Езекиел 31:1—18

  • Биік қарағай іспетті Мысыр құлады (1—18)

31  Он бірінші жылдың үшінші айының бірінші күні Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді:  “Адам ұлы, Мысыр патшасы перғауын мен оның шулы тобырына мынаны айт+: —Сенің ұлылығыңа кім тең келеді?   Сен ассириялыққа ұқсайсың,Бұтақтары әдемі де саялы,Ұшар басы бұлттарға дейін жететін биік Ливан қарағайына ұқсайсың.   Ол сулардың арқасында үлкен, тереңдегі су көздерінің арқасында биік болып өсті. Оның отырғызылған жерінде айнала өзендер ағып,Салаларын дала ағаштарының бәріне бағыттады.   Сондықтан ол басқа ағаштардан биік болып өсті. Айналасындағы өзендердің суы мол болғандықтан,Оның өркендері көбейіп, бұтақтары ұзара берді.   Әуеде ұшқан құстардың бәрі оның бұтақтарына ұя салды,Жабайы аңдар келіп, соның саясында балалады. Үлкен халықтардың бәрі оның көлеңкесіне қоныс тепті.   Осылай ол өте көрікті, ал бұтақтары аса ұзын болды,Өйткені тамырлары тереңдегі мол суларға дейін жететін.   Құдайдың бағындағы+ қарағайлардың ешқайсысы оған тең келмейтін. Аршалардың өркендері онікімен салыстыруға келмейтін. Шынар ағашының бұтақтары да теңесе алмайтын. Құдай бағында оның көркіне тең келер ағаш жоқ еді.   Мен оған жапырағы қалың бұтақтар беріп, көрікті еттім. Шынайы Құдайдың бағы Едемдегі ағаштардың бәрі оған қызығатын. 10  Ал енді Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Ол ұшар басы бұлттарға жетерліктей биік болып өсіп, сол биіктігін бұлдап, жүрегіне тәкаппарлық ұялатты. 11  Сол үшін мен оны халықтардың бір құдіретті билеушісінің қолына беремін де+, сол билеуші оған қарсы шығады. Осылай зұлымдығы үшін мен одан бас тартамын. 12  Халықтар арасындағы ең қатыгез шетелдіктер оны шауып, тау басына тастап кетеді. Оның жапырақтары далада, ал сынған бұтақтары сай-салаларда шашылып жатады+. Жержүзінің адамдары оның саясын тастап, көшіп кетеді. 13  Құлап жатқан діңіне құстар қонып, жапырылып жатқан бұтақтарына жабайы аңдар келіп тұрақтайды+. 14  Мен мұны су жағасындағы ешбір ағаш ұшар басы бұлттарға жететіндей биік болып өспесін, молынан суарылатын ешбір ағаш бұлттарға жетпесін деп істеймін. Олардың бәрі де өлім құшады, орға* түскелі жатқан адамдармен бірге жер астына кіреді. 15  Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Ол көрге* түскен күні жұрт оны жоқтап қайғыратындай етемін. Сол қарағай үшін ағыл-тегіл ағып жатқан суды тоқтатамын, тереңдегі су көздерін жауып, олардың салаларын бітеп тастаймын. Сол үшін Ливанды түнекке батырамын, әрі сол үшін дала ағаштарының бәрі қурап қалады. 16  Оны орға түскелі жатқандармен бірге көрге* тастағанымда, құлағандағы шуынан халықтар шайқалады. Ал Едем ағаштарының бәрі+, Ливанның таңдаулы әрі ең жақсылары, молынан суарылатын ағаштардың бәрі жер астында жұбаныш табады. 17  Бұлар да сол қарағаймен бірге көрге*, семсерден қаза тапқандардың қасына түсті+. Иә, олар қарағайдың саясындағы халықтар арасында өмір сүрген оның қолдаушыларымен бірге сонда түсті+. 18  Едем ағаштарының қайсысының салтанаты мен ұлылығы саған тең келген еді+? Бірақ сен міндетті түрде сол ағаштармен бірге жер астына тасталасың. Сен семсерден қаза тапқан сүндеттелмегендердің қасында жатасың. Перғауын мен оның шулы тобырымен осылай болады. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба”.

Сілтемелер

Немесе “көрге”.
Еврейше “шеол”. Түсіндірмені қараңыз.
Еврейше “шеол”. Түсіндірмені қараңыз.
Еврейше “шеол”. Түсіндірмені қараңыз.