Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

“Жерде жұмақ орнайтыны жайлы уәде өмірімді өзгертті!”

“Жерде жұмақ орнайтыны жайлы уәде өмірімді өзгертті!”
  • ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1974

  • ЕЛІ: ЛАТВИЯ

  • БҰРЫНДА: ҚАУІПТІ МОТОЦИКЛ ЖАРЫСТАРЫНА ҚАТЫСҚАН

ӨМІРБАЯНЫМ:

Мен Латвияның астанасы Ригада туылдым. Анамыз әпкем екеумізді жалғыз өзі өсірді. Католик болғанымен, анам бізді шіркеуге діни мейрам күндері ғана алып баратын. Мен бір зор құдіреттің бар екеніне қашанда сенетінмін, бірақ жас кезімде мені көбіне басқа нәрселер қызықтыратын.

Өсе келе анам менің заттарды бөлшектеп бұзып, қайтып құрастыруға қабілетім бар екенін байқады. Үйдегі заттарды бөлшектеп тастай ма деп уайымдағандықтан, анам мені жалғыз қалдыруға қорқатын. Содан ол маған темір бөлшектерден тұратын жиналмалы ойыншық алып берді. Мен оны шашып, қайта жинауды өте жақсы көретінмін. Бұл әуестігіме қоса, мотоцикл айдауға қатты қызығатынмын. Анам мені “Алтын мопед” деп аталатын мотоцикл жарысына жаздырды. Мен алғашында мопедпен, кейін мотоциклмен жарысатын болдым.

Мен осы қауіпті әрі зор жылдамдықты талап ететін спорт түріне тез үйреніп, көп ұзамай үлкен жетістіктерге жете бастадым. Содан Латвиядағы супербайктар жарысында үш рет, Балтық елдері арасында өткен супербайктар жарысында екі рет жеңіске жеттім.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:

Қуған мансабымның шырқау шыңына жеткенде, Евия есімді жүріп жүрген қызым (ол кейіннен әйелім болды) Ехоба куәгерлерімен танысты. Ол солардың Киелі кітап зерттеу сабағына арналған өтініш купондары бар бірнеше әдебиеттерін тауып алған болатын. Евия купонды толтырып, поштамен жіберді. Көп күттірмей екі Куәгер келіп, онымен Киелі кітапты зерттей бастады. Мен бұған қарсы емес едім, бірақ өзімнің дінге аса қызығушылығым болмады.

Кейіннен Куәгерлер мені Евияның зерттеу сабағына қатысып, тыңдап көруге шақырды. Мен келістім. Сонда естігендерімнің ішінде әсіресе жүрегіме жылы тигені Киелі кітаптағы жерде жұмақ орнайтыны жайлы уәде болды. Мысалы, Забур 36:10, 11-дегі мына үзінді маған қатты ұнады: “Көп ұзамай зұлым адам ғайып болар, Іздесең таппайсың, орны босап қалар. Ал кішіпейіл жандар елді иеленер, Бейбіт өмірдің рақатына мол сүйсінер”.

Менің рухани тақырыптарға деген қызығушылығым арта түсті. Киелі кітаптағы ілімдер маған қатты әсер етті, өйткені олардың ақылға қонымды әрі анық екеніне және жалған діни ілімдердің қаншалықты кең тарағанына көзім жете бастады.

Зерттеу сабағы барысында мен Ехоба Құдайдың өмірді жоғары бағалайтынын әрі оны құнды санайтынын білдім (Забур 35:10). Сондықтан жарыстарға қатысып, өмірімді қауіпке тіккім келмеді. Мен өмірімді Ехобаны мадақтауға арнауды шештім. Енді атақ-даңқ пен мотоцикл жарыстарының мен үшін маңызы болмады.

Өмірдің қайнар көзі Ехоба Құдайдың алдында өмірім үшін жауапты екенімді түсіндім

1996 жылы мен Ехоба куәгерлерінің Эстонияның Таллин қаласында өткен халықаралық конгресіне қатыстым. Бұл жер мотоцикл жарыстары өткізілетін стадионның қасында орналасқан еді. Конгресте әртүрлі елден келген адамдардың ынтымақ-бірлікте бас қосқанын көрдім. Сол жерде бір Куәгер әйел сөмкесін жоғалтып алғанда, “Енді оны таба алмайды” деп ойладым. Бірақ көп ұзамай бір Куәгер сөмкені тауып, оны иесіне қайтарып берді. Мен бұған қайран қалдым! Сол кезде Куәгерлердің шынымен де Киелі кітаптағы жоғары нормаларды ұстанатынына көзім жетті. Біз Евия екеуміз рухани алға басып, 1997 жылы Ехоба куәгері болу үшін шомылдыру рәсімінен өттік.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:

Мотоцикл айдағанды ұнататын кейбір достарым желмен жарысамыз деп, жазым болып кетті. Ал мен Киелі кітапты зерттегеннің арқасында өмірдің қайнар көзі Ехоба Құдайдың алдында өмірім үшін жауапты екенімді түсіндім. Осыны түсінгендіктен мен қазір тірі жүрген болармын.

Евия екеуміз Ехоба куәгерлерінің Ригадағы филиалында төрт жыл бойы толық уақыт қызмет ету мәртебесіне ие болдық. Қазір біз Элис есімді қызымызды тәрбиелеп, оны Ехобаны жақсы көруге баулудан қуаныш алудамыз. Сонымен қатар маған аптасына бір күн Ехоба куәгерлерінің аударма кеңсесіндегі бұзылып қалған заттарды және көліктерді жөндеу мәртебесі берілді. Бала кезімнен дамытқан қабілетімді дұрыс бағытта қолданғаным маған зор қуаныш сыйлайды! Иә, мен әлі де бұзылған заттарды бөлшектеп, оларды қайта құрастырумен айналысамын.

Отбасыммен бірге жалғыз шынайы Құдай жайлы шындықты адамдарға жеткізу — мен үшін үлкен мәртебе. Мұның бәрі де Киелі кітаптан білгендерімнің арқасында мүмкін болды. Расында да, жер бетінде жұмақ орнайтыны жайлы уәде менің өмірімді өзгертті!