Билер 20:1—48
-
Бенияминдіктермен болған шайқас (1—48)
20 Сонда Даннан+ Бер-Шебаға дейін және Ғалақат жерінде+ тұратын бүкіл исраилдіктер бір кісідей бас қосып, Миспада Ехобаның алдына жиналды+.
2 Құдай халқының жиналысына халық басшылары мен Исраил руларының бәрі, семсермен қаруланған 400 000 жаяу әскер келді+.
3 Бениямин руы өзге исраилдіктердің Миспада бас қосқанын естіді.
Исраилдіктер: “Мұндай сорақы істің қалай болғанын айтыңдаршы?”— деді+.
4 Сонда өлтірілген әйелдің күйеуі, леуілік+, мынаны айтты: “Мен кәнизагыммен Бениямин жеріндегі Гибеяда түнеп шықпақ болдым+.
5 Қала тұрғындары* маған қарсы шығып, өлтірмек боп, түнде үйді қоршап алды. Бірақ кәнизагымды зорлап, ақыры өлтіріп тынды+.
6 Сондықтан мен оның денесін мүшелеп, Исраилдің әр мұралы иелігіне жібердім+. Өйткені олар Исраилде ұятсыздықпен сорақы қылық жасады.
7 Ал енді, Исраил халқы, осы жерде ақыл-кеңестеріңді айтыңдар+”.
8 Сонда күллі жұрт бірауыздан былай деді: “Ешқайсысымыз өз шатырымызға бармаймыз, үйімізге де қайтпаймыз.
9 Былай істейік: жеребе тастап, Гибеямен соғысатын адамдарды таңдайық+.
10 Исраилде сорақы қылық жасаған Бениямин жеріндегі Гибеямен соғыса алуымыз үшін, күллі Исраил руларының 100 адамынан 10, 1000-ынан 100, ал 10 000-ынан 1000 адам соғысатындарға азық-түлік жинасын”.
11 Осылайша күллі Исраил Гибеямен соғысу үшін бір кісідей бас қосты.
12 Исраил рулары бениямин руына кісілер жіберіп, мынаны айтқызды: “Араларыңда болған бұл не қылған сұмдық?!
13 Гибеядағы сол оңбағандарды+ біздің қолымызға беріңдер. Олардың көзін құртып, Исраилді жамандықтан тазартайық+”. Бірақ бенияминдіктер бауырлары исраилдіктерді тыңдамады.
14 Содан бенияминдіктер тұрып жатқан қалаларынан Гибеяға келіп, исраилдіктермен соғысуға дайындалды.
15 Бениямин қалаларынан семсермен қаруланған 26 000 сарбаз, ал Гибеядан 700 таңдаулы адам жиналды.
16 Бениямин руының арасында таңдаулы 700 солақай кісі болды. Олардың әрқайсысы сақпаннан тас атқанда, бір тал шашқа мүлт кетпей тигізетін.
17 Бенияминдіктерге қарсы исраилдіктерден семсермен қаруланған 400 000 адам жиналды+. Олар шетінен майталман сарбаз болатын.
18 Исраилдіктер Бетелге келіп, Құдайдан: “Бенияминмен шайқасуға бізді кім бастап апару керек?”— деп сұрады+. Ехоба: “Яһуда”,— деп жауап берді.
19 Содан исраилдіктер таңертең тұрып, Гибеяның тұсына барып қос тікті.
20 Олар бенияминдіктермен соғысу үшін Гибеяның алдына келіп сап түзеді.
21 Гибеядан аттанған бенияминдіктер сол күні 22 000 исраилдікті жер құштырды.
22 Бірақ Исраил әскері батылданып, бірінші күні тұрған жерлеріне барып, тағы да сап түзеді.
23 Сосын олар Ехобаның алдына келді де, кешке дейін жылап, Ехобадан: “Бауырымыз Бенияминмен соғысуға тағы да барайық па?”— деп сұрады+. Ехоба: “Барыңдар”,— деп жауап берді.
24 Екінші күні исраилдіктер бенияминдіктерге таяу келді.
25 Бенияминдіктер екінші күні де Гибеядан шығып, исраилдіктердің семсермен қаруланған 18 000 сарбазын жер құштырды+.
26 Күллі исраилдіктер Ехобаның алдына Бетелге келіп, көз жастарын төгіп+, кешке дейін ораза тұтты+. Олар Ехобаға түгел өртелетін және татулық құрбандықтарын+ ұсынды.
27 Бұдан кейін Ехобаға өтініштерін айтты+, себебі ол кезде шынайы Құдайдың келісім сандығы Бетелде еді.
28 Бұл уақытта келісім сандығының алдында Харонның немересі, Елазардың ұлы Пінехес+ қызмет ететін. Жұрт Құдайдан: “Бауырымыз Бенияминмен соғысуға тағы да барайық па, жоқ па?”— деп сұрады+. Ехоба: “Барыңдар, өйткені ертең мен оларды аяқтарыңа жығып беремін”,— деп жауап берді.
29 Сонда исраилдіктер Гибеяның айналасына торуылға адамдар қойды+.
30 Олар үшінші күні де Гибеяның тұсына барып, бенияминдіктерге қарсы бұрындағыдай сап түзеді+.
31 Бенияминдіктер шайқасуға шыққанда, қаладан ұзап кетті+. Олар бұрынғысынша шабуыл жасап, исраилдіктердің кейбірін Бетелге және Гибеяға апарар үлкен жолдарда сұлата бастап, далада 30 шақты адамды өлтірді+.
32 Олар бір-біріне: “Бізден тағы да жеңіліп жатыр”+,— десе, исраилдіктер: “Олардан қашқандай болып, қаладан алыстатайық та, үлкен жолдарға қарай алып барайық”,— десті.
33 Осылай исраилдіктердің бәрі орындарынан тұрып, Бағал-Тамарға барып сап түзеді. Қаланы торуылдап жатқандар болса Гибеяның тұс-тұсынан шыға бастады.
34 Күллі Исраилден жиналған 10 000 таңдаулы адам Гибеяның тұсына келіп, сонда қиян-кескі шайқас болды. Бірақ бенияминдіктер бастарына қатер төніп тұрғанын білмеді.
35 Ехоба Бенияминді Исраилдің қолына берді де, сол күні олар семсермен қаруланған 25 100 адамды қырып салды+.
36 Исраилдіктер Гибеяның маңында торуылдап жатқандарға+ сеніп кері шегінгенде, бенияминдіктер олар жеңіліп жатыр деп ойлап қалған еді+.
37 Торуылдап жатқан сарбаздар болса лезде әрекет етіп, Гибеяға лап қойды да, қаладағылардың бәрін семсермен қырды.
38 Исраилдіктердің келісімі бойынша, торуылдап жатқандар қаланы өртегенде шыққан түтін белгі болмақ еді.
39 Исраилдіктер кері шегінгенде, бенияминдіктер 30 шақты адамды өлтірді+, сондықтан: “Алдыңғы шайқастағыдай олар жеңіліп жатыр”,— десті+.
40 Сол кезде белгі берілді: қаладан будақтап түтін көтеріле бастады. Бенияминдіктер арттарына қарағанда, қаланың отқа оранып, жалыны көкке көтеріліп жатқанын көрді.
41 Сонда Исраил кері бұрылды, ал Бениямин басына күн туғанын көріп, әбігерге түсті.
42 Сөйтіп, олар шөл далаға шегінді, бірақ исраилдіктер оларды қия бастырмай, қыспаққа алды, қаладан шыққандар да алдарынан шығып қыра бастады.
43 Исраилдіктер оларды қоршауға алып, тыным бермей қуды. Олар Бенияминді Гибеяның шығыс жақ тұсында қуып жетіп, қырып салды.
44 Осылайша бенияминдіктердің 18 000 мықты сарбазы қаза болды+.
45 Аман қалғандары шөл далаға, Римон шатқалына қарай қашты+. Исраилдіктер үлкен жолдардың бойында тағы 5000 бенияминдікті өлтірді. Сосын Гидомға дейін өкшелей қуа отырып, тағы да 2000-ын сұлатты.
46 Сол күні бениямин руының семсермен қаруланған 25 000 адамы жер құшты+. Олардың бәрі мықты сарбаздар еді.
47 Бірақ 600 адамы шөл даладағы Римон шатқалына қашып кетіп, төрт ай бойы сол жерді паналады.
48 Исраилдіктер болса Бениямин жеріне қайта оралып, қалада кезіккендерді адам демей, мал демей — барлығын қырды. Бұнымен қоймай, жолдарында кезіккен қалаларының бәрін өртеп жіберді.
Сілтемелер
^ Мүмкін: “жер иелері”.