ӨМІРБАЯН
Әлсіздігімнен күш-қуат таптым
Мүгедек арбасындағы 29 келі арық денемді көргендер менде күш бар деп ешқашан ойламас еді. Бірақ денемнің күші кетіп жатқанда, ішімдегі күш-қуат мені алға ұмтылуға рух береді. Рұқсат етсеңіздер, іштегі күш-қуатым мен әлсіздігім өміріме қалай әсер еткені жайлы айтып берейін.
Сонау алыста қалған бал дәурен балалық шағымды еске алсам, қуанышты сәттер ойыма оралады. Менің ата-анам Францияның оңтүстігінде орналасқан бір ауылда тұратын. Әкем маған арнап әткеншек жасап бергені есімде. Мен бақты айнала жүгіргенді жақсы көретінмін. 1966 жылы Ехоба куәгерлері үйімізге келіп, әкеммен ұзақ сөйлесті. Содан жеті ай өткен соң, ол Куәгер болуды шешті. Анам да көп кешіктірмей әкемнің ізін қуып, Куәгер болды. Сөйтіп, олар мені жылулыққа толы ұяда өсірді.
Ата-анамның туған жері Испанияға қайтып барғаннан кейін, менің денсаулығым сыр бере бастады. Қолым және тобығым қатты ауыратын болды. Екі жыл бойы көп дәрігердің табалдырығын тоздырғаннан кейін, бір танымал ревмотологты таптық. Ол салмақты үнмен бізге қарап: “Сіздер тым кеш келдіңіздер”,— деді. Соны естіген анам жылап жіберді. “Аутоиммундық созылмалы ауру”, “ювенильді полиартрит” * сияқты өте түсініксіз тіркестер суық әрі сұр бөлмеде жаңғырып жатты. Он жасар қыздың түсініп отырғаны шамалы болса да, мен бұл айтылғанның жаман хабар екенін түсіндім.
Дәрігер бізге балаларға арналған шипажайда емделуді ұсынды. Сол жаққа келгенде, алдымнан күтіп алған түсі суық ғимарат менің үрейімді ұшырды. Ол жердің тәртібі темірдей қатал еді: монах әйелдер шашымды қиып тастап, үстіме ұсқынсыз киім кигізіп қойды. “Мына жердің өміріне қалай шыдаймын?” деп ойлап, көзіме жас алдым.
ЕХОБАНЫҢ АЯЛЫ АЛАҚАНЫН СЕЗДІМ
Ата-анам маған Ехобаға қызмет етуді үйреткендіктен, шипажайдағы католиктердің рәсімдеріне қатысудан бас тарттым. Монах әйелдер бұл әрекетімді түсінбеді. Ехобадан мені тастап кетпеуін сұрап жалындым. Сонда мен Ехобаның қорғап тұрған қуатты қолын сездім. Құдды бір сүюші әке мені ыстық бауырына басып, құшақтағандай болды.
Ата-анама сенбі сайын мені қысқа уақытқа көріп кетуге рұқсат етілді. Шипажайда балаларға өздерімен бірге кітап ұстауға рұқсат бермейтін, бірақ монах әйелдер маған басқа кітаптармен қатар Киелі кітапты қолдануға рұқсат берді. Мен оны күнде оқитынмын. Сол жердегі қыздарға жұмақ орнаған жерде ешкім ауырмай, мәңгі өмір сүре алатыны жайлы айтып бердім (Аян 21:3, 4). Кей кездері көңілімді жалғыздық пен мұң басқанына қарамастан, сенімім нығайып, Ехобаға одан сайын арқа сүйеп жатқаныма қуандым.
Ұзаққа созылған алты ай өткен соң, дәрігерлер мені үйге қайтарды. Ауруымнан оңалмасам да, ата-анаммен бірге болғаныма қуандым. Буындарым одан бетер зақымданып, ауырсынуы да күшейе түсті. Осындай әлсіз денсаулықпен мен жасөспірім шақтың есігін аштым. Соған қарамастан 14 жасымда шомылдыру рәсімінен өтіп, көктегі Әкеме қолымнан келгенше қызмет етуге бел байладым. Алайда кейде Ехобадан көңілім қалатын. Сондай кездерде: “Неге мен? Сауықтыршы мені, өтінемін. Қалай қиналып жатқанымды көрмей тұрсың ба?”— деп дұғада сұрайтынмын.
Жастық шақ мен үшін қиын кезең болды. Маған жағдайымның жақсармайтынын мойындауға тура келді. Өзімді достарыммен еріксіз салыстыратынмын. Олардың денсаулықтары мықты, өмірдің рақатын көріп жүрді. Соны көргенде, өзімді түкке тұрғысыз сезініп, томаға-тұйық мінезді болып кеттім. Сол шақтарда отбасым мен достарым жанымнан табылды. Мысалы, мен үшін нағыз дос болған өзімнен 20 жас үлкен Алисияны жылы сезіммен еске аламын. Ол маған өз ауруыма қатты мән бермеуге және өз қиындығыма емес, басқалардың жағдайына қызығушылық танытуға көмектесті.
ӨМІРІМДІ МАҒЫНАЛЫ ЕТУ ЖОЛЫНДА
Жасым 18-де болғанда сырқатымның рецидиві болды, содан қауым кездесулеріне барып-келудің өзі бар күшімнен айыратын. Соған қарамастан мен барлық “бос уақытымды” үйде Киелі кітапты мұқият зерттеуге жұмсайтынмын. Әйүп кітабы мен Забур жырлары бүгінде Ехоба Құдайдың тәндік жағынан емес, ең алдымен, рухани жағынан қамқорлық көрсетіп жатқанын түсінуге көмектесті. Қайта-қайта айтқан дұғаларым маған “адам күшінен асқан күш” дарытып, “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығын” сыйлады (Қорынттықтарға 2-хат 4:7; Філіпіліктерге 4:6, 7).
22 жасқа келгенде өмірімді мүгедектер арбасында отырып жалғастыруға тура келді. Адамдар енді мені емес, мүгедектер арбасында отырған ауру қызды көре ме деп қорықтым. Алайда мүгедектер арбасы маған біршама еркіндік берді, сөйтіп, “қарғыс” мен үшін батаға айналды. Бірде Исабель есімді досым өзімен бірге бір ай бойы 60 сағат уағыздауды мақсат етіп қоюды ұсынды.
Алғашқыда бұл ұсыныс маған күлкілі болып естілді. Бірақ мен Ехобадан жәрдем сұрадым. Сондай-ақ отбасым мен достарымның қолғабыс еткендерінің арқасында мен мұны жүзеге асырдым. Сол қарбалас болған ай көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Бір байқағаным — сол айда мен өз қорқыныштарымды жеңіп, қысылмайтын болдым. Бұл маған ұнағаны сонша — 1996 жылы жалпы ізашар болуды, яғни ай сайын уағызға 90 сағат арнауды шештім. Бұл мені Ехобаға жақындатып, тәндік жағынан нығайтқан ең дұрыс шешім болды. Уағызға атсалысқаным сенімім жайлы өзгелермен бөлісуді, ал кейбіреулеріне Ехобаның досы болуға көмектесуді мүмкін етті.
ЕХОБАНЫҢ ҚОЛДАУЫ
2001 жылдың жазында мен көлік апатына ұшырап, екі аяғымды сындырып алдым. Ауруханадағы төсекте жатып, ауырғаннан жанымды қоярға жер таппадым. Дұғада ақырын ғана: “Ехоба, өтінемін, мені тастамашы!”— деп жалбарындым. Сол сәтте қасымда жатқан бір әйел: “Сіз Ехоба куәгерісіз бе?”— деп сұрады. Жауап беруге күшім болмағандықтан, мен тек басымды изедім. “Мен сіздерді танимын. Журналдарыңызды үнемі оқып тұрамын”,— деді ол. Осы сөздер маған үлкен жұбаныш болды. Тіпті халім осындай аянышты болса да, мен Ехоба Құдайым жайлы куәлік бере алдым. Бұл неткен мәртебе!
Кішкене тәуір болғаннан кейін, мен көбірек куәлік етуді ұйғардым. Екі аяғы гипстелген мені анам аурухананың ішінде арбамен алып жүрді. Біз күнде бірнеше емделушілерге жолығып, жағдайларын сұрап, біраз әдебиеттер қалдырып кететінбіз. Осылай жүргеніміз мені қатты шаршататын, бірақ Ехоба маған қажетті күш-қуат беріп отырды.
Соңғы бірнеше жылда менің ауруым күшейе берді, әкемнің өмірден өткені де қайғыма қайғы қосты. Бірақ мен әлі де дұрыс көзқарас танытуға тырысып жатырмын. Қалай дейсіздер ғой? Мүмкін болған кездері мен достарыммен, туыстарыммен болуға тырысамын. Бұл болса маған өз қиындығымды ұмытуға көмектеседі. Ал жалғыз қалған кездері Киелі кітапты оқимын, зерттеймін, басқаларға телефон арқылы уағыздаймын.
Мен жиі көзімді жұмып, жаңа өмірге апаратын өзімнің “тереземді” ашып қараймын
Сондай-ақ өмірдегі қарапайым деген нәрселердің өзінен рақат алуға тырысамын. Самал желдің бетімнен өпкені, гүлдердің аңқыған жұпар иісі жанымды жадыратып, ризалық білдіруге көп себеп бар екенін есіме салады. Жақсы әзілдей білгенімнің де көмегі көп. Бірде мен қызметте жүргенде, арбамды итеріп келе жатқан бауырлас біз уағыздаған адамдар жайлы мәлімет жазу үшін тоқтап қалды. Кенет арбам төмен қарай жүріп кетіп, көлікке барып соғылды. Екеуміз де шошып кеттік, бірақ айтарлықтай ештеңе болмағанын көрген соң, екеуміз бір күліп алдық.
Өмірде көп нәрсе істей алмайтыным рас. Сондықтан ол істерді мен “кейінге ысырылған қалаулар” деп атаймын. Мен жиі көзімді жұмып, жаңа өмірге апаратын өзімнің “тереземді” ашып қараймын (Петірдің 2-хаты 3:13). Ол жерде он екі мүшесі сау, өмірдің бар қызығын көріп, серуендеп жүрген өзімді көремін. Дәуіт патшаның: “Әрдайым Жаратқанға арт сеніміңді, Батыл болып, нығайта түс жүрегіңді!”— деген сөздерін жадымда ұстаймын (Забур 26:14). Күннен-күнге тәнімнен әлім кетіп жатса да, Ехоба мені мықты етуде. Осылайша мен өз әлсіздігімде күш-қуат тауып жүрмін.
^ абзац 6 Ювенильді полиартрит балаларда кездесетін созылмалы артриттің түрі. Адамның иммундық жүйесі өзіне-өзі қарсы шығып, сау тіндерді (ткань) бұзады. Содан буындар ісініп, ауырсынады.