Билер 9:1—57
9 Уақыт өте келе Ерубағалдың ұлы Әбумәлік+ шешесінің Сихемдегі аға-інілеріне барып, оларға және бүкіл нағашы жұртына былай деді:
2 “Сихемнің барлық басшыларына* мынаны айтыңдаршы: —Сендерге Ерубағалдың+ 70 баласының билік еткені жақсы ма, әлде біреуінің бе? Қандастарың* екенімді ұмытпаңдар”,— деді.
3 Нағашы аға-інілері оның сөздерін Сихемнің басшыларына жеткізгенде, олар: “Ол біздің бауырымыз ғой”,— десіп, Әбумәлікке бүйректері бұра бастады.
4 Олар Әбумәлікке Бағал-Бериттің+ ғибадатханасынан 70 күміс ақша алып берді. Ол болса бұл ақшаға шашбауын көтеріп жүретін еріккен, өрескел кісілерді жалдады.
5 Сосын әкесінің Офрадағы+ үйіне барып, туған бауырларын, Ерубағалдың 70 ұлын, бір тастың үстінде өлтірді+. Ерубағалдың кенжесі Жотам ғана тығылып қалып, аман қалды.
6 Бұдан кейін Сихемнің барлық басшылары мен Бет-Миллоның күллі тұрғындары үлкен ағаштың, Сихемдегі бағананың жанына жиналып, сол жерде Әбумәлікті патша+ етіп тағайындады.
7 Жотамға бұл туралы хабар жеткенде, ол дереу Гаризим+ тауының басына шығып, былай деп айғайлады: “Сихем басшылары, маған құлақ асыңдар, сонда Құдай сендерге құлақ асады!
8 Бірде ағаштар өздеріне патша тағайындамақ болып, зәйтүн ағашына: —Біздің патшамыз бол!— депті+.
9 Бірақ ол: —Құдай мен адамдарды мадақтауға арналған майымды тастап, басқа ағаштардың үстінен шайқалып қайтемін?— дейді.
10 Сонда ағаштар інжір ағашына: —Онда сен біздің патшамыз бол,— депті.
11 Інжір болса: —Тәтті жемістерімді тастап, басқа ағаштардың үстінен шайқалып нем бар?— депті.
12 Бұдан кейін олар жүзім бұтасына: —Біздің патшамыз бол,— дегенде,
13 ол: —Құдайды да, адамдарды да қуантатын жас шарабымды тастап, ағаштардың үстінен шайқалып не қыламын?— деп жауап беріпті.
14 Ақырында ағаштар тікенді бұтаға: —Біздің патшамыз сен бол,— дейді+.
15 Сонда тікенді бұта: —Мені шынымен өздеріңе патша етіп тағайындағыларың келсе, саяма келіп паналаңдар. Ал олай етпесеңдер, тікенді бұтадан от шығып, Ливанның қарағайларын жалмап қойсын!— дейді.
16 Сендер Әбумәлікті патша+ еткенде, мұны шын көңілден, игі ниетпен істедіңдер ме? Ерубағал мен оның үй ішіне ізгілік жасап, жақсылығының қарымтасын қайтардыңдар ма?
17 Әкем сендерді Мадиянның қолынан аман алып қалу үшін басын қатерге тігіп шайқасқан еді+.
18 Сендер болсаңдар әкемнің үй ішіне қарсы шығып, оның ұлдарын, 70-інің бәрін, бір тастың үстінде өлтірдіңдер+. Ал күңінен туған+ Әбумәлікті бауырларың болғаны үшін, Сихем басшыларының үстінен патша еттіңдер.
19 Сонымен, Ерубағал мен оның үй ішіне істегендерің шын көңілден, игі ниетпен жасалған болса, Әбумәлік үшін қуаныңдар, ол да сендер үшін қуансын.
20 Ал егер олай болмаса, Әбумәліктен от шығып, Сихемнің басшылары мен Бет-Миллоны+ жалмап қойсын. Сихемнің басшылары мен Бет-Миллодан шыққан от болса Әбумәлікті жалмасын+”.
21 Осыны айтқаннан кейін Жотам+ ағасы Әбумәліктен бассауғалап, Бегерге барып қоныс тепті.
22 Ал Әбумәлік Исраилде үш жыл билік етті*.
23 Бірақ Құдай Әбумәлік пен Сихем басшыларының арасында алауыздық тууына жол беріп, Сихем басшылары оған опасыздық жасады.
24 Құдай мұны Ерубағалдың 70 ұлына жасаған зұлымдығы үшін Әбумәліктен кек алынсын деп, сондай-ақ бауырларының төгілген қаны Әбумәліктің және соларды өлтіруге қолғабыс еткен Сихем басшыларының мойнында болсын деп істеді+.
25 Сөйтіп, Сихем басшылары Әбумәлікке тұтқиылдан тию үшін, қыр бастарына торуылға адамдар қойды. Олар сол жолмен өткендердің бәрін тонайтын. Бұл жайлы хабар Әбумәліктің құлағына жетті.
26 Бұдан кейін Ебед ұлы Гағал мен оның бауырлары Сихемге көшіп келді+. Сихем басшылары соған сенім арта бастады.
27 Олар танапқа барып, жүзімдерін жинап, шырынын сығып, той-думан құрды. Сосын құдайларының ғибадатханасына+ барып ішіп-жеп, Әбумәлікті қарғап-сіледі.
28 Сонда Ебед ұлы Гағал былай деді: “Біз қызмет ететіндей Әбумәлік кім, Сихем кім? Ол Ерубағалдың+ ұлы, ал Зебул оның көмекшісі емес пе? Одан да Сихемнің әкесі Хамордың ұлдарына қызмет етіңдер. Әбумәлікке қызмет етіп неміз бар?
29 Мына халық маған ерсе ғой, Әбумәлікті орнынан түсіріп тастар едім”. Сосын ол Әбумәлікті келеке етіп: “Қол жинап, менімен шайқасуға шықсын!”— деді.
30 Зебул Ебед ұлы Гағалдың осы сөздерін естігенде, бойын ашу кернеді.
31 Ол жасырын түрде Әбумәлікке шабармандар жіберіп: “Бауырларымен Сихемге келген Ебед ұлы Гағал қала тұрғындарын жинап, саған қарсы қоймақшы.
32 Сондықтан түнде қасыңдағы адамдарыңмен жолға шық та, далада торуылдап жат.
33 Таңертең, күн шыға сала тұрып, қалаға лап қой. Ал Гағал мен қасындағылар қарсы аттанғанда, жеңіске жету үшін қолыңнан келгеннің бәрін істе”,— деп хабарлады.
34 Содан Әбумәлік қасындағы бар адамдарымен түнде тұрып, Сихемге шабуылдау үшін төрт топқа бөлініп, торуылдап жатты.
35 Ебед ұлы Гағал қала қақпасының алдына барып тұрды. Сол кезде Әбумәлік пен қасындағылар торуылдап жатқан жерлерінен шықты.
36 Гағал оларды көргенде, Зебулға: “Қарашы, қыр бастарынан адамдар түсіп келе жатыр”,— деді. Ал Зебул: “Қырлардың көлеңкесін адамдарға ұқсатып тұрсың ғой”,— деп жауап берді.
37 Біраздан соң Гағал тағы да: “Қарашы, жеріміздің ортасындағы қырдан адамдар түсіп келе жатыр, тағы бір топ Меғоненим деген үлкен ағаштың тұсынан келе жатыр”,— деді.
38 Сонда Зебул оған мынаны айтты: “Біз қызмет ететіндей Әбумәлік кім сонша+?” дегенің қайда? Бұл өзің менсінбеген адамдар ғой. Ал енді барып, солармен шайқас!”
39 Гағал Сихем басшыларын бастап алып шығып, Әбумәлікпен шайқасты.
40 Бірақ Әбумәлік Гағалдың соңына түсті де, ол қаша жөнелді. Көп адам қырылып, қала қақпасына дейін өліктер сұлап жатты.
41 Әбумәлік Арумахқа оралып, сонда қалды. Ал Зебул+ Гағалды, бауырларымен қоса, Сихемнен қуып жіберді.
42 Келесі күні жұрт қаладан далаға шыға бастады. Бұл туралы Әбумәлікке хабар жеткенде,
43 ол адамдарын жинап, үш топқа бөлді де, далада торуылдап жатты. Жұрт қаладан шыға бастағанда, лап қойып, оларды қырып тастады.
44 Әбумәлік қасындағы топтарымен қала қақпасының алдына барып тұрды, ал қалған екі топ даладағы жұртқа шабуылдап, соларды қырды.
45 Әбумәлік қала тұрғындарымен күні бойы шайқасып, оны басып алды да, халқын өлтірді. Қаланың өзін қиратып+, тұз шашып тастады.
46 Мұны Сихем мұнарасында тұратындар естігенде, дереу Ел-Берит+ ғибадатханасының бассауғалайтын жеріне кіріп алды.
47 Әбумәлікке Сихем мұнарасында тұратындардың бәрі бір жерге жиналып алды деген хабар жетті.
48 Сонда ол қасындағы адамдарымен Салмон тауына шықты. Әбумәлік қолына балта алып, ағаштардан бұтақтар кесіп алды да, иығына салып тұрып: “Менің не істегенімді көрдіңдер ғой, дереу сендер де солай етіңдер!”— деді.
49 Сонда олардың бәрі бұтақ кесіп алды да, Әбумәлікке ерді. Сосын бұтақтарды жұрт бассауғалаған жерге апарып, айналасына үйді де, өрт қойды. Осылай Сихем мұнарасындағылардың бәрі, мың шақты еркек пен әйел өртеніп кетті.
50 Бұдан кейін Әбумәлік Тебеске аттанып, сонда қос тікті де, қаланы жаулап алды.
51 Қаланың ортасында мықты мұнара бар еді. Қаладағы күллі еркектер мен әйелдер және барлық басшылары сонда қашты. Олар мұнараның есігін бекітіп, төбесіне шығып алды.
52 Әбумәлік мұнараға беттеп, оған шабуылдады. Ол мұнараны өртеп жіберу үшін кіреберісіне таяды.
53 Сол кезде бір әйел Әбумәліктің басына диірмен тасын тастап жіберді де, оның бассүйегі жарылып кетті+.
54 Сонда ол дереу қаруын көтеріп жүретін қызметшісін шақырып: “Семсеріңді ал да, мені өлтір, әйтпесе жұрт мен туралы “әйелдің қолынан қаза болды” деп жүрер”,— деді. Қызметшісі семсерін сұғып алып, оны өлтіріп тастады.
55 Исраилдіктер оның өлгенін көріп, әрқайсысы өз үйіне қайтып кетті.
56 Осылай Құдай Әбумәліктің 70 бауырын өлтіріп, әкесіне жасаған зұлымдығының есесін қайтарды+.
57 Сондай-ақ Сихем тұрғындарының да зұлымдықтарын өз бастарына келтірді. Осылай Ерубағалдың+ ұлы Жотамның+ айтқан қарғысы орындалды.
Сілтемелер
^ Мүмкін: “жер иелеріне”.
^ Сөзбе-сөз “сүйектерің мен еттерің”.
^ Немесе “бекзадасымақ болды”.