Езекиел 23:1—49

  • Опасыз апалы-сіңлілілер (1—49)

    • Охоланың Ассирияға аңсары ауды (5—10)

    • Охолибаның Бабыл мен Мысырға аңсары ауды (11—35)

    • Апалы-сіңлілілерге шығарылған үкім (36—49)

23  Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді:  “Адам ұлы, бір анадан туған апалы-сіңлілі екі әйел болыпты+.  Олар жастайынан Мысыр елінде жезөкшелікке салыныпты+. Сол жерде мысырлықтар олардың төстерін қысып, балғын кеуделерін аймалапты.  Үлкенінің аты Охола*, кішісінікі Охолиба* еді. Олар мендік болып, ұл-қыздар туып берген болатын. Охола Самарияны+, Охолиба Иерусалимді бейнелейді.  Охола мендік бола тұра, жезөкшелікке салынып+, нәпсіқұмар ашыналарына+, көрші ассириялықтарға+, аңсары ауып кетті.  Олар көк түсті киім киген басшылар мен әкімдер, шетінен ат құлағында ойнайтын жігіттер еді.  Ол Ассирияның менмін деген еркектерімен жезөкшелікке салынып, аңсары ауған сол еркектердің жеркенішті пұттарымен өзін арамдай берді+.  Охола Мысырда айналысқан жезөкшелігін қоймады. Өйткені жастайынан мысырлықтар онымен жатып, пәк төсін аймалап, құмарынан шығатын+.  Сондықтан мен оны өзінің аңсары ауған нәпсіқұмар ашыналарының, Ассирия ұлдарының, қолына бердім+. 10  Олар Охоланы тырдай жалаңаш қалдырып+, ұл-қыздарын тартып алды+, ал өзін семсермен шауып өлтірді. Ол аты шулы әйелге айналды, әрі оған шығарылған үкім жүзеге асырылды. 11  Мұны көрген Охолиба әпкесінен бетер тойымсыз құмарлыққа беріліп, жезөкшелігі онікінен асып түсті+. 12  Оның аңсары көршілес Ассирия ұлдарына ауды+. Олар сәнді киім киген, ат құлағында ойнайтын басшылар мен әкімдер, шетінен көрікті жігіттер еді. 13  Осылай Охолиба да өзін арамдағанда, мен апалы-сіңлілі екеуінің де бір жолға түскенін көрдім+. 14  Охолиба дуалға ойылып салынып, қызыл түске боялған халдейлердің бейнелерін көргенде, жезөкшелікпен бұрынғысынан да көп айналысатын болды. 15  Суреттерде белдеріне белбеу, бастарына бір ұшы салбырап тұратындай етіп шалма ораған, түрлері сарбаздарға ұқсайтын әрі барлығы Халдей елінде туған бабылдықтар бейнеленген еді. 16  Охолиба оларды көре сала, соларға аңсары ауып, Халдей еліне хабаршылар жіберді+. 17  Сонда бабылдықтар келіп, төсегіне жатып, құмарлықтарымен оны арамдады. Осылай арамдалған соң, Охолиба олардан жирене теріс айналды. 18  Ол шімірікпестен жезөкшелікпен айналысып, тәнін жалаңаштағанда+, кезінде әпкесінен қалай жирене жүзімді бұрсам, бұдан да солай жүзімді бұрдым+. 19  Ол болса жас кезінде Мысыр елінде айналысқан жезөкшелігін есіне алып+, одан бетер азғындыққа салынды+. 20  Ол аталық мүшелері есектікіндей, жыныс мүшелері айғырдікіндей еркектердің кәнизактарына ұқсап, соларға құмарта аңсары ауды. 21  Сен жастық шағыңда Мысырда жасаған сорақылығыңды сағына аңсадың+. Сол кезде мысырлықтар сенің балғын төсіңді аймалаған еді+. 22  Сондықтан, ей, Охолиба, Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Біліп қой, өзің жирене теріс айналған ашыналарыңды саған қарсы шығарып+, оларды шартараптан жинап әкелемін+. 23  Күллі бабылдықтар+ мен халдейлерді+, Пеход+, Шоға мен Қоғаның ер-азаматтарын, сондай-ақ барлық ассириялықтарды әкелемін. Олардың барлығы шетінен көрікті жігіттер, басшылар мен әкімдер, таңдаулы сарбаздар, бәрі де ат құлағында ойнайды. 24  Жау саған қарсы соғыс арбаларының дөңгелектерін сатырлатып, қалың қолмен аттанады. Олар қолдарына үлкенді-кішілі қалқан ұстап, бастарына дулыға киіп келеді де, сені қоршауға алады. Мен оларға билік беремін, сонда олар саған өз заңдарына сай үкім шығарады+. 25  Мен саған қаһарымды төккенде, олар сені аямайды: мұрның мен құлақтарыңды кесіп алады; аман қалған тұрғындарың семсерден өледі; ұл-қыздарыңды тартып әкетеді, ал бұдан қалғандарды өрт жалмайды+. 26  Олар үстіңдегі киіміңді сыпырып тастайды+, әдемі әшекейлеріңді тартып алады+. 27  Осылай Мысыр елінде жүрген кезден бері жасап келе жатқан сорақы қылықтарың мен жезөкшелігіңді+ тыямын+. Енді қайтып оларға қарамайтын боласың, Мысырды есіңе де алмайсың. 28  Себебі Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Біліп қой, мен сені өзің жек көріп, жирене теріс айналғандардың қолына беремін+. 29  Олар сені жек көріп, маңдай теріңмен тапқан бар мүлкіңді тартып алады да+, өзіңді жалаңаш қалдырады. Сонда сенің масқара азғындығың да, сорақылығың мен жезөкшелігің де мәлім болады+. 30  Өйткені сен жезөкше сияқты, басқа халықтардың соңынан қалмай+, өзіңді солардың жеркенішті пұттарымен арамдадың+. 31  Сен әпкеңнің жолына түстің+, сол үшін қолыңа соның тостағанын ұстатамын+. 32  Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Сен әпкеңнің тостағанынан, ішіне көп сыятын шұңғыл да үлкен тостағаннан ішесің+. Сөйтіп, баршаға келеке-мазақ боласың+. 33  Сен әпкең Самарияның тостағанынан тойғанша ішіп мас болып, қайғы-қасірет шегесің. Қаңырап бос қалған күйіңді көрген жұрт шошынатын болады. 34  Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Сен сол тостағаннан ішіп тауысасың+, оның сынықтарын кеміресің, кеудеңді жұлып тастайсың. Себебі мұны мен айтып отырмын. 35  Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мені ұмытып, мүлдем елемей қойғаның үшін+ сен сорақы қылықтарың мен жезөкшелігіңнің зардабын тартасың”. 36  Бұдан кейін Ехоба маған былай деді: “Адам ұлы, сен Охола мен Охолибаға+ шығарылған үкімді жариялап, жеркенішті істерін әшкерелейсің бе? 37  Өйткені олар неке адалдығын бұзды+, қолдарын да қанға малды. Олар жеркенішті пұттармен неке адалдығын бұзып қана қойған жоқ, маған туып берген ұлдарын сол пұттарына тамақ болсын деп, отқа жақты+. 38  Бұған қоса, дәл осыларды істеген күні менің ғибадатханамды және Демалыс күнімді арамдайтын. 39  Жеркенішті пұттарына өз ұлдарын құрбандыққа шалған+ күні менің ғибадатханамды арамдауға келетін+. Олар менің үйімде осылай істейтін. 40  Мұнысымен қоймай, хабаршы жіберіп, алыстан еркектер шақыртатын+. Ал олар келгенде, ей, Охолиба, сен жуынып-шайынып, көзіңді бояп, әшекейлеріңді тағынып отыратынсың+. 41  Керемет әдемі төсекке жайғасып+, алдына дастарқан жайып+, үстіне менің хош иісті заттарым+ мен майымды қоятынсың+. 42  Сол жерде еріккен еркектердің дабырлаған даусы естілетін, араларында шөл даладан шақырылған маскүнемдер де бар еді. Олар осы апалы-сіңлілі екі әйелдің қолдарына білезік, бастарына әдемі тәж кигізетін. 43  Сонда мен неке адалдығын бұзудан әбден азып-тозған сол әйел туралы: —Ол бәрібір жезөкшелігін қоймайды,— дедім. 44  Олар жезөкше әйелге келгендей оған келе беретін. Сорақылық жасауға құныққан сол екі әйелге, Охола мен Охолибаға, олар осылай келетін. 45  Бірақ әділетті кісілер оған неке адалдығын бұзушы әрі қанішер+ әйелге лайық үкім шығарады+. Өйткені ол екеуі — неке адалдығын бұзушы, әрі қолдары қанға малынған+. 46  Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Оларға қарсы қалың қол аттанады да, талан-тараж етіп, адам шошырлық күйге түсіреді+. 47  Жау оларға тас атқылап+, семсермен шауып өлтіреді. Ұл-қыздарын да қырып+, үйлерін өртеп жібереді+. 48  Осылай мен сенің бұл елдегі сорақы қылықтарыңды тыямын. Сонда бұл әйел атаулыға сабақ болып, олар сенің сорақы қылықтарыңа еліктемейтін болады+. 49  Жау сорақы қылықтарың мен жеркенішті пұттармен жасаған күнәларыңның зардабын тартқызады. Сол кезде сен менің Әлемнің Әміршісі Ехоба екенімді білетін боласың+”.

Сілтемелер

Мағынасы “менің шатырым оның ішінде”.
Мағынасы “оның шатыры”.