ӨМІРБАЯН
Сәнді өмірден гөрі мәнді өмірді таңдадым
1984 жылдың бір кешінде-ақ мен қарапайым қыздан атақты жұлдызға айналдым: сол күні “Мисс Гонконг” тәжін кидім. Содан кейін суретім газет-журналдардың бірінші беттерінен түспейтін болды. Ән де айттым, би де биледім, көпшілік алдында сөз сөйледім, теледидар бағдарламаларын жүргіздім, әдемі киімдер киіп, Гонконгтың елбасымен қатар, басқа да атақты адамдармен жұрт алдына шығып жүрдім.
Келесі жылы түрлі киноға түсе бастадым, кейбірінде басты рөлді сомдадым. Қайда жүрсем де, жұрттың назары менде еді. Журналистер менімен сұхбаттасуға асықса, фотографтар суретке түсіріп қалғысы келетін. Басқалар түрлі премьераларға, салтанатты тұсаукесер рәсімдеріне, түскі не кешкі астарға шақыратын.
Бірақ бірте-бірте мұның бәрі мен ойлағандай қызығарлық өмір емес екенін түсіндім. Атыс-шабыс жанрындағы фильмдерге жиі түскенім қауіпті еді. Ол кезде Гонконг актёрлері Голливуд актёрлеріне қарағанда дублёрді жалдай бермейтін, сондықтан мотоциклді көліктің үстімен айдау сияқты қиын трюктерді өзім жасайтынмын. Мен ойнаған фильмдердің көбісінде өнегесіздік пен қатыгездік, ал кейбірінде жын-перілерге сенумен байланысты көріністер көрсетілетін.
1995 жылы мен бір кинопродюссерге күйеуге шықтым. Атақ-даңқ, байлық, жақсы күйеу — бақытты болу үшін менде бәрі бардай көрінгенмен, көңілімді мұң басып, жабырқап кеткен едім. Сөйтіп, бұдан былай киноға түспеуді шештім.
БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМДАҒЫ СЕНІМІМДІ ЕСКЕ АЛУ
Сол кездері балалық шағымдағы Құдайға деген сенімімді сүйсіне еске ала бастадым. Әр сенбі сайын әпкем екеуміз Ехоба куәгерлерінің бір отбасына барып тұрушы едік. Джо Маграт өзінің үш қызымен бірге бізге де Киелі кітаптан тәлім беретін. Олардың отбасы сүйіспеншілік лебі ескен жылы ұядай болатын. Джо ағай әйелі мен қыздарына сыйластықпен қарайтын. Мен олармен Ехоба куәгерлерінің жиналыстарына, кейде үлкен жиындарына да баратынмын. Сол күндер менің бақытты шақтарым еді. Куәгерлердің ортасында өзімді қауіпсіз сезінетінмін.
Ол кезде менің отбасымның, керісінше, шырқы бұзылып жатқан еді. Әкемнің өмір салтының кесірінен анам көп қайғырып, жан күйзелісіне ұшырады. Шамамен он жасымда анам Ехоба куәгерлерімен
араласпай кетті. Ал мен олармен араласуды доғармасам да, аса құлшынысым жоқ еді. Он жеті жасымда Ехоба куәгері болу үшін шомылдыру рәсімінен өттім. Бірақ көп ұзамай Құдайға ұнамсыз өмір кеше бастағандықтан, енді қауым мүшесі болмадым.ҚАЙТА ОРАЛУҒА ДЕГЕН БАЙЛАМЫМ
Тұрмысқа шыққаннан кейін көп ұзамай маған жергілікті Ехоба куәгерлерінің қауымынан екі бақылаушы келді. Олар Ехоба Құдайға қайта оралу үшін не істеуім керектігін түсіндірді. Сосын Синди есімді миссионердің маған көмектесуіне қам жасады. Ол кезде сенімім әлсіреп кеткен еді, сондықтан мен одан Киелі кітап шынымен де Құдай Сөзі екенін дәлелдеп беруін сұрадым. Ол маған өмірде орындалған Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарды көрсетті. Екеуміз араласа келе достасып кеттік, сосын ол маған Киелі кітаптың негізгі ілімдерін оқып-зерттеуді ұсынды. Мен келістім. Сонда өмірімде алғаш рет мынаны түсіндім: Ехоба — сүйіспеншіліктің Құдайы әрі ол менің бақытты болғанымды қалайды.
Ехоба куәгерлерінің қауым кездесулеріне қайтадан бара бастағанда байқағаным: маған кино әлеміндегі адамдардың ортасынан гөрі Куәгерлердің ортасында болу ұнайды екен. Бірақ балалық шағымнан қалған жаман сезімдердің кесірінен мен ешкімге сенім артпайтынмын және өз-өзіме көңілім толмайтын. Сонда бір Ехоба куәгері Киелі кітаптан мұндай жағымсыз сезімдермен күресудің жолдарын көрсетті, бұл маған көп көмектесті. Сондай-ақ мен нағыз достар табуды да үйрендім.
СӘНДІ ӨМІРДЕН ДЕ АСЫП ТҮСЕТІН ӨМІР
1997 жылы күйеуім екеуміз АҚШ-тың Калифорния штатындағы Голливуд ауданына көшіп бардық. Ол жерде мен адамдарға Құдай Сөзін оқудың пайдасын көруге көмектесу үшін көбірек күш салдым. Адамдарға Киелі кітаптан тәлім бергенде, мен киноға түсіп, жұлдыз болудан артық қанағат сезіндім. Мәселен, 2002 жылы мен Гонконгтағы бұрынғы танысым Шеримен кездестім. Біздің өміріміз көп жағынан ұқсас еді. Ол менен алдыңғы жылы “Мисс Гонконг” атанған еді. Келесі жылы бұл атаққа мен марапатталғанда, маған тәжді кигізген де сол еді. Шери де актриса болып, кейін продюссер атанып, атақты режиссёрлермен жұмыс жасаған екен. Ол да мен сияқты Голливудқа көшіп келген еді.
Тұрмысқа шықпақшы болған жігіті кенет жүрек ұстамасынан қайтыс болғанын естігенде, Шериге қатты жаным ашыды. Ол өзі ұстанатын будда дінінен еш жұбаныш таппаған екен. Басқалар қызғана қарайтындай сәнді өмір сүргенмен, ол да мен сияқты еңсесі түскен әрі өзгелерге сенуден қалған екен. Мен оған Киелі кітаптан білгенімді айтып бердім, бірақ буддизмді ұстанғандықтан, оған менің айтқандарымды қабылдау қиын болды.
2003 жылдың бір күні Шери маған Канаданың Ванкувер қаласынан қоңырау шалды. Ол сонда бір фильм түсіріп жатқан екен. Ол ауылды жердің табиғатына тамсанып, көлік айдап келе жатқанда аяқ астынан Құдайға: “Айтшы маған, шын Құдай кім? Сенің атың кім?”— деп дауыстап дұға еткенін айтты. Сол сәтте ол Ехоба куәгерлерінің Патшалық сарайының қасынан өтіп бара жатып, Ехоба деген есімді көріп қалады. Бұл Құдайдың жауабы деп түсінген ол Ехоба куәгерлерімен мүмкіндігінше тезірек жолыққысы келетінін айтты. Мен бірден Ехоба куәгерлеріне хабарластым. Содан бірнеше күннен соң, ол Ванкувердегі қытай тіліндегі қауым кездесуіне барды.
Бұдан кейін Шери Куәгерлердің шын жүректен көңіл бөлгенін айтты. “Мен оларға өз сезімдерімді ашық айта аламын”,— деді ол. Мұны естігенде қатты риза болдым, себебі кинобизнесте оның ешқандай досы жоқ еді. Ол әрі қарай да қауым кездесулеріне барып тұрды. Бірақ 2005 жылы ол екі үлкен фильм түсіру үшін келісімшартқа қол қойғандықтан, Гонконгқа қайтып көшуге мәжбүр болды. Қуанышқа орай, 2006 жылы Шери өмірін Ехоба Құдайға бағыштап, Гонконгта өткен Ехоба куәгерлерінің жиынында шомылдыру рәсімінен өтті. Ол Ехоба Құдайға көбірек қызмет еткісі келгенмен, кино саласындағы жұмысына байланысты бұл қиынға соқты. Бұған оның көңілі қатты түсетін.
АДАМДАРҒА КӨМЕКТЕСУ БАҚЫТЫ
2009 жылы Шеридің өмірі күрт өзгерді. Ол кино индустриясынан кетіп, Ехоба Құдайға толықтай қызмет етуді шешті. Уақыт өте Ехоба куәгерлерінің қауымынан көп дос тапты. Шери Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды толық уақытты уағыздаушы болды. Сөйтіп, адамдарға дұрыс өмір жолын таңдауға көмектесуден нағыз қуанышқа кенелді (Матай 24:14).
Кейін Шери Гонконгтағы непал тілінде сөйлейтін Ехоба куәгерлерінің тобына қолдау көрсету үшін непал тілін меңгеруге кірісті. Айта кететін бір жайт, непалдықтар ағылшынша да, қытайша да нашар сөйлейтіндіктен, әрі әдет-ғұрыптары өзгеше болғандықтан, Гонконгта жұрт оларды елеп-ескермейді, тіпті жеккөрінішпен қарауға бейім. Алайда Шери сондай адамдардың Киелі кітапты түсінулеріне қуана көмектесіп жүргенін айтты. Бірде үйден үйге уағыздап жүргенде, ол бір непалдық әйелмен жүздеседі. Ол Иса пайғамбар туралы кішкене білгенмен, шынайы Құдай Ехоба туралы ешқашан естімепті. Шери оған Киелі кітаптан Иса пайғамбардың Құдайға дұға еткенін көрсетеді. Ехоба деген есімі бар шынайы Құдайға өзінің де дұға ете алатынын естігенде, әлгі әйел ізгі хабарды шын ниетпен тыңдайды. Содан көп ұзамай оның күйеуі мен қызы да Киелі кітапты оқи бастайды (Зәбүр 83:18; Лұқа 22:41, 42).
Шеридің Құдайға толық уақыт қызмет етуден қандай қуанышқа бөленіп жүргенін көріп: “Неліктен маған да ол сияқты қызмет етпеске?”— деп ойладым. Ол кезде мен де Гонконгта тұрып жатқан едім. Киелі кітаптағы шындықты адамдарға мүмкіндігінше көбірек айту үшін уақытымды қайта жоспарлауға бел будым. Адамдарды тыңдап, оларға Құдай Сөзін түсінуге көмектесу мені нағыз бақытқа кенелтетінін байқадым.
Адамдарға Құдай Сөзін түсінуге көмектесу мені нағыз бақытқа кенелтетінін байқадым
Мысалы, мен Киелі кітапты зерттеуге көмектескен бір вьетнамдық әйел қашан көрсең де жүзін мұң басып тұратын және жиі көзіне жас алатын. Қазір ол өміріне қуана біледі және Ехоба куәгерлерімен араласу оған қатты ұнайды.
Шери де, мен де сәнді өмірден әлдеқайда артық нәрсені таптық. Әрине, кино әлеміндегі өмір қызықты болды, жұртқа танымал болдық, бірақ адамдарға Ехоба Құдай туралы білім беру бізге көбірек қанағат сыйлайды. Себебі бұл іс оған мадақ әкеледі. Біз Исаның айтқан мына сөздерінің растығына көз жеткіздік: “Алғаннан гөрі берген бақытты” (Елшілердің істері 20:35).