НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | КИЕЛІ КІТАПТЫ СҮЙІП ОҚИСЫЗ БА?
Киелі кітапты не үшін оқу керек?
“Мен Киелі кітапты түсіну қиын деп ойлайтынмын” (Джуви).
“Ол мен үшін ішпыстырарлық кітап болатын” (Квинни).
“Киелі кітаптың қалыңдығын көргенде, оны оқуға зауқым соқпай қалды” (Езекиел).
Сіз Киелі кітапты оқып көргенсіз бе? Бәлкім, жоғарыда аталған не қандай да бір басқа себептермен оны оқудан тартынған шығарсыз. Көп адамға Киелі кітап алынбас қамалдай көрінеді. Алайда онда анағұрлым бақытты әрі мәнді өмір сүрудің сыры жазылған болса ше? Киелі кітапты сүйіп оқудың жолдары бар болса ше? Онда оны қолға алып, ондағы маңызды хабарға назар аударар ма едіңіз?
Қазір Киелі кітапты оқуға кірісіп, оның көп пайдасын көріп жатқан бірнеше адамның білдірген жылы лебіздеріне назар аударайық.
Жасы жиырмалардағы Езекиел былай дейді: “Бұрындары өзімді бас ауған жаққа көлік айдап бара жатқан адам сияқты сезінетінмін. Бірақ Киелі кітапты оқи бастағаннан кейін, өмірімнің мән-мақсаты пайда болды. Онда әр күніме қажет ақыл-кеңестер бар”.
Жасы жиырмадан асқан Фрида есімді қыз былай деп ойын айтты: “Мен қызба мінезді болатынмын. Ал Киелі кітапты оқи келе ұстамды болуды үйрендім. Осының арқасында басқалармен арақатынасым жақсарып, достарым көбейді”.
Жасы елулердегі Юнис есімді әйел былай дейді: “Киелі кітапты оқудың арқасында түзеліп, жаман әдеттерімнен арылдым”.
Осы және басқа да миллиондаған оқырман Киелі кітаптың өмірді анағұрлым мәнді де сәнді ете алатынын түсінген (Ишая 48:17, 18). Бұған қоса, ол сізге дұрыс шешімдер қабылдауға, шын достарды табуға, стреспен күресуге және ең маңыздысы, Құдай туралы шындықты білуге көмектеседі. Киелі кітаптағы кеңестердің қайнар көзі Құдайдың өзі болғандықтан, оларға құлақ ассаңыз, еш ұтылмайсыз. Құдай ешқашан бізге жаман кеңес айтпайды.
Ең бастысы — кірісу. Келесі мақалада Киелі кітапты оқуды қолға алуға әрі оны қызығып оқуға көмектесетін кеңестер қарастырылады.