Езекиел 20:1—49
20 Жетінші жылдың бесінші айының оныншы күні Исраилдің бірнеше ақсақалы Ехобадан басшылық сұрау үшін, менің алдыма келіп отырды.
2 Сонда Ехоба маған сөзін арнап былай деді:
3 “Адам ұлы, Исраил ақсақалдарына хабарымды жеткіз! Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Сендер менен басшылық сұрауға келіп отырсыңдар ма? Өз атыммен ант етемін*, мен сендерге жауап бермеймін+. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба”.
4 Сосын тағы да маған сөзін арнап былай деді: “Сен оларды айыптауға дайынсың ба? Адам ұлы, оларды айыптауға дайынсың ба? Оларға ата-бабаларының істеген жеркенішті істері жөнінде айтып+,
5 былай де: —Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Исраилді таңдаған күні+ мен Жақыптың ұрпағына ант бердім*, әрі Мысыр елінде оларға өзімді таныттым+. Иә, оларға “мен Құдайларың Ехобамын” деп ант еттім.
6 Сол күні мен оларға ант беріп, Мысыр елінен алып шығып, солар үшін өзім барлап келген, ағы мен балы ағыл-тегіл мол жерге апаруды уәде еттім+. Ол — жер атаулының ең шұрайлысы еді.
7 Мен оларға: —Әрқайсысың көз алдарыңдағы жексұрын нәрселеріңді лақтырып тастаңдар! Мысырдың жексұрын пұттарымен өздеріңді арамдамаңдар+. Мен Құдайларың Ехобамын+,— дедім.
8 Бірақ олар маған қарсы бүлік шығарып, мені тыңдағысы келмеді. Көз алдарындағы жексұрын нәрселерін лақтырып тастамады, Мысырдың жеркенішті пұттарынан да арылмады+. Сондықтан ашуымның тиегін ағытып, оларға Мысыр елінде бар қаһарымды төгемін деп ант еттім.
9 Бірақ олардың айналасында тұрып жатқан халықтардың алдында есімім арамдалмау үшін олай етпедім+. Себебі Мысыр елінен алып шыққанда, мен оларға* өзімді танытқан едім+.
10 Сонымен, оларды Мысыр елінен алып шығып, шөл далаға бастап әкелдім+.
11 Оларға жарлықтарымды беріп, шешімдерімді де білдірдім+, себебі соларды ұстанған адам өмір сүрсе екен дедім+.
12 Сондай-ақ өздерін қасиетті етіп отырған мен, Ехоба, екенімді білулері үшін, арамыздағы белгі болсын деп+, оларға Демалыс күніне қатысты заң бердім+.
13 Бірақ шөл далада олар маған қарсы бүлік шығарып+, жарлықтарымды орындамады, шешімдерімнен де бас тартты (соларды орындаған адам өмір сүрер еді). Олар менің Демалыс күнімді әбден арамдады. Сондықтан мен бар ашуымды төгіп, оларды шөл далада құртып жіберуді ант еттім+.
14 Бірақ өзге халықтардың алдында есімім арамдалмау үшін олай етпедім. Өйткені халқымды Мысырдан солардың көзінше алып шыққан едім+.
15 Сондай-ақ өзім беремін деген ағы мен балы ағыл-тегіл мол жерді+ (ол — жер атаулының ең шұрайлысы еді) шөл далада болғандарында оларға бермеуді ант еттім+.
16 Себебі олар менің шешімдерімнен бас тартты. Бар жүректерімен жеркенішті пұттарына берілгендіктен+, жарлықтарымды ұстанбады, Демалыс күндерімді де арамдады.
17 Бірақ жаным ашып, оларды жоймадым, шөл далада құртып жібермедім.
18 Олардың балаларына шөл далада+: —Ата-бабаларыңның ережелерімен жүрмеңдер+, шешімдерін де ұстанбаңдар, жеркенішті пұттарымен өздеріңді арамдамаңдар.
19 Мен Құдайларың Ехобамын. Менің жарлықтарымды орындап, шешімдерімді ұстанып жүріңдер+.
20 Демалыс күнімді қасиетті деп есептеңдер+, сонда бұл менің өз Құдайларың Ехоба екенімді білулерің үшін арамыздағы белгі болады+,— дедім.
21 Шөл далада бұлар да маған қарсы бүлік шығарып+, жарлықтарымды орындамады, шешімдерімді де ұстанбады (соларды ұстанған адам өмір сүрер еді). Олар Демалыс күнімді арамдады. Сондықтан мен ашуымның тиегін ағытып, шөл далада оларға бар қаһарымды төгемін деп ант еттім+.
22 Бірақ өзге халықтардың алдында есімім арамдалмау үшін+ олай етпедім+. Өйткені мен оларды сол халықтардың алдында алып шыққан едім.
23 Сондай-ақ шөл далада мен оларды халықтардың арасына бытыратып, ел-елге таратып жіберемін деп ант еттім+.
24 Себебі олар менің шешімдерімді ұстанбады, жарлықтарымды да орындамады+ әрі Демалыс күнімді арамдады. Мұнысымен қоймай, ата-бабаларының жеркенішті пұттарының соңынан еріп кетті+.
25 Мен олардың жақсылыққа апармайтын ережелер мен өмірге бастай алмайтын шешімдерді ұстануларына жол бердім+.
26 Тұңғыш балаларын отқа тастап+, құрбандыққа берулері арқылы өздерін арамдауларына да жол бердім. Мұны оларды ойран қылу үшін әрі менің Ехоба екенімді білулері үшін істедім.
27 Сондықтан, адам ұлы, Исраил үйіне хабарымды жеткіз! Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Ата-бабаларың опасыздық жасап, мені басқа да жолдармен қорлаған еді.
28 Мен оларды өзім беремін деп уәде еткен жерге алып келдім+. Бірақ олар сондағы биіктеу төбелер мен жайқалған ағаштарды көріп+, сол жерлерде құрбандықтары мен мені қорлайтын тартуларын ұсына бастады. Тыныштандыратын хош иісті құрбандықтар мен сұйық тартулар да ұсынатын болды.
29 Сонда олардан: —Өздерің барып жүрген ғибадат төбесінің мәні неде?— деп сұрадым. (Сол төбе әлі күнге дейін Ғибадат төбесі деп аталады+.)
30 Сондықтан Исраил үйіне хабарымды жеткіз! Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Ата-бабаларыңның жеркенішті пұттарымен азғындық жасап, сендер де солар сияқты өздеріңді арамдап жүрсіңдер ме+?
31 Жеркенішті пұттарыңа құрбандық ретінде ұлдарыңды отқа тастап, әлі күнге дейін өздеріңді арамдап жүрсіңдер ғой+?! Осыларыңа қарамастан, ей, Исраил үйі, сендердің сұрақтарыңа жауап беруім керек пе+? Өз атыммен ант етемін*, мен сендердің сұрақтарыңа жауап бермеймін+! Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.
32 Сендер: —Ағаш пен тасқа табынатын халықтардай, өзге ұлттардай болайық,— деп ойлайсыңдар+. Бірақ бұларың жүзеге аспайды.
33 Өз атыммен ант етемін*, сендерге өзім патша боламын. Сендерді жазалау үшін құдіретті әрі күшті қолымды созып, қаһарымды төгемін+. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.
34 Мен сендерді құдіретті де күшті қолыммен әрі зор қаһарыммен бытыратып жіберген халықтар мен елдердің арасынан жинап әкелемін+.
35 Сендерді халықтардың шөл даласына әкеліп, сол жерде сендермен бетпе-бет келіп соттасамын+.
36 Ата-бабаларыңмен Мысыр елінің шөл даласында соттасқанымдай, сендермен де соттасамын. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.
37 Сендерді қойшының асатаяғының астынан өткізіп+, келісім жасасамын.
38 Араларыңнан бүлікшілер мен заң бұзушыларды аластатамын+. Оларды жатжерлік кірме ретінде тұрып жатқан елден алып шығамын, бірақ олар Исраил жеріне келмейді+. Сонда сендер менің Ехоба екенімді білетін боласыңдар.
39 Ал саған, ей, Исраил үйі, Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Әрқайсысың өздеріңнің жеркенішті пұттарыңа барып, соларға табыныңдар+. Бірақ кейін бұларыңның зардабын тартасыңдар. Сонда бұдан былай құрбандықтарыңмен де, жеркенішті пұттарыңмен де менің киелі есімімді қорлай алмайсыңдар+.
40 Себебі менің киелі тауымда, Исраилдің биік тауында+, күллі Исраил үйі сол елде түгелдей маған қызмет ететін болады+. Сол жерде оларға ықыласымды түсіріп, садақалары мен ең жақсы сый-тартуларын — барлық қасиетті нәрселерін қабыл аламын+. Бұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.
41 Сендерді өзім бытыратып жіберген халықтар мен елдердің арасынан жинап әкелгенімде+, өзіме ұнамды хош иісті құрбандықтарыңды қабылдап, сендерге ықыласымды түсіремін. Осы арқылы басқа халықтардың алдында өзімнің киелі екенімді көрсетемін+.
42 Сендерді ата-бабаларыңа беремін деп ант еткен жерге, Исраил жеріне әкелгенімде+, менің Ехоба екенімді білетін боласыңдар+.
43 Сол жерде өздеріңді арамдаған жүріс-тұрыстарың мен барлық істеріңді естеріңе алып+, жасаған сол жаман істерің үшін өз-өздеріңнен жиренесіңдер+.
44 Сонда, ей, Исраил үйі, сендердің жаман қылықтарың мен бұзылғандықтарыңа қарай емес, өз атыма сай әрекет еткенімде, менің Ехоба екенімді білетін боласыңдар+. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба”.
45 Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді:
46 “Адам ұлы, жүзіңді оңтүстікке бұрып, оған қарсы сөйле. Оңтүстіктегі орманға қарсы пайғамбарлық сөз айт.
47 Оңтүстіктегі орман Ехобаның сөзін тыңдасын! Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мен саған лапылдаған от қоямын да+, ол сендегі ағаштардың бәрін — жасылын да, қурағанын да — жалмап қояды. Сол лаулаған от өшпей+, оңтүстіктен солтүстікке дейінгі барлық адамның бетін күйдіріп жібереді.
48 Сонда барша халық осы отты тұтатқан мен, Ехоба, екенімді, сондықтан да оның еш өшпейтінін білетін болады+”.
49 Сол кезде мен: “Уа, Әлемнің Әміршісі Ехоба! Олар мені бар болғаны астарлы әңгімелер құрастырып жүр деп ойлайды”,— дедім.
Сілтемелер
^ Немесе “Өзімнің тірі екенімдей хақ сөзім”.
^ Сөзбе-сөз “қолымды жоғары көтердім”.
^ Яғни Исраилге.
^ Немесе “Өзімнің тірі екенімдей хақ сөзім”.
^ Немесе “Өзімнің тірі екенімдей хақ сөзім”.