Билер 8:1—35

  • Ефремдіктердің Гедеонға ашулануы (1—3)

  • Мадиян патшаларының қолға түсіп өлтірілуі (4—21)

  • Гедеонның патша болудан бас тартуы (22—27)

  • Гедеонның өмірі (28—35)

8  Сонда оған ефремдіктер келіп: “Бұл не қылғаның? Мадияндықтармен соғысуға бізді неге шақырмадың+?”— деп, қатты дауласты+.  Бірақ Гедеон оларға мынаны айтты: “Сендермен салыстырғанда менің істегенім түк те емес қой! Әбиезердің+ науқанда жинаған жүзімінен оның артынан Ефремнің+ теріп алғаны әлдеқайда артық емес пе?  Мадиянның қос бекзадасы Ориб пен Зипті+ Құдай сендердің қолдарыңа берді. Сендердікімен салыстырғанда менің істегенім түк емес қой!” Гедеонның осы сөздерінен кейін, олардың ашуы басылды.  Бұдан кейін Гедеон қасындағы 300 адаммен Иорданға келіп, одан өтті. Олар шаршағандарына қарамай, жауларын қуа берді.  Сосын Гедеон Суқот тұрғындарына: “Біз Мадиян патшалары Зебей мен Салманды қуып келеміз. Маған ерген жігіттер шаршады, бізге нан беріңдерші”,— деді.  Бірақ Суқот бекзадалары: “Әскеріңе нан беретіндей, Зебей мен Салманды қолға түсіріп қойған ба едің?”— деді.  Гедеонның жауабы мынау болды: “Осыдан қарап тұрыңдар, Ехоба Зебей мен Салманды уысыма салып бергенде, мен сендерді шөлде өсетін тікендермен, тікенді бұталармен сабаймын+”.  Содан ол Пенуелге барып, оның тұрғындарынан да нан беруді өтінді. Бірақ олар да Суқот тұрғындары іспетті жауап берді.  Сондықтан Гедеон оларға: “Жеңіспен оралғанымда, мына мұнараларыңды тас-талқан етемін+”,— деді. 10  Зебей мен Салман 15 мыңдай сарбазымен Каркорда еді. Семсер ұстаған 120 000 сарбазы жер құшқаннан кейін шығыс тұрғындарының қалған бар әскері+ осы болатын. 11  Гедеон болса Нобах пен Жохпеханың+ шығысынан өтетін көшпенділердің жолын бойлай отырып, жау қосына қапылыста тап берді. 12  Зебей мен Салман қаша жөнелгенде, Гедеон бірден соңдарына түсіп, мадияндықтардың сол екі патшасын ұстап алды. Осылайша бүкіл қосты дүрбелеңге түсірді. 13  Жоғаш ұлы Гедеон жорықтан Хареске көтерілетін жолмен қайтты. 14  Жол-жөнекей суқоттық бір жігітті ұстап алып, одан бәрін сұрастырып алды. Жігіт оған Суқоттың бекзадалары мен ақсақалдарының, 77 адамның, тізімін жазып берді. 15  Содан Гедеон Суқот тұрғындарына барып: “Міне, сендерге Зебей мен Салман. Осы екеуі үшін мені мазақ қылып: —Шаршаған әскеріңе нан беретіндей, Зебей мен Салманды қолға түсіріп қойған ба едің?— деп едіңдер ғой!”— деді+. 16  Сосын шөлде өсетін тікендермен, тікенді бұталармен қала ақсақалдарын жазалады+. 17  Пенуел+ мұнарасын болса тас-талқан етті, ал қала тұрғындарын өлтіріп тастады. 18  Гедеон Зебей мен Салманнан: “Таборда өлтірген адамдарың қандай еді?”— деп сұрады. Олар: “Әрқайсысы сен сияқты, патша ұлына ұқсайтын”,— дегенде, 19  ол: “Олар менің бір анадан туған бауырларым еді. Соларды аман алып қалғандарыңда, тірі Құдай Ехобаның алдында шын айтамын*, сендерді өлтірмес едім”,— деп жауап берді. 20  Сосын тұңғышы Етерге: “Орныңнан тұр да, мыналарды өлтір!”— деді. Бірақ жігіт семсерін қынабынан суырмады. Ол әлі балаң жігіт болғандықтан қорықты. 21  Сонда Зебей мен Салман Гедеонға: “Бізді өзің өлтір, себебі адамның күші өзіне сай болады”,— деді. Содан ол әлгі екеуін өлтірді де+, түйелерінің мойнындағы әшекейлерін* шешіп алды. 22  Кейінірек исраилдіктер Гедеонға: “Сен бізді мадияндықтардан аман алып қалдың, енді өзің және ұлың, сондай-ақ немерең бізге билік етсін”,— деді+. 23  Бірақ ол: “Сендерге мен не ұлым емес, Ехоба билік етеді+”,— деп жауап берді. 24  Сосын сөзін жалғап былай деді: “Сендерден өтінерім — әрқайсысың түскен олжадан мұрынға тағатын бір-бір сырғадан беріңдер”. (Жеңілгендер мұрындарына алтын сырға тағатын, өйткені олар ысмағұлдық+ еді). 25  Сонда олар: “Әрине береміз”,— деді де, жерге шапан төсеп, үстіне әрқайсысы өз олжасынан мұрынға тағатын бір-бір сырғадан тастады. 26  Әшекейлер* мен сырғаларды, Мадиян патшалары киетін күлгін түсті жүннен жасалған киім-кешекті және түйелерге тағылған әшекейлерді есептемегенде, Гедеон сұрап алған мұрынға тағатын алтын сырғалардың салмағы 1700 шекел* болды+. 27  Гедеон одан ефод*+ жасап, оны өзінің қаласы Офраға+ қойды. Ал бүкіл Исраил соған табынуға барып, азғындық жасайтын болды+. Гедеон мен оның үй іші үшін ол тұзаққа айналды+. 28  Мадиян+ елі исраилдіктерге бағынышты болып, содан қайтып бас көтермеді. Гедеонның заманында бұл жер 40 жыл соғыстан тыным тапты+. 29  Жоғаш ұлы Ерубағал+ өз үйіне оралып, сонда өмір сүрді. 30  Гедеонның 70 ұлы болды, себебі оның әйелдері көп еді. 31  Сихемде тұратын кәнизагы да оған ұл туып берді. Әкесі оған Әбумәлік+ деген ат қойды. 32  Жоғаш ұлы Гедеон ұзақ ғұмыр кешіп, өмірден өтті. Оның мәйіті Әбиезер+ ұрпақтарының иелігіндегі Офрада орналасқан Жоғаштың қабіріне қойылды. 33  Гедеон қайтыс бола салысымен, исраилдіктер қайтадан Бағалдарға табынып, азғындық жасай бастады+. Олар өздеріне Бағал-Беритті құдай етіп бекітті+. 34  Ал өздерін айналасындағы күллі жауларынан құтқарған Құдайлары Ехобаны естеріне алмады+. 35  Ерубағалдың, яғни Гедеонның, істеген бар жақсылығына қарамастан, оның үй ішіне де айнымас сүйіспеншілік танытпады+.

Сілтемелер

Немесе “Ехобаның тірі екеніндей хақ сөзім”.
Мұнда нобайы жарты не толық ай іспетті етіп жасалған әшекей жөнінде айтылған.
Мұнда нобайы жарты не толық ай іспетті етіп жасалған әшекей жөнінде айтылған.
1 шекел 11,4 г-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.