Езекиел 19:1—14

  • Исраил басшыларын жоқтау (1—14)

19  Бұдан кейін ол маған былай деді: “Исраил басшылары жайлы жоқтау айтып  былай де: —Сенің анаң кім еді? Арлан арыстандар арасында жататын қаншыр еді. Ол абдан арыстандар арасында күшіктерін асырады.   Анаң күшіктерінің бірін бағып, абдан қылып өсірді+. Ол аулаған жемтігін паршалауды үйреніп,Тіпті адамдарды да жалмайтын болды.   Ол туралы естіген халықтар оны орға түсіріп ұстап алды,Мұрнына ілмек салып, Мысырға алып кетті+.   Анаң оның қайта оралуын күтті,Ақыры үміті үзілгенде, басқа күшігін бағып, оны да абдан қылып өсірді.   Ол да арлан арыстандар арасында жүріп, мықты абданға айналды. Аулаған жемтігін паршалауды үйреніп, тіпті адамдарды да жалмайтын болды+.   Адамдардың бекініс мұнараларын кезіп, қалаларын ойран қылды. Осылай қаңырап бос қалған елде оның ақырған даусының жаңғырығы тұрды+.   Сонда көрші аймақтардың халықтары оның үстіне тор тастады,Оны орларына түсірді.   Мұрнына ілмек салып, тартып торға кіргізді,Сосын Бабыл патшасының алдына әкелді. Бұдан былай Исраил тауларында даусы естілмеу үшін, оны сол жерде қамап қойды. 10  Сенің анаң су жағасына отырғызылған сенің қаныңдағы жүзім* сияқты еді+. Су мол болғандықтан, ол жемісті көп беретін бұтақты жүзім болды. 11  Бұтақтары билеушілерге асатаяқ жасауға лайық мықты болып жетілді. Жүзім өсе беріп, басқа ағаштардан жоғары көтерілді. Биік әрі жапырақтарының қалың болғанының арқасында бірден көзге түсіп тұрды. 12  Бірақ ол қаһарға ұшырап, тамырымен жұлынып+, жерге тасталды,Ал шығыстан соққан жел оны қуратып жіберді. Оның жұлынып тасталған мықты бұтақтары кеуіп қалды да+, оларды өрт жалмады+. 13  Енді сол жүзім шөл далаға,Сусыз қуаң жерге отырғызылды+. 14  Содан оның бұтақтарынан от шығып, өскіндері мен жемісін жалмап қойды,Бірде-бір мықты бұтағы да, билеушінің асатаяғы да қалмады+”. Бұл — жоқтау жыры, әрі ол кең тарамақ.

Сілтемелер

Мүмкін: “жүзімдігіңдегі бір түп жүзім”.