Езекиел 13:1—23

  • Жалған пайғамбарларға қарсы айтылған сөз (1—16)

    • Әктелген дуал құлайды (10—12)

  • Жалған пайғамбарлық айтатын әйелдерге қарсы айтылған сөз (17—23)

13  Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді:  “Адам ұлы, ойдан шығарып, пайғамбарлық етіп жүрген+ Исраил пайғамбарларына+ былай де: —Ехобаның сөзін тыңдап алыңдар!  Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Ешқандай аян көрмесе де, өз қиялынан шыққан ойларының жетегінде жүрген ақымақ пайғамбарлар қасіретке қалады+!  Ей, Исраил, сенің пайғамбарларың үйінділер арасында жүрген түлкілер сияқты.  Олар Ехобаның күні+ келгенде, Исраил халқы шайқаста төтеп бере алу үшін қабырғаның жарықтарын жөндеуге келмейді+.  Олардың көрген аяндары жалған, айтқан пайғамбарлықтары өтірік. Ехоба жібермесе де, олар “Ехоба былай дейді” деп жариялайды, әрі айтқандары жүзеге асады деп күтеді+.  Мен ештеңе айтпасам да, олар “Ехоба былай дейді” деп жариялап жүрсе, көрген аяндары жалған, айтқан пайғамбарлықтары өтірік емес пе?  Сондықтан Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Сөздері өтірік, аяндары жалған болғандықтан, мен оларды жазалаймын. Мұны айтқан мен — Әлемнің Әміршісі Ехоба+.  Мен жалған аян алып, өтірік сөйлейтін пайғамбарларды жазалаймын+. Олар өзім сенім артатындардың қатарына жатпайды, Исраил үйінің тізіміне де енбейді, Исраил еліне қайта оралмайды. Сонда менің Әлемнің Әміршісі Ехоба екенімді білетін боласыңдар+. 10  Мен мұны олардың тыныштық жоқ кезде “Тыныштық орнады!” деп халқымды адастырып жүргендері үшін істеймін+. Біреуі әлсіз дуал тұрғызса, екіншісі оны әктеп жатыр+. 11  Дуалды әктеп жатқандарға оның қирап қалатынын айт. Қатты нөсер құйып, бұршақ жауып, алай-түлей дауыл тұрады да, оны тас-талқан етеді+. 12  Дуал құлап қалғанда, жұрт олардан: “Дуалды әктегендерің қайда?”— деп сұрайды+. 13  Сондықтан Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Мен алай-түлей дауыл тұрғызамын, қатты нөсер мен бұршақ жаудырып, қаһарымды төгемін. 14  Әктеген дуалдарыңды қиратып, жермен-жексен етемін де, оның іргетасы көрініп қалады. Қала құлағанда, сендер сонымен бірге құрисыңдар. Сонда менің Ехоба екенімді білетін боласыңдар. 15  Мен дуалға да, оны әктегендерге де қаһарымды төгемін. Сол кезде сендерге мынаны айтамын: —Дуал да, оны әктегендер де құрыды+. 16  Иерусалим туралы пайғамбарлық етіп, тыныштық болмаса да, аянда тыныштық орнағанын көретін Исраил пайғамбарлары құрыды+. Мұны айтқан мен — Әлемнің Әміршісі Ехоба. 17  Ал сен, адам ұлы, халқыңның қыздарына қарсы шық. Ойдан шығарылған пайғамбарлықтар айтып жүргені үшін оларға қарсы былай деп пайғамбарлық ет: 18  —Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Адамдардың жанын торға түсіру үшін, қолға тағатын таспалар және бойы әртүрлі адамдардың басына жабатын орамалдар тігетін әйелдер, сендер қасіретке қаласыңдар! Менің халқымның жандарын тұзаққа түсіріп, өз жандарыңды сақтап қалғыларың келе ме? 19  Сендер біруыс арпа мен бірүзім нан үшін халқымның алдында мені қорлайсыңдар+: өтіріктеріңді тыңдап жүрген халқымды сөздеріңе иландырып, өлмеуге тиістілерді өлімге душар етіп, ал өмір сүрмеуге тиістілерді аман қалдырасыңдар+. 20  Сондықтан Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Ей, әйелдер, мен халықты құстар сияқты тұзаққа түсіретін таспаларыңа қарап қол қусырып отырмаймын! Қолдарыңдағы таспаларды жұлып тастап, тұзақтарыңа құс сияқты түсіп қалғандарды босатып жіберемін. 21  Орамалдарыңды да жұлып тастап, халқымды қолдарыңнан құтқарып аламын. Бұдан былай олар сендердің тұзаққа түсіретін жемтіктерің болмайды. Сонда менің Ехоба екенімді білетін боласыңдар+. 22  Мен әділді қасіретке ұшыратпасам да, сендер өтіріктеріңмен+ оның жігерін құм қылдыңдар. Ал зұлым адамның қолтығына су бүркіп+, жаман жолынан қайтып, тірі қалуына кедергі жасадыңдар+. 23  Сондықтан, ей, әйелдер, бұдан былай жалған аян да көрмейсіңдер, болашақты да жорымайсыңдар+. Мен халқымды уыстарыңнан шығарып аламын. Сонда менің Ехоба екенімді білетін боласыңдар”.

Сілтемелер