Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қауымдағы жастармен уақыт өткізгенді ұнатамын

КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

Есіл-дертім бейсбол еді!

Есіл-дертім бейсбол еді!
  • ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1928

  • ТУҒАН ЖЕРІ: КОСТА-РИКА

  • ҚЫСҚАША МАҒЛҰМАТ: КӘСІБИ СПОРТ ПЕН ҚҰМАР ОЙЫНДАРҒА ӘУЕСТЕНГЕН

ӨМІРБАЯНЫМ

Мен Коста-Риканың шығыс жағалауындағы Пуэрто-Лимон деген кемежайлы қалада туып өстім. Біз үйде сегіз баламыз, мен жетіншісімін. Әкем жеті жасымда қайтыс болып кеткен. Бәрімізді анам жалғыз бағып өсірді.

Бейсболға деген қызығушылық менде бала кезден басталған. Жасөспірім шағымда әуесқой бейсбол лигасына қосылдым. Жиырма жастарымда бізге команда жинап жүрген кісі келіп, маған Никарагуадағы кәсіби топта ойнауды ұсынды. Бірақ сырқат анама қарайтын адам керек болғандықтан, Никарагуаға барғым келген жоқ. Сөйтіп, бұл ұсыныстан бас тарттым. Кейінірек басқа бір кісі таңдаулы әуесқой ойыншылардан тұратын Коста-Риканың ұлттық командасына шақырды. Бұл жолы ұсынысты қабыл алдым. Мен ол жерде 1949 жылдан 1952 жылға дейін ойнадым. Сол аралықта Куба, Мексика, Никарагуада өткен бірнеше матчқа қатыстым. Командада мен қорғаушы ойыншы едім және бұл қолымнан жақсы келетін. 17 ойынды қатарынан ойнап, бірде-бір қате жібермедім. Жанкүйерлердің атымды атап, алаңды басына көтерген сәттер ең сүйікті сәттерім еді.

Өкінішке қарай, жүріс-тұрысым мінсіз болмады. Жүретін қызым болғанмен, басқа әйелдермен де көңіл көтеруге қарсы емес едім. Арақты да сылқия ішетінмін. Бір күні мас болғаным сонша — үйге қалай келіп, қалай ұйықтап қалғанымды білмей қалдым. Сонымен қатар домино мен лотереяға үйір болдым.

Сол уақыттарда анам Ехоба куәгері болды. Ол мені өз сеніміне қызықтырғысы келген, бірақ мен спортқа басыммен кіріп кеткендіктен, мұнысынан ештеңе шықпады. Спорт алаңында шыныққанда, тіпті тамақ ішуді де ұмытып кететінмін. Бар есіл-дертім бейсбол еді. Бейсбол десе алдыма жан салмайтынмын!

Бірде ойнап жатып допты қағып аламын деп ауыр жарақат алдым. Ол кезде жасым 29-да еді. Өз-өзіме келгеннен кейін кәсіби ойыншы болуды қойдым. Бірақ бейсболмен байланысымды үзбедім. Үйімнің жанында бір әуесқой команданың ойыншыларын дайындауға кірістім.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ

1957 жылы Ехоба куәгерлері мені стадионда өтетін үлкен жиындарына шақырды. Бұл жерде кезінде мен бейсбол ойнаған едім. Куәгерлерді бақылап отырып, бір-біріне зор сый-құрметпен қарайтындарын байқадым. Олар бейсбол ойындары кезіндегі у-шу боп, дауласып жататын адамдарға мүлдем ұқсамайтын. Жиында көзіммен көргендерім Куәгерлермен Киелі кітапты зерттеуіме және олардың қауым жиналыстарына баруыма қозғау болды.

Киелі кітаптан көптеген қызық жайттарды білдім. Мысалы, Иса соңғы күндері шәкірттерінің Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды жердің түкпір-түкпірінде уағыздайтындарын айтып кеткен (Матай 24:14). Мен шынайы мәсіхшілердің қызметтері үшін ақы алмайтындарын да білдім. Өйткені Иса: “Тегін алдыңдар,— тегін беріңдер”,— деген екен (Матай 10:8).

Киелі кітапты зерттей келе Ехоба куәгерлері үйрететіндеріне сай өмір сүре ме деп бақылайтын болдым. Олардың Патшалық жайлы хабарды тарату үшін аянбай күш салып жатқандары мені қайран қалдырды. Олар Иса мәсіхшілерге бұйырғандай-ақ жомарт, береген еді. Содан мен Марқа 10:21-дегі “Келіп, менің ізбасарым бол” деген Исаның шақыруын оқығанда, Куәгер болғым келді.

Жүріс-тұрысымды түзеп, біржақты болуым үшін біраз уақыт қажет болды. Апта сайын ұлттық лотереяда “сәтті” нөмірімді ойнататынмын. Бірақ Киелі кітаптан Жаратушының “Сәттілік құдайына” табынуды, ашкөздікті айыптайтынын білген соң, құмар ойындарға құмартпауды шештім (Ишая 65:11; Қолостықтарға 3:5). Бірінші рет лотерея ойнамаған кезімде, жексенбі күні, менің “сәтті” нөмірім ұтысқа ілініпті! Сол күні ойнамағаным үшін жұрт мені мазақ етіп күлді. Олар мені қайтадан ойнауға қанша көндіргісі келсе де, көнбедім. Содан бері құмар ойындарға жолаған емеспін.

Ехоба куәгерлерінің конгресінде шомылдыру рәсімінен өткен күні-ақ “жаңа болмысым” тағы бір рет сынға алынды (Ефестіктерге 4:24). Сол кеште мен тоқтаған қонақ үйге кірсем, бөлмемнің алдында бұрынғы қызым мені күтіп тұр екен. Ол маған: “Жүр, Сэмми, көңіл көтерейік”,— деді. Мен: “Жоқ!”— дедім жұлып алғандай. Оған Киелі кітаптағы моральдық талаптарды қатаң ұстанатынымды тағы қайталап айттым (Қорынттықтарға 1-хат 6:18). Сонда ол: “Немене?!”— деп таңырқады да, Киелі кітаптағы жыныстық тазалыққа қатысты талаптарды менсінбей, қайтадан бірге болуға көндіруге тырысты. Ал мен болсам, бөлмеме кіріп кеттім де, есігімді құлыптап қойдым. Сонау 1958 жылы Ехоба куәгері болғаннан бері өмірімде жасаған шешімдеріме адал екенімді ауыз толтырып айта аламын.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ

Өмір жолымда Киелі кітап бағыттаушым болғалы бері көрген жақсылығым жайлы жазар болсам, бір кітап болып қалар. Кейбірін айтар болсам: адал достар таптым, өмірімнің мәні бар, шын бақыттымын.

Мен бейсболды әлі де сүйіп ойнаймын. Бірақ бұрында байлық пен атақ-даңққа қызыққан болсам, қазір мұндай өткінші дүниелер мені еш қызықтырмайды. Есесіне менің Құдаймен қарым-қатынасым әрі мүшесі болып қосылған дүниежүзілік отбасым бар. Ал бұлар ешқашан өтпейді. Киелі кітапта: “Осы дүние мен оның қалауы өтеді де кетеді, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”,— делінген (Жоханның 1-хаты 2:17). Қазір мен Ехоба Құдай мен оның халқын өз жанымнан да артық сүйемін!