Билер 15:1—20

  • Самсонның філістірлерден кек алуы (1—20)

15  Біраз уақыт өткен соң, бидай орағы кезінде, Самсон бір лақ алып, әйеліне барды. Ол: “Оның жатын бөлмесіне кірейін”,— деп ойлады. Бірақ қайын атасы оны кіргізбей:  “Сен қызымды жек көріп кетті екен деп+, оны күйеужолдасыңа бердім+. Сіңлісі әлдеқайда әдемі емес пе? Әпкесінің орнына соны алсаңшы”,— деді.  Сонда Самсон: “Енді філістірлерге жамандық жасасам, бұл үшін кінәлі болмаймын!”— деді.  Ол 300 түлкі ұстап алды да, екі-екіден құйрықтарын түйіндеп, ортасына бір-бір алау байлап қойды.  Сосын алауларға от қойып, түлкілерді філістірлердің егістігіне жіберді. Осылайша олардың бауланған масақтарын да, орылмаған егінін де, жүзімдіктері мен зәйтүн бақтарын да түгел өртеп жіберді.  Філістірлер: “Мұны кім істеді?”— деп сұрады. Сосын: “Мұны тимналық кісінің күйеубаласы Самсон істеді. Өйткені қайын атасы оның әйелін күйеужолдасына беріпті+”,— десті. Бұдан кейін олар барып, әйелді де, оның әкесін де өртеп жіберді+.  Самсон болса: “Осылай еткендерің үшін сендерден өш алмай қоймаймын+!”— деді.  Содан філістірлерді бірінен кейін бірін өлтіріп, жаппай қырды. Бұдан кейін ол ылдилап Етам шатқалындағы үңгірге барды да, сол жерде тұрды.  Кейінірек філістірлер Яһуда жеріне келіп қос тікті де, Лехиді+ кезіп жүрді. 10  Яһуда адамдары: “Неге бізге қарсы шықтыңдар?— дегенде, олар: —Біз Самсонды ұстап алуға келдік. Оның бізге істегенін өз басына келтіреміз”,— деп жауап берді. 11  Сонда Яһудадан 3000 адам Етам шатқалындағы үңгірге келіп, Самсонға: “Сен біздің філістірлердің қол астында екенімізді білмейсің бе+? Бұл не қылғаның?— деді. Самсон: —Маған істегендерін өз бастарына келтірдім”,— деп жауап берді. 12  Олар: “Біз сені ұстап алып, філістірлердің қолына беруге келдік,— дегенде, ол: —Өздерің маған еш зияндық жасамаймыз деп ант етіңдерші”,— деді. 13  Бұған олар: “Біз сені өлтірмейміз, әншейін байлап, філістірлердің қолына береміз”,— деді. Сөйтіп, Самсонды екі жаңа арқанмен байлап, үңгірден алып шықты. 14  Олар Лехиге жеткенде, Самсонды көрген філістірлер өршелене айқай салды. Сол кезде Ехобаның рухы оған күш дарытты да+, қолын байлаған арқандар от шарпыған зығыр жіп сияқты үзіліп түсіп қалды+. 15  Самсон болса есектің жақ сүйегін тауып алып, онымен 1000 адамды өлтірді+. 16  Сонда ол былай деді: “Мен есектің жақ сүйегімен оларды төбе-төбе етіп үйіп тастадым! Есектің жақ сүйегімен 1000 адамды сұлатып салдым+!” 17  Осыны айтқаннан кейін, ол есектің жақ сүйегін лақтырып жіберді. Ал сол жерді Рамат-Лехи*+ деп атады. 18  Бұдан кейін ол қатты шөлдеп, Ехобаға жалбарынып: “Сен қызметшіңе зор жеңіс сыйладың. Ал енді мен шөлден өлермен боп, сүндеттелмегендердің қолына түспекпін бе?”— деді. 19  Сонда Құдай Лехидегі шұңқырдың көзін ашып, одан су шығарды+. Самсон сол жерде шөлін қандырып, бойына қайта күш бітті. Сондықтан ол сол бұлақты Ен-Хаққор* деп атады. Сол бұлақ күні бүгінге дейін Лехиде ағып жатыр. 20  Самсон філістірлер үстемдік еткен уақытта Исраилде 20 жыл би болды+.

Сілтемелер

Мағынасы “жақ сүйек төбесі”.
Мағынасы “жалбарынған кісінің бұлағы”.