Билер 19:1—30
-
Нәпсіқұмар бенияминдіктердің Гибеядағы сорақы істері (1—30)
19 Сол заманда Исраилде әлі патша жоқ болатын+. Ефрем таулы өңірінің+ шалғай аумағында тұрып жатқан бір леуілік Яһудадағы Бетлехемнен+ өзіне кәнизак алды.
2 Бірақ кәнизагы оған опасыздық жасады. Содан Яһуда жеріндегі Бетлехемде тұратын әкесінің үйіне кетіп қалды. Төркінінде тұрып жатқанына төрт ай болғанда,
3 күйеуі оны үйіне қайтуға көндіру үшін, бір қызметшісін ертіп, екі есекпен жолға шықты. Ол келіп жеткенде, кәнизагы оны үйге кіргізді. Қайын атасы күйеубаласын көріп, қуанып кетті.
4 Жас келіншектің әкесі күйеубаласын үш күн бойы үйіне қайтармады. Екеуі бірге ішіп-жеп, ол сол жерде түнеп жүрді.
5 Төртінші күні олар ерте тұрып, жолға шықпақ болғанда, қайын атасы күйеубаласына: “Жүрек жалғап алыңдар, сосын жолға шығарсыңдар”,— деді.
6 Екеуі отырып, ішіп-жегеннен кейін, қайын атасы оған: “Бүгін де осында түнеп, көңіліңді жадыратсаңшы”,— деді.
7 Леуілік тұрып, үйіне қайтпақ болғанда, қайын атасы өтініп қоймады, сондықтан ол тағы түнеп қалды.
8 Бесінші күні леуілік ерте тұрып, жолға шықпақ болғанда, қайын атасы оған: “Жүрек жалғап алсаңшы”,— деді. Содан екеуі отырып, түс ауғанша ішіп-жеді.
9 Бұдан кейін ол кәнизагы мен қызметшісін ертіп жолға шығайын дегенде, жас келіншектің әкесі оған: “Қарашы, кеш болып, күн батып барады. Бүгін де түнеп, көңіліңді жадырат. Ал ертең ерте тұрып қайтарсыңдар”,— деді.
10 Бірақ ол тағы бір күн түнегісі келмей, жолға шықты да, Ебуске, яғни Иерусалимге+ қарай бет түзеді. Қасында ерттеулі екі есегі, кәнизагы мен қызметшісі болды.
11 Ебуске таяғанда, күн ұясына еңкейіп қалған еді. Сонда қызметшісі қожайынына: “Ебустіктердің мына қаласына кіріп, түнеп шықсақ қайтеді?”— деп сұрады.
12 Бірақ қожайыны: “Исраилдік емес, бөтен халықтың қаласына кірмейміз. Одан да Гибеяға+ барайық”,— деді.
13 Сосын: “Жүр, Гибеяға не Рамаққа+ жетіп алып, сонда қонайық”,— деп қосты.
14 Олар сапарын жалғастырып, бениямин руына тиесілі Гибеяға жақындағанда, күн батып қалған еді.
15 Содан олар түнеп шығу үшін Гибеяға кіріп, қала алаңына келіп отырды. Бірақ оларды ешкім үйіне қонуға шақырмады+.
16 Сол күні кешке бір қарт кісі егістігінен үйіне қайтып келе жатты. Ол Ефремнің таулы өңірінен еді+. Бірақ біраз уақыттан бері Гибеяда тұрып жатқан. Ал Гибеяның тұрғындары бенияминдіктер+ болатын.
17 Ол қала алаңында отырған жолаушыны көріп: “Қайда бара жатқан адамсың? Қайдан келесің?”— деп сұрады.
18 Сонда ол былай деп жауап берді: “Біз Яһудадағы Бетлехемнен Ефремнің таулы өңірінің шалғай аймағына бара жатырмыз. Өзім сол жерденмін. Яһудадағы Бетлехемге барып+, енді Ехобаның үйіне бара жатқан бетім*. Бірақ ешкім мені қонуға шақырмай жатыр.
19 Есектерімізге беретін сабан мен жеміміз бар+. Өзіме, әйелім мен қызметшіме жететін нан+ мен шарабымыз да бар. Бәрі де жеткілікті”.
20 Сонда әлгі қарт: “Менің қонағым бол*. Мұқтаждығың менің мойнымда болсын, тек мына алаңда түнеме”,— деді.
21 Сөйтіп, оларды үйіне ертіп келіп, есектеріне жем берді. Өздері аяқтарын жуып, дастарқанға отырды.
22 Осылай көңілдері жадырап отырғанда, қаланың оңбаған еркектері үйді қоршап алды да, есікті тоқпақтай бастады. Олар әлгі қарт кісіге: “Үйіңе келген кісіні алып шық, біз онымен жақындасамыз”,— деп тұрып алды+.
23 Сонда үй иесі сыртқа шығып былай деді: “Бауырларым, өтінемін, оған еш жамандық жасамаңдар. Бұл кісі менің қонағым ғой, мұндай сорақылыққа бармаңдар.
24 Үйде менің пәк қызым мен мына кісінің кәнизагы бар, сендерге сол екеуін шығарып берейін. Қорлағыларың келсе, соларды қорлаңдар+. Ал мына кісіге мұндай сорақы қылық жасамаңдар”.
25 Бірақ олар қарттың сөздерін тыңдағысы келмеді, сондықтан леуілік кәнизагын+ алды да, сыртқа шығарып жіберді. Әлгілер оны зорлап, түні бойы қорлады. Таң атарда ғана қоя берді.
26 Әйел таң бозарғанда қожайыны тоқтаған үйдің алдына келіп құлады да, жарық түскенше сол жерде жатты.
27 Қожайыны таңертең тұрып, жолға шығу үшін есікті ашса, кәнизагы қолын табалдырыққа созған күйі кіреберісте жатыр екен!
28 Күйеуі оған: “Тұр, кетейік”,— деді. Бірақ әйел жауап бермеді. Сонда ол оны есегіне өңгерді де, үйіне қарай жол тартты.
29 Үйіне келген соң, ол қолына мал соятын пышақ алып, кәнизагының денесін мүшелеп 12-ге бөлді де, Исраилдің әр өлкесіне жіберді.
30 Бұны көргендердің бәрі: “Исраилдіктер Мысырдан шыққаннан осы уақытқа дейін арамызда мұндай жайт болған емес! Жақсылап ойланып, ақылдасыңдар да+, өз пікірлеріңді айтыңдар”,— десті.
Сілтемелер
^ Мүмкін: “Яһудадағы Бетлехемге бара жатырмын. Мен Ехобаның үйінде қызмет етемін”.
^ Сөзбе-сөз “Саған тыныштық болсын”.