Езекиел 12:1—28
12 Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді:
2 “Адам ұлы, сен бүлікшіл халықтың арасында өмір сүріп жатырсың. Олар көздері бар болса да, көрмейді, құлақтары бар болса да, естімейді+, өйткені олар бүлікшіл халық+.
3 Сондықтан, адам ұлы, жер аударылған кісідей заттарыңды жина да, күндіз солардың көзінше басқа жерге бар. Олар бүлікшіл халық болса да, бәлкім, түсінер.
4 Күндіз солардың көзінше жер аударылғанда алатын заттарды алып шық, ал кешке тұтқынға айдалып бара жатқандай, көз алдарында шығып кет+.
5 Сосын жұрттың көзінше дуалды үңгіп қаз да, жүгіңді сол жерден алып өт+.
6 Жүгіңді солардың көзінше, иығыңа салып алып, түн жамылып кет. Ал бетіңді аяқ астындағы жерді көрмейтіндей етіп тұмшалап ал. Себебі мен сені Исраил үйіне белгі етіп отырмын+”.
7 Мен өзіме бұйырылғанның бәрін бұлжытпай орындадым: күндіз жер аударылғанда алатын заттарды алып шықтым да, кешке дуалды қолыммен үңгіп қаздым. Ал қараңғы түскенде жұрттың көзінше жүгімді иығыма салып алып кеттім.
8 Келесі күні таңертең Ехоба маған сөзін арнап былай деді:
9 “Адам ұлы, бүлікшіл Исраил халқы сенен: —Не істеп жатырсың?— деп сұрады емес пе?
10 Оларға мына сөзімді жеткіз: —Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Мына хабар Иерусалимнің басшысы+ мен қаладағы күллі халыққа арналған.
11 Өзіңнің белгі болғаныңды айт+. Сенің істегендерің солардың басына түседі. Олар жер аударылып, тұтқын болады+.
12 Араларындағы басшы жүгін иығына салып, түн жамылып кетеді. Ол дуалды үңгіп қазып, жүгін сол жерден алып өтеді+. Ал бетін аяқ астындағы жерді көре алмайтындай етіп тұмшалап алады.
13 Мен тор құрып, оны соған түсіремін+. Оны халдейлердің елі Бабылға әкелемін, бірақ ол сол жерді көрмейді. Ол Бабылда өледі+.
14 Ал айналасындағы көмекшілері мен жасағының бәрін жан-жаққа бытыратып жіберемін де+, арттарынан қуу үшін семсерімді жіберемін+.
15 Мен оларды халықтардың арасына таратып, елдер арасына бытыратып жібергенімде, олар менің Ехоба екенімді білетін болады.
16 Бірақ барған жерлерінде өздерінің жеркенішті істері жайында айтсын деп, олардың біразын семсерден, аштық пен індеттен аман алып қаламын. Сонда олар менің Ехоба екенімді білетін болады”.
17 Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді:
18 “Адам ұлы, наныңды қалтырап жеп, суыңды берекең кетіп, абыржып іш+.
19 Сөйт те осы жердің адамдарына мынаны жеткіз: —Әлемнің Әміршісі Ехоба Исраил жеріндегі Иерусалим тұрғындары жайында былай дейді: —Олар нандарын абыржып жеп, суларын қорқып ішетін болады. Өйткені күллі тұрғындарының зорлық-зомбылығының кесірінен+ елдері қаңырап бос қалмақ+.
20 Олардың қоныстанған қалалары бос, ал жерлері қаңырап қалады+. Сонда сендер менің Ехоба екенімді білетін боласыңдар+”.
21 Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді:
22 “Адам ұлы, Исраилдегі “Күндер кетті өтіп, аян атаулы жүзеге аспай кетті құрып” деген не қылған мәтел+?
23 Оларға былай де: —Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мен бұл мәтелді Исраилде енді қайтып айтылмайтындай етіп құртып жіберемін. Қайта, оларға “Күндер келді таяп+, аян атаулы жүзеге асады” дегенді айт.
24 Өйткені бұдан былай Исраил үйінде жалған аян да, жағымпаз сәуегейлік те айтылмайды+.
25 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мен, Ехоба, сөйлейтін боламын, әрі айтқандарым енді көп ұзамай бәрі орындалады+. Ей, бүлікшіл халық, мен сенің заманыңда+ сөзімді айтамын да, соны жүзеге асырамын”.
26 Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді:
27 “Адам ұлы, Исраил үйі: —Оның көрген аяны көп күндерден кейін орындалады, айтып жүрген пайғамбарлығы сонау болашаққа қатысты,— дейді+.
28 Сондықтан оларға былай де: —Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Айтқан сөздерімнің бірде-біреуі ұзаққа созылмай орындалады. Не айтсам, бәрі де жүзеге асады. Мұны айтқан мен — Әлемнің Әміршісі Ехоба!”