Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ТЕМЕКІ ШЕГУГЕ ҚАТЫСТЫ ҚҰДАЙДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ ҚАНДАЙ?

Жаһандық індет

Жаһандық індет

Темекі — қатыгез кісі өлтіруші.

  • Өткен ғасырда темекінің кесірінен 100 000 000 адам өмірінен айырылды.

  • Бүгінде ол жылына 6 000 000-дай адамның өмірін жалмауда.

  • Орта есеппен алғанда, темекі әр алты секунд сайын бір адамның өмірін қияды.

Өкінішке қарай, бұл қайғылы көрсеткіштің саны азаяр емес.

Билік басындағылардың айтуынша, қазіргі үрдіске тосқауыл қойылмаса, 2030 жылға қарай темекі індетінің құрбандар саны жылына 8 000 000-нан асуы мүмкін. Ал ХХІ ғасырдың соңына таман бұл зиянды әдет 1 000 000 000 адамның өмірін жалмауы мүмкін.

Темекінің құрбандары оны шегетіндермен ғана шектелмейді. Олардың арасында шылым шегушілердің эмоциялық және қаржы жағынан зардап көріп жатқан отбасы мүшелері бар. Сондай-ақ жылына темекі түтінінің кесірінен темекі шекпейтін 600 000 адам қайтыс болады. Оның үстіне медициналық қызметтің қымбаттап жатқанын ескерсек, темекінің кесірі, түптеп келгенде, барлық адамға тиеді.

Дәрігерлер емін табуға тырысып жатқан басқа індеттерге қарағанда, темекі індетінің емі бар және ол бәріне белгілі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Маргарет Чан былай дейді: “Темекі індеті — адамдар ойлап шығарған індет және оны үкімет пен азаматтық қоғамның бірлесе отырып жеңуіне болады”.

Бүгінде дүниежүзі бойынша бұл зиянды әдетке қарсы күрес бұрын-соңды болмағандай жүргізілуде. 2012 жылдың тамыз айынан бастап, 175 ел темекі өнімдерін пайдалануға шектеу қою үшін шара қолдану туралы шешім қабылдады *. Алайда бұл індеттің өрши түсуіне қатты ықпал ететін екі жайт бар. Біріншіден, жыл сайын темекі өнеркәсібі өз өнімдерін жарнамалау үшін миллиардтаған доллар ақша жұмсайды. Осылайша олар жаңа тұтынушыларды, әсіресе дамушы елдерде тұратын әйелдер мен жастарды еліктіреді. Екіншіден, темекінің тәуелділік тудыратын қасиеті бар. Мұны ескерсек, темекіге әуес болып қалған бір миллиард адамның өміріне төніп тұрған қауіп көбеймесе, азаяр емес. Темекі шегетіндер бұл әдеттерін тастамаса, келесі төрт онжылдықта өлім саны өсе бермек.

Темекіге деген тәуелділіктің пайда болуы және жарнамалардың көбеюі осы әдеттен арылуды қалайтын көптеген адамды өз уысынан шығарар емес. Наоко есімді әйел бұл жағдаймен жақсы таныс. Ол жасөспірім кезінен темекі шеге бастаған. Темекі шегудің бағдарламалар мен фильмдерде тартымды етіп көрсетілгені оның осы зиянды әдетке деген қалауын оятқан. Ол ата-анасының өкпе қатерлі ісігінен қайтыс болғанына және екі қыз тәрбиелеп отырғанына қарамастан, шылым шегуді жалғастыра берген. Наоко былай дейді: “Мен өкпе қатерлі ісігімен ауырып қалудан қорқатынмын және қыздарымның денсаулығын да ойлап уайымдайтынмын. Бірақ сонда да мен бұл әдетімді тастай алмадым, тіпті ешқашан тастай алмаспын деп ойладым”.

Десе де Наоко темекіні тастай алды. Миллиондаған адамға бұл жаман әдеттен арылуға көмектескен бір жайт Наокоға да темекіден бас тартуға ерік-жігер берді. Ол не болды екен? Бұл жайлы келесі мақаладан оқи аласыз.

^ абзац 11 Бұл шараларға темекі шегудің қаупі жөнінде адамдарды ескерту, темекі өндіру мен оны сатуға шектеулер қою, темекі өнімдеріне салықты көбейту және адамдарға темекіні тастауға көмектесетін бағдарламалар ұйымдастыру жатады.