Сіз білгенсіз бе?
Киелі кітап жазылған заманда қандай алоэ қолданылған?
Киелі кітапта алоэның * киімді және төсекті хош иісі ету үшін қолданылғаны айтылған (Забур 44:9; Нақыл сөздер 7:16, 17; Таңдаулы ән 4:14). Бұл алоэ агар ағашынан (аквиларияның түрі) алынған көрінеді. Агар ағашы шіріген кезде хош иісті май мен шайыр бөліп шығарады. Адамдар бұл ағашты ұнтақтап езіп, кейін “алоэ” ретінде сатқан.
Киелі кітапта исраилдіктер тұрған шатырлардың “Ехоба отырғызған алоэ ағаштарындай” екені айтылған (Руларды санау 24:5, 6 ЖД). Бұл жерде ұзындығы 30 метрге дейін жететін және бұтақтары жайқалып өсетін агар ағашының пішіні жайлы айтылған болса керек. Бұл ағаш қазіргі Израиль жерінде өспейді. Бірақ “Киелі кітап сөздігінде” былай делінген: “Осы және басқа да ағаштар бұл аймақта қазір белгілі болмағанмен, олардың сол кездегі бай әрі халқы тығыз орналасқан Иордан алқабында өскеніне күмәндануға негіз жоқ”.
Иерусалимдегі ғибадатханада қандай құрбандықтар жарамды болып есептелген?
Құдай заңына сай, ғибадатханада шалынатын барлық құрбандықтардың сапасы өте жоғары болуы керек-тін. Құдай қандай да бір кемістігі бар құрбандықтарды қабыл алмайтын (Мысырдан шығу 23:19; Леуіліктер 22:21—24). Бірінші ғасырда өмір сүрген Филон есімді яһуди жазушысының айтуынша, сол кездегі діни қызметкерлер жануарларды “басынан аяғына дейін” мұқият тексеріп, олардың барлық жерлері сау әрі “ешқандай кемістігі жоқ” екеніне көз жеткізіп отырған.
Тарихшы Э.П. Сандерстің айтуынша, ғибадатханада “сенімді сатушыларға тек діни қызметкерлер алдын ала тексерген жануарлар мен құстарды ғана сатуға рұқсат еткен көрінеді. Мұндайда сатушы сатып алушыға малдың жарамды екенін растайтын зат беруі керек еді”.
2011 жылы археологтар ғибадатхананың маңайынан осы мақсатта қолданылған мөрді тапты. Саздан жасалған көлемі тиындай ғана бұл мөр б. з. б. І ғасыр мен б. з. 70 жылының аралығымен белгіленді. Онда арамей тілінде “Құдай үшін таза” дегенді білдіретін екі сөз жазылған екен. Ғалымдардың арасында ғибадатхана қызметшілері осындай белгілерді құрбандыққа әкелінген малдар мен рәсім үшін қолданылатын тағамдарға байлаған деген пікір бар.
^ 3-абзац Киелі кітапта сөз етілген алоэ бүгінде алоэ вера деген атаумен белгілі өсімдікпен ешқандай байланысы жоқ.