Даниял 8:1—27

  • Қошқар мен теке туралы аян (1—14)

    • Кішкентай мүйіздің өзін асқақтатуы (9—12)

    • 2300 кеш пен таң өткенге дейін (14)

  • Жәбірейілдің аянды түсіндіруі (15—27)

    • Қошқар мен теке нені білдіреді? (20, 21)

    • Түрі ызғарлы патшаның шығуы (23—25)

8  Алдыңғы көріністен кейін, мен, Даниял, Белшазар+ патшаның билік құруының үшінші жылы тағы бір көрініс көрдім+.  Сол көріністі көргенде, мен Елам+ аймағындағы Сузы+ бекінісінде едім. Көрініс кезінде Улай суының жағасында тұр екенмін.  Қарасам, жағада екі мүйізді қошқар+ тұр екен. Оның екі мүйізі+ де ұзын, бірақ біреуі екіншісінен ұзындау еді. Ұзындауы кейінірек өсіп шыққан болатын+.  Қошқардың батысқа, солтүстік пен оңтүстікке қарай сүзгілеп айбат шегіп тұрғанын көрдім. Оған бірде-бір жабайы аң қарсы келе алмады және оның құдіретінен құтқаратын ешкім де болмады+. Қошқар қалағанын істеп, өз-өзін асқақтатты.  Қарап тұрғанымда, батыстан бір теке+ келе жатты. Ол бүкіл жер бетімен тұяғы жерге тимей келеді екен. Текенің екі көзінің ортасында сойдиған мүйізі болды+.  Теке өзен жағасындағы мен көрген екі мүйізді қошқарға қарай бет алып, оған зор қаһармен ұмтылды.  Мен оның қошқарға жақындап келіп, оны долдана сүзіп, екі мүйізін сындырғанын көрдім. Қошқардың оған төтеп беруге қауқары жетпеді. Теке оны жерге құлатып, таптап тастады. Қошқарды оның құдіретінен құтқаратын ешкім болмады.  Теке асқақтаған үстіне асқақтай түсті. Бірақ әбден күшіне мінгенде, үлкен мүйізі сынып қалды. Оның орнына жердің төрт бағытына* қараған сойдиған төрт мүйіз өсіп шықты+.  Сол мүйіздердің бірінен тағы бір кішкентай мүйіз шықты. Ол оңтүстікке, шығысқа және Көрікті жерге+ қарай өсіп, ұлғая берді. 10  Оның ұлғайғаны сонша — көктің әскеріне* дейін жетіп, солардың және жұлдыздардың кейбірін жерге құлатып, таптап тастады. 11  Ол тіпті әскер Әміршісінің алдында өзін асқақтатты. Әміршіден ұдайы шалынатын құрбандық алынып қойылды және оның орнатқан қасиетті орны қиратылды+. 12  Күнәнің кесірінен әскер мен ұдайы шалынатын құрбандық мүйіздің қолына берілді. Ол шындықты жерге лақтырып, барлық ісінде табысты болды. 13  Содан соң мен бір қасиеттінің сөйлеп тұрғанын естідім. Басқа бір қасиетті одан: “Ұдайы шалынатын құрбандық пен бәрін қаңыратып бос қалдыратын күнәға, сондай-ақ қасиетті орын мен әскердің тапталуына қатысты көрініс қашанға дейін жалғасады+?”— деп сұрады. 14  Сонда ол маған: “2300 кеш пен таң өткенге дейін жалғасады. Кейін қасиетті орын міндетті түрде дұрыс қалпына келтіріледі”,— деді. 15  Мен, Даниял, осы көрініске қарап, оны түсінуге тырысып тұрғанымда, кенет дәл алдымда адамға ұқсас біреудің тұрғанын көрдім. 16  Сонда Улай өзенінің+ ортасынан бір адамның дауысын естідім. Ол: “Жәбірейіл+, мына кісіге көргендерінің мәнін түсіндіріп бер+”,— деп дауыстады. 17  Ол мен тұрған жерге жақындап келгенде, зәре-құтым қалмай, жерге етпеттеп жата кеттім. Сонда ол маған: “Уа, адам баласы, бұл көрініс ақырғы уақытта орындалатынын біліп қой+”,— деді. 18  Ол маған сөйлеп тұрғанда, етпетімнен жатқан күйі қатты ұйықтап кетіппін. Сол кезде ол маған қолын тигізіп, мені бұрынғы орныма қайта тұрғызды+. 19  Сосын былай деді: “Мен саған Құдайдың қаһары төгілетін кездің соңында не болатынын білдірмекпін, өйткені бұл көрініс алдын ала белгіленген ақырғы уақытқа қатысты+. 20  Сен көрген екі мүйізді қошқар Мидия мен Персия патшаларын білдіреді+. 21  Ал сабалақ жүнді теке Грекия патшасын+, екі көзінің ортасындағы үлкен мүйіз оның бірінші патшасын білдіреді+. 22  Сол мүйіздің сынып, орнына төрт мүйіздің шыққаны+ оның халқынан төрт патшалық шығатынын, бірақ бұлардың ол сияқты күшті болмайтынын білдіреді. 23  Олардың патшалығының соңында, қылмыскерлер күнәға белшеден батқанда*, екіұшты сөздерді түсінетін* түрі ызғарлы бір патша шығады. 24  Ол әбден күшейіп алады, бірақ өзінің күш-қуатымен емес. Ол ғаламат ойран салып, не істесе де, табысты болады. Сондай-ақ күштілерді және қасиеттілерден тұратын халықты күйретеді+. 25  Ол қулықпен көпті адастырады, жүрегінде өз-өзін асқақтатып, көпшілікті қауіпсіз кезде* күйретеді. Тіпті әміршілердің Әміршісіне қарсы тұрады, алайда ол талқандалады, бірақ бұл адам баласының қолынан болмайды. 26  Көріністе кештер мен таңдар туралы айтылғандар — шындық. Алайда бұл көріністі құпия сақта, өйткені оның орындалуына әлі талай уақыт бар+”. 27  Мен, Даниял, әбден қалжырап, бірнеше күн ауырып жатып қалдым+. Кейін тұрып, патшаның ісіне кірістім+. Бірақ көрген көріністен ес жия алмай жүрдім, оны ешкім түсіне алмады+.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “аспанның төрт желіне”.
Мұндағы “әскер” сөзі көктегі рухани тұлғаларға да нұсқауы мүмкін.
Немесе “күнәсі шегіне жеткенде”.
Немесе “асқан айлакер”.
Мүмкін: “ескертпестен”.