Амос 3:1—15
3 “Уа, Исраил үрім-бұтағы, Ехобаның өзіңе қатысты айтқан сөзін, Мысыр елінен алып шыққан күллі халыққа қатысты айтқан мына сөзін тыңдаңдар:
2 —Жер бетіндегі халықтардың ішінен тек сендерді ғана білемін+.
Сондықтан сендерді бар қылмыстарың үшін жауапқа тартамын+.
3 Кездесетінін келісіп алмай, екі адам бірге жолға шыға ала ма?
4 Жемтік болмаса, ормандағы арыстан ақыра ма?
Ештеңе ұстамаса, апанда жатқан жас арыстан ырылдай ма?
5 Тор құрылмаса*, оған құс түсе ме?
Ештеңе түспесе, қақпан жабыла ма?
6 Қалада мүйіз керней дабылы естілсе, жұрттың үрейі ұшпай ма?
Ехоба жібермесе, қала апатқа ұшырай ма?
7 Әлемнің Әміршісі Ехоба өзінің пайғамбарларына,Жасырын жайтты* алдын ала ашпай, ештеңе істемейді+.
8 Арыстан ақырса+, кім қорықпайды?
Әлемнің Әміршісі Ехоба айтса, кім пайғамбарлық етпейді+?
9 Азоттағы бекініс мұнараларынан,Мысырдағы бекініс мұнараларынан былай деп жар салыңдар:
—Самарияның тауларына қарсы жиналыңдар+,Онда болып жатқан абыр-сабырға,Ішінде жасалып жатқан алаяқтыққа қараңдар+.
10 Олар дұрыс нәрсе істеуді білмейді,— дейді Ехоба,Олар бекініс мұнараларын зорлық-зомбылық пен ойран-топырға толтыруда.
11 Сол себепті Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады:
—Елді жау қоршауға алады+,Ол сені күш-қуатыңнан айырады,Бекініс мұнараларыңды талан-таражға салады+.
12 Ехоба мынаны айтады:
—Қойшы арыстан аузынан қойдың қос сирағын не жарты құлағын тартып алатындай,Самарияда сәнді төсектерде, әдемі сәкілерде* отырған+
Исраил халқынан да азғана адам аман қалады.
13 Әлемнің Әміршісі Әскербасы Ехоба мынаны айтады: —Тыңдаңдар, Жақыптың үйін ескертіңдер*!
14 Исраилді бүліктері* үшін жауапқа тартқан күні+
Бетелдің құрбандық ошақтарын+ да қиратамын.
Құрбандық ошағының мүйіздері кесіліп, жерге құлайды+.
15 Қысқы үйді жазғы үймен қоса бұзып тастаймын.
—Піл сүйегімен безендірілген үйлер+,Сән-салтанатты* сарайлар ойрандалады+,— дейді Ехоба”.
Сілтемелер
^ Мүмкін: “тұзақ жем қойылмаса”.
^ Немесе “құпиясын”.
^ Немесе “Дамаскінің сәкілері”.
^ Немесе “қарсы куәлік етіңдер”.
^ Немесе “қылмыстары”.
^ Мүмкін: “көп”.