Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | КИЕЛІ КІТАП ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ

Ғылымның адам өміріндегі рөлі

Ғылымның адам өміріндегі рөлі

Ғылым дегеніміз не? Бір сөздікте келесідей анықтама берілген: “Ғылым — табиғат пен қоршаған әлемді бақылау, ғылыми тәжірибе жүргізу мен өлшемдер арқылы зерттеу”. Иә, мұндай жұмыс қажырлы еңбекті талап етеді. Ғалымдар тәжірибе мен бақылау жүргізумен апталап, айлап, тіпті жылдап айналысады, бірақ кейде еңбектері ақталмай жатады. Дегенмен көп жағдайда ғылым адамзатқа игілік әкеледі. Бірнеше мысалды қарастырып көрейік.

Еуропадағы бір компания қатты пластик пен соңғы үлгідегі сүзгіштерден жасалған су тазартатын құрылғы ойлап шығарды. Оның арқасында адам ластанған суды ішсе де, ауырып қалмайды. Осы сынды құрылғылар табиғи апат орын алған кезде көп көмегін тигізеді. Мысалы, аталмыш құрылғы 2010 жылы Гаитиде болған жер сілкінісі кезінде қолданылды.

Ғылымның тағы бір жетістігі — жаһандық позициялау жүйесі (GPS “Джи Пи Эс” деп оқылады). Ол аспан кеңістігіндегі жасанды жерсеріктердің сигналымен жұмыс істейді. GPS жүйесі алғашында әскери мақсатта жасалған. Ал қазіргі таңда осы жүйе арқылы көлік, кеме жүргізушілері, ұшқыштар, тіпті аңшылар мен саяхатшылар да өз жолынан адаспайды. GPS жүйесін ойлап тапқан ғалымдардың арқасында қалаған жерімізге жету оңайлай түсті.

Сіз ұялы телефон, компьютер не ғаламтор қолданасыз ба? Ұшақпен саяхаттағансыз ба? Я болмаса озық медицинаның арқасында денсаулығыңызды жақсартып, тіпті қалпына келтірген шығарсыз? Солай болса, сіз ғылымның әкелген жемістерін көріп жүрсіз. Иә, ғылым адам өміріне көп жағынан игілікті ықпал етті.

ҒЫЛЫМҒА АШЫЛМАҒАН СЫР

Қазіргі таңда білім өрісін кеңейту мақсатымен ғалымдар қоршаған ортаны тереңінен зерттеуде. Ядролық физика мамандары атомның құрылысына үңіле түссе, астрофизиктер миллиардтаған жылдарды кері жылжытып, ғаламның пайда болу тарихын түсінуге тырысуда. Зерттеу аясын кеңейту мақсатымен ғалымдар тіпті көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын дүниелерді ашуға күш салуда. Киелі кітапта айтылған Құдай шын мәнінде бар болса, осы уақытқа дейін оны табатын едік деп ойлайтындары да бар.

Ал кейбір танымал ғалымдар мен пәлсапашылар мұнымен шектелмейді. Амир Аксел есімді ғылыми кітаптардың авторы айтқандай, олар “Құдайдың жоқтығына ғылыми дәлел” тапқысы келеді. Мәселен, әлемге танылған бір физик өз кітабында: “Ғаламда маңызды рөл атқаратын Құдайдың бар екеніне ешқандай айғақ болмаса, демек, Құдай жоқ деген күмәннің рас болып шыққаны”,— деп жазған. Киелі кітапта Құдай жасады деп суреттелген ғажайыптарды бар болғаны “сиқырлық” не “түсіндіруге келмейтін айла-әрекет” қана дегенге саятын ғалымдар да бар *.

Алайда көңіл бөлетін бір жайт бар. Нақты тұжырым жасай алатындай, ғылым табиғат әлемінің қыр-сырын аяғына дейін меңгерді ме? Жоқ. Ғылым зор жетістіктерге жетті, әйткенмен әлі белгісіз, бәлкім, белгісіз болып қала беретін құбылыстардың бар екенін көптеген ғалым мойындайды. Нобель сыйлығының иегері, атақты физик Стивен Вайнберг қоршаған әлемді зерттеуге қатысты: “Біз ешқашан мұның түбіне жете алмаймыз”,— деген. Ал Ұлыбританияның корольдық астрономы Мартин Рис “адамзат ешқашан түсіне алмайтын жайттардың болуы мүмкін” екенін жазған. Шындығына келгенде, бізді қоршаған ортаның басым бөлігі — титтей жасушадан ұшан-теңіз ғаламға дейін — қазіргі ғылымға әлі де ашылмаған сыр. Бұған бірнеше дәлел келтірейік.

  • Биологтар жасушада болатын процестерді толықтай түсіне алмайды. Жасуша энергияны қалай жұмсайды, ақуызды қалай түзеді, қалай бөлінеді деген сұрақтарға ғылым әлі де болса толыққанды жауап тапқан жоқ.

  • Тартылыс күшінің әсерін біз күн сайын, секунд сайын сезінеміз. Алайда физиктер үшін бұл бір құпия сыр. Өйткені олар адам секіргенде, тартылыс күші қалай оны жерге қайтып түсіретінін, я болмаса қалай Айды Жердің айналасында ұстап тұратынын толық білмейді.

  • Космология мамандарының есептеуінше, ғаламның шамамен 95 пайызын құрайтын субстанцияны қазіргі ғылыми құрылғылармен көру не тіркеу мүмкін емес. Олар бұл құпия субстанцияны қара материя мен қара энергия деп екіге бөледі. Бұлардың не екені әлі күнге дейін анықталмаған.

Ғалымдарды тығырыққа тірейтін басқа да белгісіз жайттар бар. Бұл нені көрсетеді? Бір атақты ғылыми жазушы былай деген: “Білетінімізден гөрі білмейтініміз әлдеқайда көп. Ғылым ой-өрісімізді тарылтпау керек, қайта таңдандыра түсіп, одан да тереңірек білуге талпындыру керек деп ойлаймын”.

Сонымен, ғылым Киелі кітапты алмастырып, Құдайға деген сенімді жоқ қылуы мүмкін бе? Бұл сізді мазаласа, мына жайлы ойланып көріңіз: егер данышпан ғалымдар озық құралдарымен қоршаған әлем туралы шектеулі ғана білімге қол жеткізген болса, олар әлі анықтай алмаған жайттардан бас тарта салғанымыз қисынға жата ма? Осы орайда “Британ энциклопедиясындағы” астрономияның тарихы мен дамуы жайлы үлкен мақаланың қорытындысын келтірсек: “Шамамен 4000 жылдық астрономия тарихынан кейін, ғаламды түсіну ежелгі бабылдықтарға қандай қиын болса, қазір де сондай қиын”.

Ехоба куәгерлері әрбір адамның бұл мәселеге қатысты таңдау құқығына құрметпен қарайды. Олар Киелі кітапта жазылған мына нұсқауды ұстануға тырысады: “Сендердің есті екендеріңді жұрттың бәрі көретін болсын” (Філіпіліктерге 4:5). Осы сөздерге сай, біз сізді естілік пен парасаттылық танытып, Киелі кітап пен ғылымның қалай үйлесетінін және бір-бірін қалай толықтыратынын қарастыруға шақырамыз.

^ 9-абзац Кейбір адамдар шіркеудің бұрын үйреткен не қазір үйрететін ілімдері үшін Киелі кітапты мойындамайды. Мысалы, оған “Жер планетасы — ғаламның кіндігі” немесе “Құдай әлемді 24 сағаттық алты тәулікте жаратты” деген ілімдер жатады. “ Киелі кітап ғылыми айғақтармен үйлесе ме?” қоршауын қараңыз.