Билер 12:1—15

  • Ефремдіктермен болған шайқас (1—7)

    • “Шибболет” (6)

  • Ибзан би, Елон би, Абдон би (8—15)

12  Бұдан кейін ефрем руының адамдары жиналып, Сафонға* өтіп, Ефтаға келді де: “Аммондықтармен соғысуға бізді неге шақырмадың+? Осылай еткенің үшін сені үйіңмен қоса өртеп жібереміз!”— деді.  Ефта оларға былай деді: “Аммондықтар — менің де, халқымның да ата жауы. Көмекке шақырғанымда, мені олардың қолынан құтқармадыңдар.  Сендердің құтқармайтындарыңды білген соң, басымды қатерге тіге отырып, аммондықтармен шайқасуға бел байладым+. Ехоба оларды аяғыма жығып берді. Енді неменеге менімен соғысуға келіп тұрсыңдар?”  Сонда Ефта барлық ғалақаттықтарды+ жинап, Ефреммен шайқаса кетті. Ефремдіктердің: “Ефрем мен Манасаның жерінде тұрып жатқан ғалақаттықтар! Сендер бар болғаны ефрем руының қашқынысыңдар!”— дегені үшін ғалақаттықтар оларды жаппай қырды.  Олар ефремдіктердің алдын орап, Иордан өткелдерін басып алды+. Қашып бара жатқан ефремдіктердің біреуі келіп: “Арғы бетке өтейінші,— десе, ғалақаттықтар одан: —Сен ефремдіксің бе?”— деп сұрайтын. Ол: “Жоқ”,— деп жауап беретін.  Ал ғалақаттықтар: “Кәне, “шибболет” деші”,— дейтін. Әлгінің тілі келмей “сибболет” десе, оны ұстап алып, Иордан өткелінің маңында өлтіріп тастайтын. Осылайша осы шайқаста 42 000 ефремдік қаза болды.  Ғалақаттық Ефта Исраилде алты жыл би болған соң, дүние салды. Оның сүйегі Ғалақаттағы туған қаласына қойылды.  Одан кейін Исраилдің биі бетлехемдік Ибзан болды+.  Ибзанның 30 ұлы, 30 қызы бар еді. Ол қыздарын өз әулетінен тыс жаққа ұзатып, ұлдарына басқа әулеттен 30 қыз алып берді. Ибзан Исраилде жеті жыл би болды. 10  Ол қайтыс болып, Бетлехемде жерленді. 11  Ибзаннан кейін забулондық Елон шығып, Исраилде он жыл би болды. 12  Забулондық Елон дүние салғаннан кейін, сүйегі Забулон жеріндегі Аялонға қойылды. 13  Елоннан кейін Исраилде пиратондық Хелел ұлы Абдон би болды. 14  Оның 70 есекке мініп жүретін 40 ұлы, 30 немересі бар еді. Ол Исраилде сегіз жыл би болды. 15  Бұдан кейін ол көз жұмып, Пиратонда, амалектіктердің+ тауындағы Ефрем жерінде жерленді.

Сілтемелер

Мүмкін: “солтүстікке”.