Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Томас Эмлин шындықты қорғаған ба, әлде Құдайға тіл тигізген бе?

Томас Эмлин шындықты қорғаған ба, әлде Құдайға тіл тигізген бе?

ТОМАС ЭМЛИН кім болған және шындықты қорғауға оны не талпындырды? Біз бүгінде бұл кісіден не нәрсеге үйрене аламыз?

Осы сұрақтардың жауабын білу үшін XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басындағы Англия мен Ирландияға оралайық. Сол кездерде англикан шіркеуі айтарлықтай билікке ие болған. Бірақ әртүрлі протестанттық топтар мен кейбір кісілер шіркеудің ілімдеріне қарсы болатын.

ОЛ КІМ БОЛҒАН?

Томас Эмлин де сол заманда, 1663 жылдың 27 мамырында, Англияның Линкольншир графтығының Стамфорд қаласында дүниеге келді. 19 жасында ол өзінің алғашқы уағызын айтты. Кейінірек Лондондағы бір графиняның жеке діни қызметкері болды, ал содан соң Ирландияның Белфаст қаласына қоныс аударды.

Уақыт өте келе ол Белфаст қаласындағы жергілікті шіркеуде қызмет етті. Кейіннен ол бірнеше жерде, оның ішінде Дублинде де, дін қызметшісі болды.

НЕЛІКТЕН ОҒАН “ҚҰДАЙҒА ТІЛ ТИГІЗДІ” ДЕГЕН АЙЫП ТАҒЫЛДЫ?

Сол кездері Томас Эмлин Киелі кітапты мұқият зерттеп жүрді. Зерттеулерінің нәтижесінде ол басында шындық деп қабылдаған үштік сеніміне күмәндана бастады. Інжілдің төрт кітабын тереңірек қарастыра келе, оның бұл күмәні растала түсті.

Томас бұл туралы жұртқа бірден жария етпеді. Десе де Дублин шіркеуіндегі уағызын тыңдаушылардың кейбірі оның үштік жайлы айтпайтынын байқады. Аталмыш тұжырымдамасын жұрт жылы қабылдамайтынын білген ол былай деп жазды: “Көзқарасымды ашық айтатын болсам, атқарып жүрген қызметімде қалуым екіталай”. 1702 жылдың маусымында екі жолдасы оған өз уағыздарында үштікті аузына алмайтыны үшін қарсылық білдірді. Сонда ол енді бұған сенбейтінін мойындап, қызметінен бас тартуға дайын екенін айтты.

Томас Эмлиннің Иса Мәсіхтің Құдай Тағала емес екендігін Жазбаларға негіздеп дәлелдеген басылымы

Содан бірнеше күннен кейін ол Дублиннен (Ирландия) кетіп, Англияға жол тартты. Алайда он аптадан кейін ол қайтып келді, себебі Лондонға біржолата көшу үшін кейбір тірліктерін бітіру қажет еді. Дублинде болған кезінде, ол өз сенімін дәлелдеу үшін “Иса Мәсіхке қатысты Жазбаларға жүргізілген кішігірім зерттеу жұмысы” атты еңбегін басып шығарды (“An Humble Inquiry Into the Scripture-Account of Jesus Christ”). Осы басылымда ол Исаның неге Құдай Тағала бола алмайтынына қатысты Жазбалардан нақты дәлел келтірді. Бұл оның Дублиндегі бұрынғы діни қауымындағы адамдардың қаһарын туғызды. Сөйтіп, сотқа Томастың үстінен ресми түрде шағым түсті.

Томас Эмлин 1703 жылдың 14 маусымында тұтқындалып, Дублиндегі Сотқа алып келінді. Өзінің “Сот ісін туралықпен баяндау” кітабында ол: “Иса Мәсіх Құдайға тең емес екені жайлы кітап жазып шығарғаным үшін маған айып тағылды. Олардың айтуынша, мен осылайша қаскөйлікпен әрекет еттім және Құдайға тіл тигіздім” (“True Narrative of the Proceedings”). Бұл сот ісі әділетсіз  өткен еді. Судьялардың қатарында Ирландия шіркеуінің жеті епископы отырды. Ал Томас Эмлинге өзін қорғап сөйлеуге тыйым салынды. Сол кездегі беделді заңгер Ричард Левинс оның “қолға түскен қасқырдай, ешқандай заңсыз, тергеусіз” сотталатынын айтты. Сот ісінің аяғында Ирландияның басты лорд-судьясы Ричард Пайн судьяларға: “Мұнда лорд-епископтарым отыр”,— деді. Бұнысымен олар Томасқа қатысты күтілген үкімді шығармаса, бұл үшін жазаға тартылатынына емеурін тастаған болса керек.

“Мен Құдай мен оның ұлылығы туралы шындық үшін қасірет шегуге дайынмын” (Томас Эмлин).

Томас Эмлин кінәлі деп табылған соң, бас прокурор оған өз көзқарасынан бас тартуды ұсынды. Алайда ол келіспеді. Оған айыппұл салынып, ол 1 жылға қамауға алынды. Айыппұлды төлей алмағандықтан, ол екі жыл бойы түрмеде жатты. Ақырында досы билік басындағылардан айыппұл көлемін азайтуды сұрады. Сөйтіп, Томас 1705 жылдың 21 шілдесінде қамаудан босатылды. Өз көзқарасы үшін қорлық көрген ол жоғарыда келтірілген сөздерді айтты: “Мен Құдай мен оның ұлылығы туралы шындық үшін қасірет шегуге дайынмын”.

Томас Лондонға көшіп барған соң, өзі сияқты Киелі кітапты зерттейтін Уильям Уистон есімді кісімен танысады. Ол Киелі кітаптан тапқан шындықты жариялағаны үшін қоғамнан аластатылған еді. Уильям Томас Эмлинді құрметтейтін және оны “алғашқы мәсіхшілікті ашық мойындаған бірінші және басты адам” деп атаған екен.

ОЛ НЕГЕ ҮШТІК СЕНІМІНЕН БАС ТАРТТЫ?

Уильям Уистон мен беделді зерттеуші Исаак Ньютон сияқты, Томас Эмлин де Афанасий Александрийский құраған христиан нанымының символында жазылған үштік ілімі шын мәнінде Киелі кітапқа негізделмегенін анықтады. Ол былай деп түсіндірді: “Әбден саралап-салмақтап, Киелі жазбаларды зерттеген соң... мен үштік сеніміне қатысты бұрынғы көзқарасымды өзгертуге келелі себеп таптым”. Ал сөзінің соңында былай деп жазды: “Иса Мәсіхтің Әкесі, яғни Құдай, жалғыз Тәңір Ие болып табылады”.

Томас қалайша бұндай тұжырымға келді? Ол Киелі кітаптан Иса мен оның Әкесінің айырмашылықтарына нұсқайтын көптеген жазба орындарын тапты. Солардың кейбірі төменде келтіріледі (Томас Эмлиннің түсініктемелері көлбеу қаріппен берілген):

  •  Жохан 17:3: “Мәсіх еш жерде жалғыз Құдай не Құдай Тағала деп аталмаған”. Көктегі Әке ғана “жалғыз шынайы Құдай” деп аталған.

  •  Жохан 5:30: “Ұлы өзінің емес, Әкесінің еркін орындайды”.

  •  Жохан 5:26: “Ұлына өмір берген — Әкесі”.

  •  Ефестіктерге 1:3: “Жазбаларда көбінесе Иса Мәсіх Құдай Ұлы деп, ал Әке Иеміз Исаның Әкесі деп аталған. Алайда біз еш жерден оның [Әкенің] Құдайдың Әкесі екенін оқымаймыз”.

Барлық дәлелдерді қарастырған соң, Томас Эмлин сенімділікпен былай деді: “Киелі жазбаларда Әкенің, Ұлдың және Киелі рухтың бір тұлға екендігі анық та нақты айтылған ешқандай жазба орны жоқ”.

БІЗ НЕ НӘРСЕГЕ ҮЙРЕНЕМІЗ?

Бүгінде көбісінің Киелі кітаптағы шындықты қорғауға батылдығы жете бермейді. Алайда Томас Эмлин бұған дайын болды. Ол: “Егер адам Киелі жазбалардан ап-анық көріп тұрған ең маңызды шындықтарды ашық мойындамайтын болса, онда Жазбаларды оқып-зерттеудің не қажеті бар?”— деп сұраған. Иә, Томас шындықтың жағында берік тұрды.

Томас Эмлин сияқты адамдардың қалдырған үлгісі бізді өз-өзімізді тексеруге талпындырады. Нанымдарымыз үшін жеккөрінішті болсақ, шындықтың жағында берік тұрамыз ба? Біз үшін не маңыздырақ: жұрттың құрмет-қошеметіне ие болу ма, әлде Құдай Сөзіндегі шындықты ұстану ма?