Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

Әділетсіздік пен зұлымдыққа қарсы өз күресімді жүргіздім

Әділетсіздік пен зұлымдыққа қарсы өз күресімді жүргіздім
  • ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1960

  • ЕЛІ: ЛИВАН

  • БҰРЫНДА: КОНГ-ФУ ШЕБЕРІ БОЛҒАН

ӨМІРБАЯНЫМ:

Балалық шағым Ливанның Израиль шегарасына жақын жеріндегі Рмейш қаласында азамат соғысы кезінде өтті. Миналардың жарылғаны, аяқ-қолдарынан айырылған жазықсыз жандар әлі де көз алдымда. Өмір қиын болатын. Қылмыс пен зұлымдық кең тараған еді.

Отбасымыз Шығыс католик шіркеуіне жататын Маронит шіркеуінің мүшесі еді. Әкем 12 адамнан тұратын отбасымызды асырау үшін көп жұмыс істейтін. Ал анам бірімізді қалдырмай шіркеуге апарып жүрді. Уақыт өте келе мен шіркеудің де, жалпы қоғамдық ұйымдардың да әлсіздерге көмектесуге дәрменсіз екенін түсіндім.

Жасөспірім кезімде конг-фуға қызыға бастадым. Тынбай жаттыққанның арқасында қолмен соғуды, аяқпен тебуді, түрлі қару-жарақты қолданып, төбелесуді шебер меңгеріп алдым. Мен соғысты тоқтата алмасам да, бұзақыларды тоқтатуға тырысуға бекіндім. Екі адамның төбелесіп жатқанын көрсем, бірден араласып кететінмін. Мінезім қызба, ашуға тез берілгіш едім. Ливанның оңтүстігіндегі адамдардың барлығы менен қорқатын. Өйткені мен әділетсіздік пен зұлымдыққа қарсы өз күресімді жүргізіп жатқан едім.

1980 жылы Бейруттағы конг-фу клубына қосылдым. Күн сайын айналада бомбалар, снарядтар, ракеталар жарылып жатса да, жаттығулардан қалмай жүрдім. Американдық қытай актері әрі конг-фу чемпионы Брюс Лиға барлық жағынан еліктейтінмін. Ішіп-жегенім, жатып-тұрғаным, шаш қою үлгім, жүрісім және конг-фудағы төбелесу мәнерім де соныкіндей болды. Езу тартып күлу дегенді ұмыттым.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:

Мен Қытайдың конг-фу шебері болуды мақсат етіп жүрген едім. Бір күні кешке, Қытайға бару үшін жаттығып жатқанымда, есік қағылды. Досым өзімен екі Куәгерді ертіп келген екен. Үстімде — қара түсті жаттығу киімі, өзім борша-борша терлеп тұрғанмын. Оларға: “Менің Киелі кітаптан еш хабарым жоқ”,— дедім. Бұл кездесудің өмірімді өзгеретінін білмеген едім.

Куәгерлер маған адамдар өз күшімен зұлымдықты толық жойып, әділдікті орната алмайтынын Киелі кітаптан көрсетті. Олар мұндай қиындықтардың себепшісі Шайтан Ібіліс екенін айтты (Аян 12:12). Мен Куәгерлердің сенімділігін, бойларындағы тыныштығын көріп, таңғалдым. Олар Киелі кітаптан Құдайдың есімін көрсеткенде, қатты әсер алдым (Забур 82:19). Сондай-ақ олар маған Тімөтенің 1-хаты 4:8-ден мына сөздерді оқып берді: “Денені шынықтырудың біраз пайдасы бар, ал Құдайға ұнамды жүру барлық жағынан да пайдалы: Құдайдың уәдесі бойынша ол осы және болашақ өмірде де игілікті”. Бұл сөздер өмірімді күрт өзгертті.

Өкінішке қарай, Куәгерлермен байланыс үзіліп қалды. Отбасым оларға қайтып келмеңдер деген екен. Ал мен конг-фуды тастап, Киелі кітап зерттеуді бастауды ойлап жүрген едім. Бұл ойым бауырларыма ұнамады. Сонда да Куәгерлерді тауып, солармен Киелі кітап зерттеуге бел будым.

Куәгерлерді іздеуді жалғастыра бердім, бірақ таба алмадым. Сол аралықта әкем күтпеген жерден қайтыс болды. Отбасымда басқа да қайғылы жайттар орын алды. Мұның бәрі маған ауыр соққы болды. Мен бір құрылыс компаниясында жұмыс істей бастаған едім. Бір күні Адел есімді әріптесім мені тоқтатып, неге мұңайып жүргенімді сұрады. Содан ол маған Киелі кітапта жазылған қайта тірілу үміті жайлы айтып берді. Өте мейірімді бұл Куәгер тоғыз ай бойы Киелі кітапты зерттеу барысында маған зор шыдамдылық танытты.

Киелі кітапты зерттеген сайын, мінезімді өзгертуім керек екенін түсіндім. Бұл оңай болмады. Себебі мен ашушаң, тез көтеріліп кететін едім. Киелі кітаптан өз-өзімді жүгендеуді және әр нәрсеге ерегісе бермеуді үйрендім. Мысалы, Матай 5:44-те Иса: “Ұдайы жауларыңды жақсы көріңдер және өздеріңді қудалап жатқандар үшін дұға ете беріңдер”,— деп үйреткен. Ал Римдіктерге 12:19-да мынадай ескерту жазылған: “Өздерің үшін кек алмаңдар,.. Өйткені былай деп жазылған ғой: “Кек алу — менің ісім, есесін мен қайтарамын,— дейді Ехоба”. Осы және басқа да жазба орындары жантыныштығын сезінуге көмектесті.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:

Басында Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп жүргеніме отбасым қарсы болды. Бірақ кейіннен көзқарастары өзгеріп, Куәгерлерді құрметтейтін болды. Қазір інім менімен бірге Ехобаға ғибадат етеді. Анам болса өмірінің соңына дейін басқалардың алдында біздің сенімімізді қорғап өтті.

Құдайдың маған берген тағы бір батасы — Анита есімді адал жарым. Екеуіміз Құдайға толық уақытты қызмет етудеміз. Біз 2000 жылдан бері Ескелстунада (Швеция) араб тілінде сөйлейтін адамдарға Киелі кітаппен танысуға көмектесіп жүрміз.

Зұлымдықтың кесірінен адамдардың азап шегіп жатқаны әлі де жаныма батады. Бірақ қайғы-қасіреттің орын алу себебін және Құдайдың жақында оны тоқтататынын білгенім жүрегіме тыныштық пен қуаныш береді (Забур 36:29).

Әйелім екеуіміз Құдайға қызмет етіп жүргенімізге бақыттымыз. Біз адамдарға Ехоба туралы айтуды ұнатамыз.