Отағасы — нәзік жанның қорғанышы
ОТАҒАСЫ асыл жарына қай жағынан қорғаныш бола алады? Күйеудің басты міндеті — отбасын асырау деген қағида көп адамның санасына сіңіп қалған. Алайда қаржы жағынан таршылық көрмейтін әйелдер эмоциялық жағынан өздерін қорғансыз сезініп жатады. Роза есімді испандық әйел жолдасы жайлы былай дейді: “Сыртта ол — сондай сыпайы адам, ал үйде жүргенде нағыз дөрекі күйеу”. Нигерияда тұратын Джой болса былай деп ой бөлісті: “Күйеуіммен келіспеген кезде, ол маған былай дейтін: “Мен сенің күйеуіңмін, айтқанымды екі етпей орында!”
Отағасы өз міндетін қалай мейіріммен атқара алады? Әйелі үйінде өзін жайлы сезіну үшін күйеуі не істей алады? (Рут 1:9).
ОТАҒАСЫНЫҢ БИЛІГІ
Құдай күйеу мен әйелді тең көргенмен, Киелі кітапта олардың әрқайсысының өз міндеті бар екені айтылған. Римдіктерге 7:2-де “күйеудің заңы” бар екені әрі тұрмыстағы әйел сол заңға бағыну керектігі жазылған. Қандай да бір ұйымның ісі алға жүру үшін басшы тағайындалатыны сияқты, Құдай да отбасы бақыты үшін күйеуді әйелдің басы етіп қойған (Қорынттықтарға 1-хат 11:3). Сондықтан әр үйдің отағасы басшылықты өз қолына алу керек.
Отағасылар Хақ Тағала берген билікке қалай қарау керек? Құдай Сөзінде: “Әрдайым әйелдеріңді сүйіңдер. Мәсіх те қауымды сүйді, әрі сол үшін өмірін қиды”,— деп жазылған (Ефестіктерге 5:25). Иса пайғамбар ешқашан үйленбеген болса да, оның үлгісі жақсы күйеу болуға көмектесе алады. Қалайша?
ИСА ПАЙҒАМБАР ОТАҒАСЫНА ҮЛГІ
Иса пайғамбар өзгелерді сергітіп, жүгін жеңілдеткен. Иса пайғамбар қиындықтан еңселері түсіп, қажығандарға мынадай уәде берген: “Маған келіңдер, мен жандарыңды сергітемін” (Матай 11:28, 29). Иса олардың жанына батқан ауруларын емдеп, рухани жағынан сергіткен. Иә, ауыртпалықтарын жеңілдететініне сенімді болған адамдар оған емін-еркін жақындаған.
Отағасылар не үйрене алады? Жұбайыңыздың жүгін қалай жеңілдетуге болатынын ойлап көріңіз. Кейбір әйелдерге Розаның сезімі таңсық емес. Ол былай деген
еді: “Мен күйеуім үшін тура бір күң сияқтымын”. Ал бақытты бір отбасының отағасы Кваку былай дейді: “Мен әдетте жарымнан қандай көмек керек екенін сұраймын. Мен әйелімді сүйемін, сондықтан үй тірлігіне қолғабыс етуге өзім ықылас білдіремін”.Иса пайғамбар адам жанын түсінген әрі жанашыр болған. Бір кедей әйел 12 жыл бойы ауыр дерттен қасірет шеккен болатын. Иса пайғамбардың керемет жасайтынын естігенде, ол ішінен: “Ең болмағанда, жамылғысына қолымды тигізсем, айығып кетемін”,— деумен болды. Ол қателеспеді. Пайғамбарға жақындап, жамылғысына қолын тигізгенде, бірден айығып кетті. Мұны көргендердің кейбірі әйелдің бұл әрекеті барып тұрған өрескелдік деп ойласа керек, бірақ Иса пайғамбар дәрменсіз әйелдің мүшкіл халін жақсы түсінген *. Ол мейірімді үнмен: “Қызым,.. жаныңа батқан дерттен сауықтың”,— деді. Әйелді жазғырып, ұятқа қалдырған жоқ, қайта, оның дертіне түсіне қараған. Осылайша Иса жанашыр адам екенін көрсетті (Марқа 5:25—34).
Отағасылар не үйрене алады? Әйеліңіз өзін жайсыз сезінгенде, оның жанын ерекше түсініп, шыдамды болуға тырысыңыз. Өзіңізді жарыңыздың орнына қойып көріп, сезімдерін түсініңіз. Рикардо есімді отағасы былай дейді: “Әйелім өте сезімтал болған күндері оның көңілін одан бетер түсіретін сөздер айтпауға қатты тырысамын”.
Иса пайғамбар ізбасарларымен пікір алысқан. Иса достарымен көп әңгімелесіп, пікір алысқан. “Әкемнен естігендерімнің бәрін сендерге білдірдім”,— деді ол (Жохан 15:15). Ойланып-толғану үшін, сиыну үшін Иса пайғамбардың кейде оңаша қалғысы келгені рас. Алайда ол жүрек түбінде жатқан сезімдерін ізбасарларына ашық айтқан. Өлер алдындағы түні достарына өзінің қылмыскер ретінде өлтірілетініне “жаны өлердей қайғырып тұрғанын” бүкпесіз айтқан болатын (Матай 26:38). Достарының кейбір әрекеттері көңілін қалдырса да, Иса олармен сөйлесуін доғармаған (Матай 26:40, 41).
Отағасылар не үйрене алады? Жұбайыңызға не ойлайтыңызды, не сезінетініңізді бүкпей ашық айтыңыз. Кейбір әйелдер күйеулері жайлы жұрт алдында аузын жаппас, маған келгенде сөз таппас деп күйініп жатады. Ал сырлас күйеуі бар Анна былай дейді: “Ол мені шын сүйетінін сеземін әрі мұнысы мені оған тартып тұрады”.
Әйелімді жазалаймын деп “үндемес” ойынын қару ретінде қолданбаңыз. “Күйеуім маған өкпелегенде, бірнеше күн бойы менімен сөйлеспей қоятын. Бұдан өзімді кінәлі де жеккөрінішті сезініп кететінмін”,— дейді бір әйел. Ал Эдвин Иса пайғамбардың үлгісіне еліктеуге тырысады. “Ашуланып тұрған кезімде мен бірден жауап бермеймін,— дейді ол,— мәселені талқылау үшін оңтайлы сәтті күтемін”.
Жоғарыда есімі аталған Джой күйеуі Ехоба куәгерімен Киелі кітапты зерттей бастағанда өзгере бастағанын байқайды. Джой былай дейді: “Ол жақсы жаққа өзгерді. Исаны үлгі тұтып, мейірімді күйеу болуға қатты тырысып жүр”. Бұлар ғана емес, Киелі кітаптағы кеңестердің пайдасын миллиондаған ерлі-зайыпты көруде. Олардың қатарына қосылғыңыз келер ме еді? Онда Ехоба куәгерлерін кездестіргенде, тегін өтетін Киелі кітап зерттеуді сұрасаңыз болады.
^ 10-абзац Мұса Заңы бойынша, осындай халдегі әйелдер діни тұрғыдан таза емес болып есептелетін. Сондықтан оның қолы тиген кез келген адам таза емес деп саналатын (Мұсаның 3-жазбасы 15:19, 25).