Аян 9:1—21
9 Бесінші періште кернейлеткенде+, көктен жерге құлаған жұлдызды көрдім. Оған тұңғиықтың кілті+ берілді.
2 Жұлдыз тұңғиықты ашқанда, одан үлкен пештен шыққандай, қою түтін шықты. Сонда күн де, ауа да қараңғыланып кетті+.
3 Түтіннің ішінен жер бетіне шегірткелер шықты+. Оларға жердегі сарышаяндардікіндей билік берілді.
4 Сондай-ақ жердегі көк шөпке, өсімдіктерге, ағаштарға емес, маңдайларына Құдайдың белгісі қойылмағандарға ғана зақым келтіру керек екендері айтылды+.
5 Шегірткелерге оларды өлтірмей, бес ай азаптауға рұқсат етілді. Олар сарышаян шаққандай азапталу керек еді+.
6 Сол күндері адамдар өлмек болса да, өле алмайды, өлуді қанша аңсағанмен, өлім олардан қашып кетеді.
7 Шегірткелер ұрысқа дайын тұрған аттардай еді+, ал бастарына кигені алтын тәж іспетті болатын. Бет пішіндері ер адамдікіндей,
8 ал шаштары әйелдікіндей, тістері арыстандікіндей еді+,
9 үстеріне темірден жасалғандай сауыт киген болатын. Қанаттарының шуы ұрысқа шапқан ат жегілген арбалардың шуындай+,
10 құйрықтары мен улы біздері сарышаяндікіндей екен. Ал құйрықтарына бес ай бойы адамдарға зақым келтіру билігі беріліпті+.
11 Олардың патшалары — тұңғиықтың періштесі+. Оның еврейше аты Абаддон*, ал грекше Аполлион*.
12 Бір қасірет өтті, бірақ артынан тағы екеуі+ төніп келеді!
13 Алтыншы періште+ кернейлеткенде+, Құдай алдында тұрған алтын құрбандық үстелінің+ мүйіздерінен шыққан бір дауысты естідім.
14 Ол кернейі бар алтыншы періштеге: “Ұлы Евфрат өзенінің бойында+ байлаулы тұрған төрт періштені босат”,— деді.
15 Сонда осы сағатқа, күнге, айға және жылға даярланған төрт періште адамдардың үштен бір бөлігін қырып салу үшін босатылды.
16 Атты әскер қатарында екі жүз миллион салт атты бар еді: мен олардың санын естідім.
17 Аянда көрген аттар мен салт аттылардың сырт көрінісі мынадай: олардың үстінде оттай қызыл, күлгін көк және күкірттей сары сауыттары бар еді. Аттардың бастары арыстандікіндей екен+, ал ауыздарынан от, түтін және күкірт шығып жатты.
18 Ауыздарынан шыққан осы үш пәледен — от, түтін және күкірттен — адамдардың үштен бір бөлігі қырылып қалды.
19 Аттардың күші ауыздары мен құйрықтарында еді. Ал құйрықтары адамдарға зақым келтіретін басы бар жыландарға ұқсайтын.
20 Сол пәлелерден өлмей, аман қалғандар істеген істеріне өкінбеді. Олар жын-перілерге және алтын, күміс, мыс, тас және ағаштан жасалған әрі көре де, ести де, жүре де алмайтын пұттарға+ табынуларын қоймады.
21 Кісі өлтіргендеріне, бақсы-балгерлікпен* айналысқандарына, азғындықтары* мен ұрлықтарына өкінбеді.
Сілтемелер
^ Мағынасы “жоюшы”.
^ Мағынасы “жою”.
^ Немесе “спиритизм”. Түсіндірмені қараңыз.
^ Грекше “порниа”. Түсіндірмені қараңыз.