Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сіз азғыруға қарсы тұра аласыз!

Сіз азғыруға қарсы тұра аласыз!

“Порнография көру ойымда да жоқ еді. Бірақ Интернетке кіргенімде, бір жарнама шыға келді. Неге екенін білмеймін, мен оны аша салдым”. (Олжас) *

“Жұмыста бір әдемі қыз менімен қылымсып жүрді. Бір күні ол маған қонақ үйге барып, “көңіл көтеруді” ұсынды. Оның не айтқысы келгенін бірден түсіндім”. (Данияр)

“МЕН азғырудан басқасының бәріне қарсы тұра аламын”. Бір атақты жазушының осы сөздерінен кейбір адамдардың азғыруға қалай қарайтыны көрінеді — жүректерінің түбінде олар соны қатты қалайды. Ал басқалары болса азғыруды өздерінің ата жауындай көреді және оны қатты жеңгісі келеді. Ал сіздің пікіріңіз қандай? Азғырумен бетпе-бет кездескенде, оның жетегінде кеткен дұрыс па, әлде оған қарсы тұрған дұрыс па?

Әрине, қалауларымызға ерік бергеніміз әрдайым үлкен қиындықтар туғызады дей алмаймыз. Мысалы, тәттіге әуес болып, оны артығымен жеп қойсақ, өміріміздің күл-талқаны шықпайтын шығар. Бірақ кейбір қалаулардың, әсіресе азғындыққа апаратындардың жетегінде кетудің салдары қайғылы болуы мүмкін. Киелі кітапта: “Неке адалдығын бұзғанның ақылы кем, Ол өз жанын құртады солай істеуімен”,— деген ескерту жазылған (Нақыл сөздер 6:32, 33).

Өнегесіз құмарлық күтпеген жерден есік қақса, не істеуіңіз керек? Киелі кітап былай жауап береді: “Құдай сендердің қасиетті болғандарыңды қалайды, сондықтан азғындықтан аулақ болыңдар; әрқайсысың өз тәніңді қасиетті сақтап, қадірлеп, жүгендей біліңдер” (Салоникалықтарға 1-хат 4:3, 4). Олай болса, бойыңызда осындай ерік-жігерді қалай дамыта аласыз? Осы орайда сізге көмек бола алатын үш қадамды қарастырайық.

1-қадам: Көзіңізге сақ болыңыз

Ұятсыз бейнелерді көру бұрыс қалауларды өршіте түседі. Көру мен қалаудың арасындағы байланысты көрсете отырып, Иса пайғамбар былай деп ескерткен: “Кімде-кім бір әйелге құмарта қарап тұра берсе, өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны”. Сондай-ақ ол әсірелете сөйлеп, мынадай кеңес берді: “Егер оң көзің күнәға азғырса, оны ойып алып, лақтырып таста” (Матай 5:28, 29). Бұлай деуімен Иса азғыруға төтеп беру үшін адам құмарлық оятатын бейнелерге қызықтап қарап тұрмай, батыл да шұғыл әрекет етуі керектігін айтқысы келді.

Эротикалық бейнелер көзіңізге түссе, бірден теріс қараңыз

 Мынадай жағдайды елестетейік: темірді дәнекерлеу кезінде пайда болатын көз шағылыстыратын жарықты көріп қалдыңыз. Сіз оған көз алмай қарап тұра берер ме едіңіз? Әрине, жоқ. Жанарыңызды сақтау үшін сіз басыңызды басқа жаққа бұрасыз не көзіңізді жабасыз ғой. Сол сияқты, эротикалық көріністі қағаз бетінен, экраннан не шынайы өмірде көріп қалсаңыз, назарыңызды бірден басқа жаққа аударыңыз. Осылайша ой-санаңызды уланудан сақтаңыз. Бұрын порнографияға құмар болған Арсен былай дейді: “Көз тартарлық қызды көрсем, мен көп жағдайда оған қайта-қайта қарауға азғырыламын. Сондайда мен өзімді күштеп басқа жаққа қаратамын да: — Ехобаға дұға ет! Дәл қазір Ехобаға дұға етуің керек!— деймін. Дұға еткеннен кейін бұл бір мезеттік қалау басылып қалады” (Матай 6:9, 13; Қорынттықтарға 1-хат 10:13).

Сонымен қатар ежелде өмір сүрген Әйүп деген адал кісіге еліктейік. Ол былай деген: “Қыз-келіншектерге құмарта қарамауға көздеріммен келісім жасасып, оларды соған үйреттім” (Әйүп 31:1). Неліктен осындай берік шешім қабылдамасқа?

Былай етіп көріңіз: Эротикалық көріністі көріп қалсаңыз, бірден теріс бұрылыңыз. “Бос нәрселерге түсірме көзімді”,— деп Құдайға дұға айтқан Киелі кітап жазушысынан үлгі алыңыз (Забур 118:37).

2-қадам: Ойыңызға сақ болыңыз

Барлығымыз пенде болғандықтан, бізге бұрыс қалаулармен күресуге тура келеді. Киелі кітапта былай делінген: “Әрбір адам өз құмарлығына елігіп, торға түскендіктен сыналады. Ал құмарлық дамып жетілгенде, күнә тудырады” (Жақып 1:14, 15). Барған сайын шырмай беретін осындай тұзаққа түспеу үшін не істей аламыз?

Санаңызды азғын ойлар жаулай бастаса, сол мезетте тоқтап, дұға айтыңыз

Бойыңызда бұрыс қалаулар оянса, оларға берілу-берілмеу өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз. Олармен күресіңіз. Санаңызда сол қалаулардың түбіне балта шабыңыз. Өнегесіз қиялдарға жол бермеңіз. Интернеттегі порнографияға әуес болған Таир былай дейді: “Мен санамды бұрыс ойлардан тазарту үшін жақсы нәрселер туралы ойлауға тырыстым. Бұл нағыз күрес болды. Беріліп қалған кездерім де көп болған. Бірақ ақырында мен ой-санамды қадағалауды үйрендім”. Ал жасөспірім кезінде азғын  ойлармен күрескен Эльвира былай деп есіне алады: “Тығыз күн тәртібін ұстанғаным мен Ехобаға дұға айтқаным жаман ойларға ерік бермеуге көмектесті”.

Былай етіп көріңіз: Санаңызды азғын ойлар жаулай бастаса, сол мезетте тоқтап, дұға айтыңыз. Ой-санаңызды “күллі шынайы да көңіл қоюға лайық, әділ де таза, сүйіспеншілік оятатын, жылы лебіз айтылатын, игі әрі мақтауға тұратын” ойларға толтыру арқылы бұрыс қалаулармен күресіңіз (Філіпіліктерге 4:8).

3-қадам: Әр қадамыңызға сақ болыңыз

Біздің қалауымыз бен соны жүзеге асырудың мүмкіндігі орайласып келсе, пәлеге ұшырауымыз оп-оңай (Нақыл сөздер 7:6—23). Осындай жағдайдың құрбаны болып қалмау үшін не істей аламыз?

“Мен Интернетке айналамда адамдар бар кезде ғана кіремін”

Киелі кітапта келесідей дана кеңес жазылған: “Зерделі жан қатер көріп бас сауғалар, Аңғал адам жүре беріп, зиян табар” (Нақыл сөздер 22:3). Сондықтан әр қадамыңызды мұқият басыңыз. Қиындық тудыратын жағдайларды көре біліп, олардың алдын алыңыз (Нақыл сөздер 7:25). Порнографияға деген құмарлығын жеңген Асхат былай деп бөлісті: “Мен отбасылық компьютерді барлығына көрінетіндей жерге қойып, порнографиялық сайттардан қорғайтын арнайы бағдарлама орнаттым. Сондай-ақ мен Интернетке айналамда адамдар бар кезде ғана кіремін”. Жоғарыда есімі аталып кеткен Таир да былай деп қосты: “Мен азғын ой салатын кинолар көрмеуге тырысамын және жыныстық қатынас туралы тұрпайы әңгіме айтатындармен араласпаймын. Мен сау басыма сақина тілеп алғым келмейді”.

Былай етіп көріңіз: Әлсіздіктеріңізге шыншылдықпен баға беріңіз және азғырылуыңыз мүмкін жағдайлардан қалай аулақ бола алатыныңызды алдын ала ойластырыңыз (Матай 6:13).

КҮРЕСУДІ ДОҒАРМАҢЫЗ!

Ал егер барыңызды салғаныңызға қарамастан, әлсіздігіңізге беріліп қалып жатсаңыз ше? Салыңыз суға кетпесін және күресуді доғармаңыз. Құдай Сөзінде: “Жеті рет жығылса да әділ жан, Қайта тұрып кетер орнынан”,— делінген (Нақыл сөздер 24:16). Иә, көктегі Әкеміз бізді жығылсақ та, “қайта тұруға” шақырады. Сіз оның сүйіспеншілікпен ұсынған көмегін қабыл аласыз ба? Онда оған дұға етуге ешқашан тартынбаңыз. Оның Сөзін оқу арқылы сеніміңізді нығайтыңыз. Табандылығыңызға қауым кездесулері дем беріп отырсын. Құдайдың: “Саған қуат беріп көмектесемін”,— деген уәдесін әрдайым жадыңызда ұстаңыз (Ишая 41:10).

Мақаланың басында есімі аталған Олжас әрі қарай былай дейді: “Порнография қарау әдетімді тастау үшін талмай күш салдым. Көп рет қайталап қойсам да, ақыры Ехобаның көмегімен бұл әдетімді жеңдім”. Кіріспеде сөздері келтірілген Данияр болса былай деп қосты: “Әріптесіммен жыныстық қатынасқа түсуге оп-оңай келісе салуым мүмкін еді. Бірақ мен шешімімде берік тұрып, оған “Жоқ!” дедім. Ар-ұжданың таза болса, өзіңді керемет сезінеді екенсің. Ал ең бастысы, Ехоба мені мақтан тұтатынын білемін”.

Берік тұрып, азғыруға берілмесеңіз, Құдай сізді де мақтан тұтатынына сенімді болыңыз! (Нақыл сөздер 27:11).

^ абзац 2 Бұл мақаладағы есімдер өзгертілген..