Билер 16:1—31

  • Самсон Газада (1—3)

  • Самсон мен Делила (4—22)

  • Самсонның кек алып, қайтыс болуы (23—31)

16  Бірде Самсон Газаға барып, бір жезөкше әйелді көрді де, соның үйіне кірді.  Газалықтарға “қалаға Самсон келді” деген хабар жетті. Сонда олар сол жерді қоршап алып, түні бойы қала қақпасынан бақылады. Олар түнімен қыбыр етпей отырды да, бір-біріне: “Таң ата оны ұстап алып, өлтіріп тастайық”,— десті.  Бірақ Самсон түн ортасына дейін жатты. Бұдан кейін тұрып, қала қақпасының есіктерін ысырма, жақтауларымен қоса жұлып алды да, иығына салып, Хебронға қарама-қарсы жатқан тау төбесіне апарып қойды.  Біраз уақыт өте Самсон Сөрек аңғарында тұратын Делила+ есімді әйелге ғашық болды.  Філістір билеушілері сол әйелге келіп: “Оны алдап+, зор күшінің құпиясы мен оны қалай жеңуге болатынын, немен байлап, қалай бағындыру керек екенін біліп бер. Сонда әрқайсымыз саған 1100 күміс ақшадан береміз”,— деді.  Кейінірек Делила Самсоннан: “Айтшы, зор күшіңнің құпиясы неде? Сені бағындыру үшін немен байлау керек?”— деп сұрады.  Ол: “Мені әлі кеппеген жеті кіріспен* байласа, күшімнен айырылып, кәдімгі адам сияқты боламын”,— деп жауап берді.  Сонда філістір билеушілері әйелге әлі кеппеген жеті кіріс алып келді де, ол Самсонды солармен байлап тастады.  Ал басқа бөлмеде адамдар жасырынып отырды. Делила: “Самсон, філістірлер келе жатыр!”— дегенде, ол орнынан тұра сала, кірістерді отқа шарпылған зығыр жіпті үзгендей үзіп тастады+. Осылайша күшінің неде екені ашылмаған күйі қалды. 10  Делила Самсонға: “Сен мені алдап-соғып, өтірік айттың. Өтінемін, айтшы, сені немен байлау керек?”— деді. 11  Ол болса: “Мені әлі қолданылмаған жаңа арқанмен байласа, күшімнен айырылып, кәдімгі адам сияқты боламын”,— деп жауап берді. 12  Делила жаңа арқандар алып, оны байлап тастады да: “Самсон, філістірлер келе жатыр!”— деді. Бұл кезде басқа бөлмеде адамдар жасырынып отырған еді. Самсон қолы байланған арқандарды жіп сияқты үзе салды+. 13  Мұны көрген Делила Самсонға: “Қашанғы алдап, өтірік айта бересің+? Сені немен байлау керек екенін айтшы?”— деп қиылды. Ол: “Жеті өрім шашымды матаға қосып тоқып жіберсең, күшімнен айырыламын”,— деп жауап қатты. 14  Сонда Делила оның шашын матаға қосып тоқыды да, тоқпақпен қыстырып қойды. Содан кейін: “Самсон, філістірлер келе жатыр!”— деді. Самсон ұйқысынан оянып, керілген желіні тоқпақпен қоса жұлып алды. 15  Бұдан кейін Делила: “Қалайша мені сүйемін дейсің+, ал өзің жүрек сырыңды ашпайсың?! Осымен үш рет мені алдап, зор күшіңнің неде екенін айтпадың+”,— деді. 16  Осылай мезі қылып, ығырын шығарған соң, Самсонның жаны қиналып, бұдан әрі шыдай алмады+. 17  Ақырында, ол: “Менің басыма ешқашан ұстара тиген емес, өйткені ана құрсағынан шыққаннан бері Құдайдың назирімін+. Шашымды алып тастаса, мен күшімнен айырылып, кәдімгі адам сияқты боламын”,— деп бар сырын ашты. 18  Самсонның бар сырын ашқанына көзі жеткен Делила бірден кісі жіберіп: “Енді келе беріңіздер, өйткені ол маған жүрегіндегі бар сырын ашты”,— деп філістір билеушілерін+ шақыртты. Сонда олар ақшаларын алып келді. 19  Делила Самсонның басын тізесіне қойып ұйықтатты да, бір кісіні шақырып, жеті өрім шашын қырыққызып тастады. Сонда Самсон күшінен айырыла бастап, Делила одан үстем бола бастады. 20  Сосын ол: “Самсон, філістірлер келе жатыр!”— деді. Самсон ұйқысынан оянып: “Бұрынғыдай бір-ақ сілкініп құтыламын+”,— деп ойлады. Бірақ Ехобаның өзін тастап кеткенін білген жоқ. 21  Філістірлер оны ұстап алып, екі көзін ойып алды. Бұдан кейін Газаға апарды да, мыс кісенмен бұғаулап, түрмеде диірмен тасын айналдырғызып қойды. 22  Ал оның қырқылған шашы қайтадан өсе бастады+. 23  Філістір билеушілері болса Дагон+ атты құдайларына көп құрбандық шалып, той тойлау үшін бас қосты. Олар: “Қас жауымыз Самсонды құдайымыз қолымызға түсіріп берді!”— десті. 24  Ал халық Самсонды көргенде, өз құдайын мадақтап: “Жерімізді талан-таражға салып+, талайымызды қырған+ жауымызды құдайымыз қолға түсіріп берді!”— деді. 25  Олар көңілдене түскенде: “Самсонды шақырыңдар, біздің көңілімізді көтерсін”,— деді. Содан көңілдерін көтеру үшін түрмедегі Самсонды алдыртып, бағаналардың арасына тұрғызып қойды. 26  Самсон өзін жетектеп жүрген балаға: “Осы үйді ұстап тұрған бағаналарды қарматшы, соларға сүйеніп тұрайын”,— деді. 27  (Үй іші адамға лық толы еді. Філістір билеушілерінің бәрі де сонда болатын. Үйдің шатырында да 3000-ға жуық еркек пен әйел Самсонды қызықтап тұрды.) 28  Сосын ол+ Ехобаға: “Әлемнің Әміршісі Ехоба, өтінемін, мені есіңе алып, соңғы рет күш бере көрші+. Уа, Құдай, філістірлерден, ең болмаса, бір көзім үшін кек алайыншы+”,— деп жалбарынды. 29  Самсон үйді ұстап тұрған ортаңғы екі бағананың біріне оң, екіншісіне сол қолын тіреді де: 30  “Філістірлермен бірге өлейін!”— деп, бар күшімен бағаналарды итеріп жіберді. Сонда філістір билеушілері мен күллі жұрт қираған үйдің астында қалды+. Осылайша Самсонның қаза боларда өлтірген адам саны өмір бойы өлтіргенінен де көп болды+. 31  Кейінірек бауырлары мен әкесінің күллі әулеті келіп, оның денесін алып кетті де, Сора+ мен Ештағолдың арасындағы әкесі Манұхтың+ қабіріне қойды. Самсон Исраилде 20 жыл би болған еді+.

Сілтемелер

Яғни садақтың керме бауымен. Немесе “сіңірмен”.