Езекиел 30:1—26

  • Мысыр туралы пайғамбарлық (1—19)

    • Навуходоносордың шабуылдайтыны алдын ала айтылды (10)

  • Перғауын күшінен айырылады (20—26)

30  Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді:  “Адам ұлы, пайғамбарлық етіп, хабарымды жеткіз! Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Қасіретке қалдық, сол күн келіп қалды!— деп зар жылаңдар!   Өйткені сол күн жақындап қалды, иә, Ехобаның күні жақын+! Бұл қара бұлт төнетін+, халықтар сотталатын күн болмақ+.   Мысырдың басына семсер үйіріледі. Онда көп адам қырылып, байлығы талан-таражға салынып,Іргетасы тас-талқан болғанда+, Эфиопия әбігерге түседі.   Эфиопия+, Пут+, Луд, көп ұлтты топтар,Хуб, сондай-ақ келісім жасасқан елдің ұлдары* — бәрі де семсерден өледі.   Ехоба былай дейді: —Мысырды қолдайтындар да жер құшады,Оның асқақ құдіреті болса құрып кетеді+. Олар Миғдолдан+ Сеуенеге+ дейін семсерден қырылады. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.  Мысыр ең елсіз жерге, ал қалалары ең бос қалаларға айналады+.  Мен Мысырға от қойып, одақтастарының бәрі күйрегенде, олар менің Ехоба екенімді білетін болады.  Сол күні мен өзіне сенімді Эфиопияның зәресін ұшыру үшін кемелермен хабаршылар жіберемін. Мысыр құлаған күні олар зәре-құты қалмай қорқады, бұл күн міндетті түрде келеді! 10  Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мен Мысырдың шулы тобырын Бабыл патшасы Навуходоносордың қолымен құртамын+. 11  Мысырды жою үшін әкелінетін оның өзі де, жасақтары да өзге халықтардың ішіндегі ең қатыгезі+. Олар семсерлерін қынабынан суырып, Мысыр елін өлікке толтырады+. 12  Мен Нілдің+ салаларын құрғатып, жерін зұлым адамдарға сатып жіберемін. Шетелдіктердің қолымен+ бүкіл ел мен ондағының бәрін құртып, оны бос қалдырамын. Мұны мен, Ехоба, айтып отырмын. 13  Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Мен жеркенішті пұттарды құртамын, Нофтың* түкке тұрғысыз тәңірлерін де жоямын+. Мысырда бұдан былай мысырлық бекзада болмайды. Мен бұл елге қорқыныш жайлатамын+. 14  Патросты+ қаңыратып бос қалдырамын, Зоғанға от қоямын, Но*+ қаласына шығарған үкімімді де жүзеге асырамын. 15  Мен Мысырдың берік қамалы Синге қаһарымды төгемін. Но тұрғындарын да жоқ қыламын. 16  Мысырға от қоямын, Синді үрей билейді, Ноның тас-талқаны шығады, Нофқа тал түсте шабуыл жасалады! 17  Он* мен Пибесеттің жігіттері семсерден қаза табады, ал халқы тұтқынға айдалады. 18  Мен Мысырдың мойынтұрығын* сындырғанда+, Техпанхестің басына қаралы күн туады. Ол асқан құдіретінен жұрдай болып+, үстіне қара бұлт төнеді. Қарамағындағы қалалардың тұрғындары болса тұтқынға айдалады+. 19  Осылай мен Мысырға шығарған үкімімді жүзеге асырамын. Сонда олар менің Ехоба екенімді білетін болады”. 20  Он бірінші жылдың бірінші айының жетінші күні Ехоба маған сөзін арнап былай деді: 21  “Адам ұлы, мен Мысыр патшасы перғауынның қолын сындырдым. Емдеу үшін оның қолын ешкім орамайды, семсер ұстай алатындай нығайту үшін ешкім таңбайды. 22  Сондықтан Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Біліп қойыңдар, мен Мысыр патшасы перғауынға қарсы шығып+, оның екі қолын, сау қолын да, сынған қолын да, сындырамын+. Осылай қолындағы семсерін түсіріп тастаймын+. 23  Бұдан кейін мысырлықтарды ел-елге, жер-жерге бытыратып жіберемін+. 24  Мен Бабыл патшасының қолдарын нығайтып+, оған өз семсерімді ұстатамын+. Ал перғауынның қолдарын сындырамын, сонда ол Бабыл патшасының алдында өлімші болып жараланған адамдай қатты ыңырситын болады. 25  Мен Бабыл патшасының қолдарын нығайтып, ал перғауынның қолдарын әлсіретемін. Семсерімді Бабыл патшасының қолына беріп, ол оны Мысыр еліне қарсы қолданғанда, олар менің Ехоба екенімді білетін болады+. 26  Мен мысырлықтарды ел-елге, жер-жерге бытыратып жіберемін+. Сонда олар менің Ехоба екенімді білетін болады”.

Сілтемелер

Мысырмен одақтасқан исраилдіктер жөнінде айтылып тұрса керек.
Немесе “Мемфистің”.
Яғни Тебес.
Яғни Гелиополис.