Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ТЕМЕКІ ШЕГУГЕ ҚАТЫСТЫ ҚҰДАЙДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ ҚАНДАЙ?

Темекі шегуге қатысты Құдайдың көзқарасы қандай?

Темекі шегуге қатысты Құдайдың көзқарасы қандай?

Кіріспе мақалада есімі аталған Наоко темекі шегуді қалай тастағанын айтып, былай дейді: “Құдайдың қасиеттері мен ниеті жайлы шындықты білгенім маған өмірімді өзгертуге көмектесті”. Бұл шындықтарды ол Киелі кітаптан тапты. Киелі кітапта темекі туралы еш нәрсе айтылмаса да, онда жазылғандар темекі шегуге қатысты Құдайдың қөзқарасын түсінуге көмектеседі *. Құдайдың көзқарасын білгендері көптеген адамдарға осы зиянды әдеттен бас тартуға және оны тастауға ерік-жігер берген (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17). Қазір темекі шегудің көпке танымал үш зиянды әсерін және олар жайлы Киелі кітапта не делінгенін қарастырып көрейік.

ТЕМЕКІ ШЕГУ ТӘУЕЛДІЛІК ТУДЫРАДЫ

Темекінің құрамында қатты тәуелділік тудыратын есірткі түрі — никотин бар. Ол адамға қоздырғыш және тыныштандырғыш ретінде де әсер етеді. Темекі шеккенде никотин адам миына бірнеше рет әрі жылдам жетеді. Адам темекінің түтінін ішке тартқан сайын никотиннің бір мөлшерін қабылдаса, онда күніне темекінің бір қорапшасын шегетін адам никотиннің 200 мөлшерін қабылдайды. Бұл есірткінің кез келген түрін қолданғанда қабылданатын мөлшерден әлдеқайда көп. Адамның никотинді мұндай мөлшерде қабылдауы қатты тәуелділік тудырады. Темекінің ілмегіне ілінген адам никотинді қабылдауға деген құмарлығын қанағаттандырмаса, өзін қоярға жер таппай, тағы да шегуді қалап тұрады.

“Кімге құл сияқты мойынсұнсаңдар, соның құлысыңдар” (Римдіктерге 6:16).

Егер сіз темекінің құлы болсаңыз, Құдайға мойынсұнамын деп айта аласыз ба?

Киелі кітапта былай делінген: “Сендер мынаны білесіңдер ғой: кімге құл сияқты мойынсұнсаңдар, соның құлысыңдар. Сондықтан сендер не өлімге душар ететін күнәнің, не әділдікке жеткізетін мойынсұнушылықтың құлысыңдар” (Римдіктерге 6:16). Егер де адамның есіл-дерті темекіге деген құмарлығын қандыру болса, ол көп ұзамай осы зиянды әдеттің құлына айналады. Алайда Жаратушымыз Ехоба * біздің тәнімізге ғана емес, рухымызға, яғни ой-санамызға зиян келтіретін әдеттерден азат болғанымызды қалайды (Аян 4:11; Қорынттықтарға 2-хат 7:1). Адамның Ехоба Құдайға деген ризашылығы мен құрметі артқан сайын, ол өзіндегі ең жақсыны беруге Ехобаның лайық екенін және әрі қарай да өлімге апаратын әдеттің құлы болып қала берсе, өзіндегі ең жақсыны бере алмайтынын түсінеді. Ал мұны түсінгені адамға бұл зиянды әдетке қарсы тұруға күш береді.

Германияда тұратын Олаф темекі шегуді 12 жасынан бастаған және 16 жыл бойы соның құрсауында болған. Алайда бұл зиянды әдетін жеңе алған ол былай дейді: “Ең алғашқы тартқан бір тал темекім еш қауіп төндірмейтін кішкентай дөңгелектелген қар сияқты болатын. Бірақ жылдар өте келе ол үлкен қар көшкініне айналды. Бір күні темекім бітіп қалғанда, өзімді қоярға жер таппағаным сонша — күлсауыттан темекінің тұқылдарын жинап, олардың ішіндегісін бір жапырақ қағазға орадым да, темекі жасап шектім. Қазір соны есіме алсам, бұл қылығым үшін ұяламын”. Осы зиянды әдеттен ол қалай арыла алды?  Олаф былай дейді: “Ехобаға ұнамды болуға деген қалауым осы әдетті тастауға қозғау салған негізгі себеп болды. Ехобаның адамзатқа деген сүйіспеншілігі мен маған беріп отырған үміті темекіні біржолата тастауға көмектесті”.

ТЕМЕКІ ШЕГУ ДЕНСАУЛЫҚҚА ЗИЯН

Бір анықтамалық кітапта: “Темекі тартудың... адамның барлық органдарына зақым келтіретіні және өлім мен ауру санын көбейтетіні ғылыми тұрғыдан дәлелденген”,— деп жазылған болатын (“The Tobacco Atlas”). Темекі шегудің жүрек пен өкпе аурулары және қатерлі ісік сияқты ауруларға себепші болатыны белгілі. Алайда Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының (ДДСҰ) мәлімдемесіне сай, темекі шегу туберкулез сияқты жұқпалы аурулардан көз жұмудың басты себебі болып отыр.

“Ехоба Құдайыңды шын жүректен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” (Матай 22:37).

Құдай берген тәніңізді зиянды әдетпен арамдайтын болсаңыз, Құдайды жақсы көремін және оны құрметтеймін деп айта аласыз ба?

Ехоба Құдай өзінің Сөзі Киелі кітап арқылы өмірімізге, тәнімізге және қабілеттерімізге деген дұрыс көзқарас ұстануды үйретеді. Иса пайғамбар осыған қатысты: “Ехоба Құдайыңды шын жүректен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!”— деген (Матай 22:37). Иә, Құдай өміріміз бен тәнімізді дұрыс әрі құрметпен қолданғанымызды қалайды. Ехоба мен оның уәделері жайлы білген сайын, оның біз үшін жасаған барлық игілігін бағалап, риза болатынымыз сөзсіз. Бұл бізді тәнімізді арамдайтын кез келген нәрседен аулақ болуға талпындырады.

Үндістандағы Жаявант есімді бір дәрігер 38 жыл бойы шылым шеккен екен. “Медициналық журналдардан темекінің қаншалықты зиян екенін оқығанмын,— дейді ол.— Сондықтан бұл әдеттің дұрыс емес екенін жақсы білетінмін және емделушілеріме темекіні тастауға кеңес беретінмін. Бірақ бес-алты рет тырысқаныма қарамастан, бұл әдеттен өзім арыла алмадым”. Алайда бұл дәрігерге темекіні тастауға не көмектесті? Ол былай дейді: “Киелі кітап жайлы білім алғанымның арқасында темекі тартуды қоя алдым. Ехоба Құдайға ұнамды болуға деген ықыласым шылым шегу әдетінен бірден арылуға көмектесті”.

ТЕМЕКІ ШЕГУ ӨЗГЕЛЕРГЕ ДЕ ЗИЯН КЕЛТІРЕДІ

Темекі тартқанда деммен шығарылатын түтін де, жай тұтанып тұрған темекінің түтіні де өте улы. Шылым шекпейтін адамның осындай түтінді жұтқаны қатерлі ісік пен басқа да ауруларға әкеп соғуы мүмкін. Жыл сайын көбінесе әйелдер мен балаларды құрайтын 600 000 шылым шекпейтін адам темекі түтінінің кесірінен көз жұмады. ДДСҰ-ның ескертуінше:  “Темекі түтінінің жанама әсерінің кез келген мөлшері адам үшін өте қауіпті”.

“Жақыныңды өзіңді сүйгендей сүй” (Матай 22:39).

Отбасыңыз бен жақындарыңызға шылымның түтіні арқылы зиян келтірсеңіз, оларды жақсы көремін деп айта аласыз ба?

Иса пайғамбар айтқандай, жақынымызды, яғни отбасымызды, достарымызды және айналамыздағы адамдарды сүю — Құдайды сүюден кейін тұрған екінші өсиет. Иса: “Жақыныңды өзіңді сүйгендей сүй”,— деген болатын (Матай 22:39). Айналамыздағы адамдарға зиян келтіретін әдеттен арылмасақ, жақынымызды сүйетінімізді көрсете алмаймыз. Шынайы сүйіспеншілік: “Әркім өзінің емес, өзгенің игілігін ойласын”,— деген Киелі кітаптағы кеңеске құлақ асуға талпындырады (Қорынттықтарға 1-хат 10:24).

Арменияда тұратын Армен есімді кісі былай дейді: “Темекі түтіні отбасыма әсер еткендіктен, олар менен темекіні тастауды өтінетін. Бірақ мен түтіннің оларға зиянды әсерінің бар екенін мойындағым келмейтін”. Көзқарасының өзгеруіне не себеп болғанын түсіндіріп, ол былай дейді: “Киелі кітаптан алған білімім және Ехоба Құдайға деген сүйіспеншілігім, сондай-ақ темекінің тек өзіме ғана емес, айналамдағы адамдарға да зиян екенін түсінгенім маған темекіні тастауға көмектесті”.

ТЕМЕКІ МӘҢГІЛІККЕ ЖОЙЫЛАДЫ!

Жоғарыда аталып кеткен Олаф, Жаявант және Арменге өздеріне де, өзгелерге де кесірін тигізетін осы әдеттен арылуға Киелі кітаптағы білім көмектескен. Олар темекіні зиян болғандықтан ғана емес, Ехобаны жақсы көргендіктен және оған ұнамды болуды қалағандықтан тастай алды. Құдайға деген сүйіспеншіліктің қаншалықты маңызды екені Жоханның 1-хаты 5:3-те айқын көрінеді. Онда: “Құдайды сүю дегеніміз — оның өсиеттерін орындау. Ал оның өсиеттерін орындау ауыр емес”,— деп жазылған. Әрине, Киелі кітаптағы кеңестерге құлақ асу әрдайым оңай бола бермейді. Бірақ адамның Құдайға деген ыстық сүйіспеншілігі болса, мойынсұнушылық таныту қиын болмайды.

Дүниежүзілік тәлім беру ісі арқылы Ехоба Құдай миллиондаған адамға темекінің құлдығынан босауға және оған мүлдем жоламауға көмектесуде (Тімөтеге 1-хат 2:3, 4). Жуырда ол өзінің Патшалығы арқылы, яғни патшасы Иса Мәсіх болып табылатын көктегі үкімет арқылы, миллиондаған адамды темекінің құлына айналдырып отырған ашкөз коммерциялық жүйені жоятын болады. Ол темекі індетін мәңгілікке жояды және мойынсұнғыш адамдардың тәні мен ой-саналарын кемелділікке жеткізеді (Ишая 33:24; Аян 19:11, 15).

Егер сіз темекіні тастауға күш салып жүрген болсаңыз, еш берілмеңіз. Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз және оның темекіге деген көзқарасын түсінгеніңіз, сізді де темекіні тастауға талпындырары сөзсіз. Ехоба куәгерлері сізге Киелі кітаптағы принциптерді білуге және ұстануға қуана-қуана көмектеседі. Темекіге деген тәуелділіктен арылуға Ехоба Құдайдың көмектескенін қаласаңыз, ол сізге қажетті күш беретініне сенімді болыңыз (Філіпіліктерге 4:13).

^ абзац 3 Темекі шегуге түтінді темекіден, сигарадан, түтік темекісінен не қор-қордан (кальян) тікелей тарту жатады. Алайда мақалада келтірілетін кеңестер электронды темекіге, шайналатын не иіскейтін және тағы басқа темекі өнімдеріне қатысты.

^ абзац 6 Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі.