Билер 18:1—31

  • Дандықтардың жер іздеуі (1—31)

    • Олардың Миханың пұттары мен діни қызметкерін алып кетуі (14—20)

    • Лаиштің басып алынып, атының “Дан” болып өзгеруі (27—29)

    • Дандағы пұтқа табынушылық (30, 31)

18  Сол заманда Исраилде әлі патша жоқ еді+. Дан руы+ өздеріне тұратын жер іздеп жүрді, себебі Исраил руларының арасында өз мұралы иеліктерін әлі алмаған еді+.  Сондықтан олар өз әулеттерінен, Сора мен Ештағол+ тұрғындарынан, білікті бес адамды таңдап алып, оларға: “Жерді барлап, зерттеп келіңдер”,— деп тапсырды. Олар жолға шығып, Ефремнің таулы өңіріндегі Миханың үйіне келді де+, сол жерде түнеді.  Миханың үйінің жанында тұрғанда, олар леуілік жігіттің даусын танып, оған қарай беттеді де: “Сені мұнда кім алып келді? Мұнда не істеп жүрсің? Не үшін келдің?”— деп сұрады.  Ол: “Миха мені діни қызметкер етіп жалдап алды”,— деп, Миханың өзі үшін не істегенін түгел айтып берді+.  Сонда олар: “Жорығымыз сәтті бола ма екен, Құдайдан сұрап біліп берші”,— деп өтінді.  Діни қызметкер болса: “Уайымдамай бара беріңдер. Жорықтарыңда Ехоба сендерге жар болады”,— деді.  Әлгі бесеуі сапарларын жалғастырып, Лаишке келді+. Ондағы халықтың ешкімге тәуелді болмай, сидондықтар сияқты тыныш, бейқам өмір кешіп жатқандарын көрді+. Ешкім оларға шапқыншылық жасап, мазасын алмайтын. Оның үстіне, сидондықтардан шалғай қоныстаныпты, әрі ешкіммен қатынаспайды екен.  Барлаушылар Сора мен Ештағолдағы+ бауырларына қайтып келгенде, олар: “Қалай барып қайттыңдар?”— деп сұрады.  Әлгі бесеуі мынаны айтты: “Жүріңдер, сол халыққа қарсы аттанайық! Біз барлап келген жер өте жақсы екен. Кідірмеңдер! Тезірек барып, оны басып алайық. 10  Ол жерге барғанда, бейқам жатқан халықты көресіңдер+. Олардың жері ұлан-ғайыр, әрі ештеңеден тапшылық жоқ екен. Құдай сол жерді сендерге беріп отыр+”. 11  Сонда дан руынан 600 кісі қаруланып, Сора мен Ештағолдан+ жолға шықты. 12  Олар Яһуда жеріндегі Кирият-Еғаримге келіп қос тікті. Сондықтан Кирият-Еғаримнің+ батысындағы бұл жер әлі күнге дейін Маханех-Дан*+ деп аталады. 13  Бұдан кейін олар Ефремнің таулы өңіріне бет түзеп, Миханың үйіне келді+. 14  Сол кезде Лаиш+ жерін барлауға барған бес кісі бауырларына: “Мына үйлерде ефод, терафим мүсіндері, пұт және темір мүсін бар екенін білесіңдер ме+? Сондықтан не істеуге болатынын ойланып көріңдер”,— деді. 15  Сонда олар тоқтап, Миханың үйінің жанындағы леуілік жігіттің+ үйіне барып, хал-жағдай сұрасты. 16  Бұл уақытта дан руының+ 600 қарулы кісісі қақпа алдында тұрды. 17  Жер барлауға барған бес кісі+ пұтты, ефод+, терафим мүсіндері+ мен темір мүсінді алу үшін үйге кірді+. (Бұл кезде діни қызметкер+ 600 қарулы кісімен бірге қақпа алдында тұрған еді.) 18  Олар пұтты, ефод, терафим мүсіндері мен темір мүсінді алып жатқанда, діни қызметкер келіп: “Не істеп жатырсыңдар?”— деді. 19  Олар болса мынаны айтты: “Үндеме! Сөзді қойып, бізбен бірге жүр! Бізге әке* әрі діни қызметкер бол. Бір кісінің үйінде діни қызметкер+ болғаннан гөрі бір руға, Исраилдің бір әулетіне діни қызметкер болғаның артық емес пе+?!” 20  Бұл сөздер діни қызметкерге ұнап, ол ефодты, терафим мүсіндері мен пұтты алды да+, соларға ерді. 21  Содан дандықтар балалары мен мал-мүлкін алдарына түсіріп, әрі қарай сапарларын жалғастырды. 22  Олар Миханың үйінен ұзап кеткенде, оның көрші-қоңсылары жиналып, арттарынан қуып жетті. 23  Олар айғайлағанда, дандықтар бұрылып, Михаға: “Не боп қалды? Мыналарды неменеге жинап алдың?”— деді. 24  Миха болса: “Жасап алған құдайларымды алып, діни қызметкерімді де ертіп кетіпсіңдер. Менде не қалады сонда? Бұларыңмен қоймай, маған “Не боп қалды?” дейсіңдер”,— деді. 25  Сонда дандықтар: “Үніңді естімейтін болайық, әйтпесе мына ашулы кісілер бас салып, өзіңді де, үй ішіңді де жайратып салады!”— деді де, 26  жөндеріне кете берді. Ал Миха олардың күші басым екенін көріп, үйіне қайтты. 27  Дандықтар болса Миханың жасағандарын және оның діни қызметкерін алып, Лаишке+ барды да, тыныш әрі бейқам жатқан халыққа қарсы аттанды+. Оларды семсермен қырып, қалаларын өртеп жіберді. 28  Лаиш тұрғындарын құтқаратын ешкім болмады, себебі Сидоннан алыс тұратын олар ешкіммен қатынаспайтын. Лаиш Бет-Рехоб+ өңіріндегі жазықта орналасқан еді. Кейін дандықтар оны қайта тұрғызып, сонда қоныс тепті. 29  Олар қаланы бабаларының, Исраилдің ұлы Данның+, атымен атады+. Қаланың бұрынғы аты Лаиш болатын+. 30  Бұдан кейін дандықтар әлгі пұтты орнатып қойды+. Ал Мұсаның ұлы Гершомнан+ тараған Жонатан+ мен оның ұлдары сол жердің тұрғындары тұтқынға әкетілгенше, дандықтардың діни қызметкерлері болды. 31  Миха жасаған пұт шынайы Құдайдың үйі Шилода тұрған кездің бәрінде Данда қала берді+.

Сілтемелер

Мағынасы “Дан қосы”.
Немесе “кеңесші”.