыз болып көрінген нәрсенің жұлдызшыларды Иродқа қарай жетелеуіне кім түрткі болды деп ойлайсың? ~ Әрине, бұл шынайы Құдай Ехоба емес, оның қарсыласы не жауы Шайтан Ібіліс еді!

Бүгінде Шайтан адамдардың Исаны қорғансыз нәресте ретінде елестеткендерін қалайды. Бірақ Жәбірейіл періште Мәриямға ол туралы: “Ол.. Патша ретінде билік етеді. Оның Патшалығының шегі болмайды”,— деген болатын. Қазір Иса көкте Патша ретінде билік етуде және жақында ол Құдайдың барлық жауларының көзін құртады. Біз Иса туралы осыны есте сақтауымыз керек және бұл туралы басқаларға да айтқанымыз жөн.

^ абзац 3 Егер балаңызбен бірге оқып отырсаңыз, сұрақтан кейінгі тильда (~) белгісі келгенде, кідіріс жасап, баланы өз ойын айтуға талпындырсаңыз болады.