Даниял 11:1—45

  • Персия мен Грекияның патшалары (1—4)

  • Оңтүстік пен солтүстіктің патшалары (5—45)

    • Салық жинаушының шығуы (20)

    • Келісім Көсемінің күйретілуі (22)

    • Бекіністер құдайының дәріптелуі (38)

    • Оңтүстік пен солтүстік патшасының текетіресі (40)

    • Шығыс пен солтүстіктен келген мазаны алатын хабар (44)

11  Ал мен болсам мидиялық Дарийдің+ билік құруының бірінші жылында Микайлды* нығайтып, қолдау көрсеттім*.  Қазір саған шынымен болатын оқиғаларды айтамын: Міне, Персия елінде тағы үш патша билікке келеді, төртіншісі басқаларына қарағанда әлдеқайда көп байлық жинайды. Ол байлығының арқасында күшейіп, барлығын Грекия+ патшалығына қарсы көтереді.  Сосын бір қуатты патша билікке келеді. Ол зор күшпен билік құрып+, өз қалауымен әрекет етеді.  Алайда ол әбден күшейіп алғанда, патшалығы күйреп, төрт бағытқа қарай бөлініп кетеді+. Патшалық оның ұрпақтарына тимейді, биліктің бұрынғы қуаты қалмайды. Өйткені оның патшалығы түптамырымен жұлынып, өзге біреулерге өтеді.  Оңтүстіктің патшасы, яғни оның әміршілерінің бірі, күшейеді. Бірақ өзге біреу одан үстем болып, оған қарағанда әлдеқайда зор күшпен билік құрады.  Бірнеше жылдан кейін олар одақтасады. Оңтүстік патшасының қызы бітім жасасу үшін солтүстік патшасына келеді. Бірақ қыз қолындағы күшті сақтай алмайды. Патшаның өзі де, күш-қуаты да ұзаққа жетпейді. Қыз да, оны сонда ертіп келгендер де, оны дүниеге әкелген де, сол кездері оған қолдау көрсетуші де басқалардың қолына беріледі.  Қыздың әулетінен бір өскін шығып, әкесінің орнын басады. Ол әскер жасағына барып, солтүстік патшаның бекінісіне қарсы аттанады да, олармен шайқасып, жеңіске жетеді.  Сондай-ақ ол солардың тәңірлерін, темір мүсіндерін, күміс пен алтыннан жасалған құнды заттарын және тұтқындарды алып, Мысырға кетеді. Содан біраз жыл бойы солтүстік патшасын жайына қалдырады.  Кейін солтүстік патшасы оңтүстік патшалығына қарсы аттанады, бірақ өз еліне кері қайтады. 10  Ал оның* ұлдары шайқасқа дайындалып, қалың қол жинайды. Солардың бірі* алға басып, елді топан судай шайып өтеді. Бірақ ол кері қайтып, өз бекінісіне жеткенше жол-жөнекей соғысады. 11  Оңтүстік патшасы қатты ызаланып, солтүстік патшасына қарсы аттанып, шайқасады. Ал бұл патша үлкен тобыр жинайды, бірақ тобыр әлгі патшаның қолына беріледі. 12  Бұл тобыр әкетіледі. Оның* жүрегі тәкаппарланып, он мыңдағандарды сұлатады, бірақ өзінің мықты жағдайын қолданбайды. 13  Солтүстік патшасы қайтып келіп, бұрынғыдан да үлкен жасақ жинайды. Біраз уақыт, біраз жыл, өткен соң ол жақсылап қаруланған қалың әскермен аттанады. 14  Сол кездері оңтүстік патшасына қарсы шығатындар көп болады. Сенің халқыңның арасындағы зорлық жасаушылар* аянды жүзеге асыруға тырысады, бірақ сәтсіздікке ұшырайды. 15  Солтүстік патшасы келіп, бекіністі қаланың айналасына үйінділер жасап, оны басып алады. Оңтүстіктің қарулы қолы да, таңдаулы сарбаздары да төтеп бере алмайды, тойтарыс беруге олардың күші жетпейді. 16  Оған* қарсы шығатын біреу өз қалағанын істейді, ешкім қарсы келе алмайды. Ол* Көрікті жерде+ тұрады, қолында қырып-жоятын күш болады. 17  Ол патшалығының бар күш-қуатымен аттануға бел буады. Онымен бітім жасасады, әрі ісі сәтті болады. Оған әйелдің қызын күйретуге жол беріледі. Қыз төтеп бере алмайды, сонікі болып та қала бермейді. 18  Ол жүзін жағалаудағы елдерге бұрып, көп жерді басып алады. Алайда бір қолбасшы одан көрген қорлықты тоқтатып, жоқ қылады. Сөйтіп, бұл қорлықты оның өз басына келтіреді. 19  Содан ол* өз еліндегі бекіністерге қарай бет бұрады, бірақ сүрініп құлап, із-түссіз құрып кетеді. 20  Оның орнына басқа біреу келіп, салтанатты патшалықты аралауға салық жинаушыны* жібереді, алайда бірнеше күннен кейін ол күйрейді, бірақ бұл ашудың да, соғыстың да кесірінен болмайды. 21  Оның орнына жексұрын біреу билікке келеді, оған патшалықтың қадір-құрметі берілмейді. Ол қауіпсіз кезде* келіп, патшалықты майда тілмен* қолға түсіреді. 22  Оның кесірінен топан судай қаптаған қалың қол шайылып, күйретіледі. Келісімнің+ Көсемі+ де күйретіледі. 23  Ол солармен одақ құрғандықтан, айламен әрекет етеді. Содан көтеріліп, шағын халықтың арқасында нығайып алады. 24  Сөйтіп, қауіпсіз кезде* бағынышты аймақтың ең бай жерлеріне келіп, ата-бабалары істемегенді істейді. Ол тонап алған байлықты, олжаны, дүние-мүлікті халыққа таратады. Бекіністі жерлерге қарсы залым жоспар құрады, бірақ мұнысы ұзаққа созылмайды. 25  Ол күшін жинап, батылданып алған соң, үлкен жасақпен оңтүстік патшасына қарсы шығады. Ал оңтүстік патшасы орасан көп әрі қуатты жасақпен соғысқа дайындалады. Олар айла-амал ойластырғандықтан, ол* қарсы тұра алмайды. 26  Дастарқанынан дәмді тамақ жеп жүргендер оны күйретеді. Ал оның жасағының түгі қалмайды, көптеген адам мерт болады. 27  Осы екі патшаның жүрегі жамандық жасауды ойлайды, олар бір дастарқан басында отырып, бір-біріне өтірік айтады. Бірақ ештеңе іске аспайды, өйткені олардың соңы Құдай белгілеген уақытта келеді*+. 28  Ол* мол байлықпен өз жеріне оралады. Оның жүрегі қасиетті келісімге қарсы шығады. Оның әрекеті нәтижелі болып, өз жеріне қайтады. 29  Белгіленген уақытта ол қайта келіп, оңтүстікке қарсы аттанады. Бірақ бұл жолы бұрынғысындай болмайды, 30  өйткені Киттим+ кемелері қарсы келіп, оны жер қылады. Ол қайтып келіп, қасиетті келісімде+ тұрғандарға қаһарын төгеді, әрі ісі нәтижелі болады. Ол кері қайтып, қасиетті келісімнен тайғандарға көңіл бұрады. 31  Одан қарулы қол аттанып, қасиетті орынды+, бекіністі, арамдайды, ұдайы шалынатын құрбандықты тоқтатады+. Олар қаңыратып бос қалдыратын жеркенішті нәрсе орнатады+. 32  Келісімге қарсы зұлымдық жасағандарды ол майда тілмен* жолдан тайдырады. Бірақ өз Құдайын білетін халық үстем болып, ісі оңға басады. 33  Халық арасындағы ақыл-парасаты барлар+ көпке түсінік береді. Олар семсерден, өрттен, тұтқындалу мен талан-тараж болудан бірнеше күн сүрінеді. 34  Бірақ олар сүрінген кезде, шамалы көмек көрсетіледі. Олардың арасына көп адам майда тілмен кіріп алады. 35  Ақыл-парасаты барлардың кейбірі сүрінеді, осылай солар арқылы халық ақырғы уақытқа дейін сыналады, тазартылады және ағартылады+. Өйткені бұл Құдай белгілеген уақытта орындалу керек. 36  Патша өз қалауынша әрекет етеді, өз-өзін асқақтатып, өзін құдайлардың бәрінен жоғары қояды. Ол құдайлардың Құдайына*+ небір балағат сөздер айтады. Үкім жүзеге асқанға дейін, ол өз ісінде нәтижелі болады. Себебі белгіленген нәрсе жүзеге асуға тиіс. 37  Ол ата-бабаларының Құдайын да, әйелдердің қалауын да, басқа ешбір құдайды да құрметтемейді, өзін бәрінен жоғары қояды. 38  Оның орнына бекіністердің құдайын дәріптейді. Ата-бабалары білмеген сол құдайды ол алтын-күміс, асыл тас және басқа да бағалы заттармен дәріптейді. 39  Оның бөтен құдаймен бірге ең мықты қамалдарға қарсы әрекеті сәтті болады. Өзін мойындағандарға* ол зор атақ-даңқ беріп, оларды көпшіліктің үстінен билік еткізеді, құн төлегендерге жерді үлестіреді. 40  Ақырғы уақытта оңтүстік патшасы онымен текетіреседі. Солтүстік патшасы соғыс арбаларымен, салт аттылармен және көп кемемен бұған қарсы дауылдай соғады. Ол елдерге басып кіріп, топан судай шайып кетеді. 41  Сондай-ақ ол Көрікті жерге+ басып кіреді және көптеген елдер талқандалады. Бірақ Едом, Моаб пен аммондықтардың басшылары оның қолынан құтылады. 42  Ол елдерге қарсы қолын созып тұрады, Мысыр жері де құтылмайды. 43  Ол Мысырдың жасырын қазынасына, алтын-күмісіне, сондай-ақ басқа да бағалы заттарына иелік етеді. Ливиялықтар мен эфиопиялықтар оған еретін болады. 44  Бірақ шығыс пен солтүстіктен келген хабарлар оның мазасын алады. Сонда ол зор қаһарына мініп, көптің көзін құртып, жою үшін аттанады. 45  Ол өзінің патша шатырларын ұлы теңіз бен Көрікті жердегі+ киелі таудың арасына тігеді. Оның соңы жетіп, оған көмектесетін ешкім болмайды.

Сілтемелер

Немесе “қорған болдым”.
Сөзбе-сөз: “оны”.
Солтүстік патшасы болса керек.
Сөзбе-сөз “ол”.
Оңтүстік патшасы болса керек.
Немесе “тонаушылардың ұлдары”.
Оңтүстік патшасы болса керек.
Солтүстік патшасы болса керек.
Солтүстік патшасы болса керек.
Немесе “әскерге алу үшін тізім жасаушы”.
Мүмкін: “ескертпестен”.
Немесе “қулық-сұмдықпен”.
Мүмкін: “ескертпестен”.
Солтүстік патшасы болса керек.
Сөзбе-сөз “соңы белгіленген уақытқа әлі жеткен жоқ”.
Солтүстік патшасы болса керек.
Немесе “жағымпазданып; шын ниетсіз”.
Яғни басқа құдайлардан жоғары тұрған Құдай.
Мүмкін: “өзі кімді мойындаса, соларға”.