Билер 3:1—31
3 Ехоба мына халықтардың елде қалуына жол берді, солар арқылы қанахандықтармен соғысып көрмеген исраилдіктер сыналмақ еді+.
2 (Ол мұны исраилдіктердің бұрын соғысып көрмеген жаңа буыны соғысудың не екенін білсін деп істеді.)
3 Елде қалған халықтар мыналар: філістірлердің бес билеушісі+, қанахандықтардың барлығы, сидондықтар+ және Бағал-Хермон тауынан Лебо-Хаматқа+ дейін созылып жатқан Ливан+ тауында мекендейтін хевтіктер+.
4 Осы халықтар арқылы исраилдіктердің Ехобаның Мұса арқылы әкелеріне берген бұйрықтарына мойынсұнатын-мойынсұнбайтыны сыналмақ еді+.
5 Осылайша олар қанахандықтар, хеттіктер, аморлықтар, перездіктер, хевтіктер мен ебустіктердің арасында тұрып жатты+.
6 Исраилдіктер олармен қыз алысып, қыз берісетін болды, құдайларына да табына бастады+.
7 Исраилдіктер Ехобаға ұнамсыз істер жасады. Олар Құдайлары Ехобаны ұмытып, Бағалдар мен қасиетті бағаналарға*+ қызмет ететін болды+.
8 Бұған Ехобаның қаһары лаулап, Исраилді Месопотамия* патшасы Құшан-Ришатайымның қолына берді де, исраилдіктер оған сегіз жыл қызмет етті.
9 Бірақ олар Ехобаға жалбарынғанда+, Ехоба халқын азат ету үшін Халептің інісі Кеназ ұлы Отниелді+ құтқарушы етіп жіберді+.
10 Отниелге Ехобаның рухы қонып+, Исраилдің биі болды. Ол ұрысқа шыққанда, Ехоба Месопотамия* патшасы Құшан-Ришатайымды аяғына жығып берді. Сондықтан Отниелдің күші одан басым болды.
11 Сөйтіп, бұл жер 40 жыл соғыстан тыным тапты. Уақыт өте Кеназ ұлы Отниел дүние салды.
12 Исраилдіктер қайтадан Ехобаға ұнамсыз істер жасай бастады+. Сонда Ехоба Моаб+ патшасы Еглонның күші Исраилдікінен басым болуына жол берді, себебі олар Ехобаға ұнамсыз істер жасады.
13 Еглон аммондықтар+ мен амалектіктердің+ басын қосып, Исраилге қарсы аттанды да, пальма ағаштары өсетін қаланы басып алды+.
14 Исраилдіктер Моаб патшасы Еглонға 18 жыл қызмет етті+.
15 Бұдан соң олар Ехобадан көмек сұрап, жалбарына бастады+. Сонда Ехоба құтқарушы етіп+ бениямин руынан+ шыққан Гераның ұлы Ехудті+ жіберді. Ол солақай болатын+. Бірде исраилдіктер Моаб патшасы Еглонға Ехуд арқылы алымдарын беріп жіберді.
16 Ехуд өзіне ұзындығы бір шынтақ* екі жүзді қанжар жасап алып, оны киімінің астынан белінің оң жағына байлап қойды.
17 Содан Ехуд алымды Моаб патшасы Еглонның алдына әкелді. Еглон өте семіз адам болатын.
18 Ехуд алымды берген соң, оны әкелген адамдарды жөніне жіберді.
19 Өзі болса Ғылғалдағы+ мүсіндерге* жеткенде, кері қайтып, патшаға келді де: “Уа, патша, сізге айтар құпия хабарым бар”,— деді. Патша: “Тыныш!”— дегенде, қасындағылардың бәрі сыртқа қарай беттеді.
20 Ехуд сарайының жоғарғы салқын бөлмесінде жалғыз отырған патшаға кіріп, оған: “Сізге Құдайдың хабарын әкелдім”,— деді. Ол тағынан тұрғанда,
21 Ехуд белінің оң жағындағы қанжарын сол қолымен суырып алып, оның қарнына сұғып жіберді.
22 Қанжармен бірге сабы да кіріп кетіп, майдың астында қалды, өйткені Ехуд қанжарын қайта суырып алған жоқ еді. Ал әлгінің нәжісі сыртқа шықты.
23 Ехуд жоғарғы бөлменің есігін кілттеді де, ауызүй* арқылы шығып кетті.
24 Ол кеткен соң, патшаның қызметшілері келіп қараса, жоғарғы бөлменің есігі кілттеулі тұр екен. Олар: “Ол салқын бөлмесінде дәрет сындырып жатса керек”,— десті.
25 Біраз күткеннен кейін, олар абыржи бастады. Есікті ешкім ашпаған соң, кілт алып, ашып қараса, қожайындары жерде өліп жатыр екен!
26 Патшаның қызметшілері әбігерге түсіп жатқанда, Ехуд мүсіндерден*+ асып, еш кедергісіз Сеираға жол тартты.
27 Сол жерге жеткен соң, ол Ефремнің+ таулы өңірінде кернейлете жөнелді+. Сонда исраилдіктер таулы өңірден төмен түсті, оларды Ехуд бастап жүрді.
28 Ол исраилдіктерге: “Маған еріңдер, өйткені Ехоба жауларың моабтықтарды аяқтарыңа жығып берді!”— деді. Исраилдіктер оған ерді де, Иорданның моабтықтар өтетін өткелін басып алып, ол жерден ешкімді өткізбеді.
29 Олар моабтықтардың 10 000-дай мықты әрі жаужүрек адамын өлтірді+; ешкім қашып құтылмады+.
30 Сол күні Исраил Моабты өзіне бағындырды. Осылайша бұл жер 80 жыл соғыстан тыным тапты+.
31 Ехудтен кейін Анат ұлы Шамғар би болды+. Ол ірі қара мал айдайтын ұшы үшкір таяқпен+ 600 філістірді мерт қылып+, Исраилді құтқарды.
Сілтемелер
^ Түсіндірмедегі “Қасиетті ағаш бағананы” қараңыз.
^ Сөзбе-сөз “Арам-Нахараим”.
^ Сөзбе-сөз “Арам”.
^ Қысқа шынтақ жөнінде айтылып тұрса керек (шамамен 38 см). Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ Мүмкін: “орларға”.
^ Мүмкін: “желкөз”.
^ Мүмкін: “орлардан”.