Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сіз білгенсіз бе?

Сіз білгенсіз бе?

Рим империясындағы құлдардың өмірлері қандай болған?

Римдік құлға тағылатын темірден жасалған қарғы

Рим империясында соғыстан жеңілген не кісі ұрлаудың құрбаны болған көптеген адамдар құлға айналған. Тұтқынға алынғандары саудаға салынатын және әдетте үйлері мен отбасыларын ешқашан қайтып көрмейтін.

Көптеген құлдар шахталарда өле-өлгенше жұмыс істейтін, ал фермаларда және үйлерде қызмет еткендердің жағдайы жақсырақ болатын. Құлдың мойнына темірден жасалған қарғы тағылатын. Онда қашып кеткен құлды иесіне қайтарған адамға сыйақы беріледі деген жазу не бирка болатын. Құл бірнеше рет қашып кетуге әрекет жасаса, оның маңдайына қашқын дегенді білдіретін фугитивус сөзінің “F” әрпі күйдіріліп басылатын.

Киелі кітапта Філімонға арналған хатта елші Пауылдың Онисым есімді қашқын құлды иесі Філімонға қайтарғаны жайлы жазылған. Філімон Онисымды қаталдықпен жазалауға құқығы бар болса да, Пауыл мәсіхшілік сүйіспеншілік пен достық қарым-қатынастарын алға тартып, Філімоннан оны “жылы қабылдауын” өтінген (Філімонға 10, 11,Філімонға 15—18).

Неліктен ежелгі Финикия күрең қызыл бояуымен танымал болған?

Қазіргі Ливан жерінде орналасқан ежелгі Финикия елі Тир қаласының атымен аталған тирлік күрең қызыл бояуымен танымал болған. Ежелгі Исраилдің патшасы Сүлеймен өзі соққан ғибадатхананы тирлік шебер дайындаған “күрең қызыл” түсті жүннен жасалған бұйымдармен әшекейлеген (Шежірелер 2-жазба 2:13, 14).

Тирлік күрең қызыл бояу сол уақыттағы ең бағалы бояу түрі болған. Өйткені бұл бояуды шығару көп тер төгуді талап ететін жұмыс еді. Алдымен, балықшылар теңізден мурекс моллюскаларын * өте көп мөлшерде жинайтын, себебі 12 000 жәндіктен бір ғана киімге жетерлік бояу шығатын. Содан кейін теңіз ұлуларының бояу беретін бездерін алу үшін, оларды қабыршақтарынан ажырататын. Сосын бояу өндірушілер алынған бездерге тұз қосып, бұл қоспаны далаға күннің астына үш күнге қоятын. Сосын оны беті жабылатын цистернаға салып, оған теңіз суын құятын және астына баяу от қойып, бірнеше күн бойы жылы күйде ұстайтын.

Жүздеген жылдар бойы сауда-саттық пен отарлау жүйесінің арқасында финикиялықтар тирлік күрең қызыл бояудың сатылуы мен өндірілуіне жағдай жасаған. Олардың бояу өндірісінің қалдықтары Жерорта теңізінің және Испанияның шығысындағы Кадис қаласының маңайында табылған.

^ абзац 8 Олардың қабыршақтарының ұзындығы 5—8 сантиметрге жетеді.