Еврейлерге 7:1—28

  • Мәліксадық — бірегей патша әрі діни қызметкер (1—10)

  • Мәсіх — әлдеқайда жақсы діни қызметкер (11—28)

    • Мәсіх толығымен құтқара алады (25)

7  Сол Мәліксадық — Салим қаласының патшасы, Алла Тағаланың діни қызметкері — патшалармен шайқасып, жеңіспен келе жатқан Ыбырайымның алдынан шығып, оған батасын берді+.  Ал Ыбырайым оған қолында барының оннан бір бөлігін ұсынды. Мәліксадықтың есімі “Әділдік патшасы” дегенді білдіреді, сондай-ақ ол — Салим патшасы, яғни “Тыныштық патшасы”.  Оның әкесінің де, шешесінің де кім болғаны беймәлім, шыққан тегі мен өмір сүрген уақытының бас-аяғы туралы да еш мәлімет жоқ. Сөйтсе де Құдай Ұлына ұқсас болған ол әрқашан мәңгілік діни қызметкер болып қала береді+.  Оның қаншалықты ұлы болғанына қараңдаршы: әулетбасы Ыбырайым оған ең жақсы олжасының оннан бір бөлігін берген+.  Рас, Заңға сай, діни қызметкер болып тағайындалған Леуі ұлдары+ халықтан, яғни өз бауырларынан (олар Ыбырайымның ұрпағы болса да) түсімдерінің оннан бір бөлігін жинайды+.  Бірақ Мәліксадық леуі руынан шықпаса да, уәделерге ие болған Ыбырайымның олжасының оннан бір бөлігін алып, оған батасын берген+.  Төмен тұрғанның өзінен жоғары тұрғаннан бата алғаны даусыз.  Оннан бір бөлікті алатын леуіліктер — өлетін адамдар, ал оны алатын басқа біреу тірі, бұл туралы Жазбада куәлік етілген+.  Оннан бір бөлік алатын Леуінің өзі де Ыбырайым арқылы оннан бір бөлік төледі деуге болады. 10  Себебі Ыбырайым Мәліксадықты кездестіргенде+, Леуі әлі Ыбырайымның ұрпағы ретінде туылмаған еді. 11  Сонымен, халыққа берілген Заңның маңызды бөлігі болған леуілік діни қызметкерлердің қызметі арқылы кемелділікке жету мүмкін болған болса+, Харон емес, Мәліксадық сияқты болатыны айтылған басқа діни қызметкер+ не үшін қажет еді? 12  Діни қызметкерлердің атқаратын қызметі өзгеріп жатқандықтан, Заң да өзгертілу қажет+. 13  Өйткені осы айтылғандарға қатысы бар кісі басқа рудан шыққан, ал ол рудан шыққандардың ешқайсысы да құрбандық ошағының басында қызмет етпеген+. 14  Иеміздің яһуда руынан шыққаны анық+. Бірақ Мұса бұл рудан діни қызметкерлер болатыны туралы ештеңе айтпаған. 15  Мәліксадық іспетті+ басқа бір діни қызметкер+ шыққанда, бұл бұрынғыдан да анық болады. 16  Ол шыққан тегіне қатысты заң талабы бойынша емес, жойылмайтын өмір беретін құдіреттің арқасында діни қызметкер болды+. 17  Себебі ол туралы: “Сен Мәліксадық сияқты мәңгілікке діни қызметкерсің”,— деп куәлік етілген+. 18  Демек, әлсіз әрі тиімсіз болғандықтан бұрынғы өсиеттің күші жойылады+. 19  Заң ештеңені де кемелділікке жеткізген жоқ+, бірақ бұл әлдеқайда жақсы үміттің+ ендірілуімен жүзеге асты, әрі сол үміт арқылы біз Құдайға жақындаудамыз+. 20  Оның үстіне, Құдай Исаны ант беріп діни қызметкер еткен 21  (өйткені ант берілмей діни қызметкер болғандар бар, бірақ ант арқылы болған кісі де бар. Ол Құдайдың келесі антымен діни қызметкер болды: “Сен мәңгілікке діни қызметкерсің,— деп Ехоба ант етті. Бұл сөзінен ол еш айнымайды*+), 22  сондықтан Иса әлдеқайда жақсы келісімнің кепілі болып отыр+. 23  Бұған қоса, көп адам бірінің орнына бірі діни қызметкер болды+, себебі өлім оларға қызметін жалғастыруға жол бермеді. 24  Ал ол мәңгі өмір сүретіндіктен діни қызметкер ретіндегі қызметі ешкімге өтпейді+. 25  Демек, Иса өзі арқылы Құдайға дұға ететіндерді толығымен құтқара алады. Ол әрдайым тірі болғандықтан, олар үшін өтініш жасайды+. 26  Біз үшін осындай, яғни адал, кінәратсыз, кіршіксіз+, күнәкарларға ұқсамайтын, көктен жоғары қойылған+ бас діни қызметкердің болғаны жақсы. 27  Оған бұрынғы бас діни қызметкерлер сияқты күнде+, алдымен өз күнәлары, сонан соң халықтың күнәсі үшін құрбандық шалудың+ қажеті жоқ. Өйткені ол өзін бір рет құрбан етті, әрі мұның пайдасы мәңгілік+. 28  Заңға сай, бас діни қызметкер болып әлсіздіктері бар адамдар+, ал Заңнан кейін берілген антқа сай+, мәңгілікке кемелді+ болған Ұл тағайындалады.

Сілтемелер

Немесе “еш өкінбейді”.